Өткен сенбіде Үндістанда 400 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұған дейін мұндай жағдай әлемнің ешбір мемлекетінде кездеспеген еді.
Осылайша, пандемия басталғалы бері Үндістандағы науқастар саны 19 миллионнан асып жығылды. Айта кетерлігі, оныншы күн қатарынан қауіпті дерттің тырнағына ілінгендер саны 300 мыңнан асып түсті.
Бұдан бөлек сенбіде елде 4 мыңға жуық адам қаза тапса, жалпы көз жұмғандар саны 215 мыңға жуықтады.
Қазірге дейін Үндістанда 154 миллион адамға ғана вакцина салынған. 27 миллион тұрғын екпенің екінші дозасын алыпты. Бұл – жалпы халықтың 2,1 пайызын құрайды. Өздеріңізге мәлім, елде 1,3 миллиард адам мекендейді.
Жалпы, ел билігі вакцина салуды биылғы 16 қаңтарда бастаған еді. Өткен аптадан бастап 18 жастан асқандардың бәріне екпе ектіру міндетті болмақ.
Делиде 19 сәуірде енгізілген локдаун тағы да ұзартылды. Негізі алғашқы карантиндік шаралар 26 сәуірде аяқталуы тиіс еді. Қала әкімшілігі эпидемиялық ахуалды ескере келе, локдаунды 10 мамырға дейін ұзартуға шешім қабылдады.
Кей мәліметтерге сүйенсек, Үндістанда вакцина қоры таусыла бастаған. Осыған байланысты, таяуда ел билігі Ресейден Спутник V вакцинасының 150 мың дозасын алдыртты. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ариндам Багчидің айтуынша, алдағы уақытта Ресейден миллиондаған доза вакцина әкелінбек.
«Жығылғанға – жұдырық» демекші, өткен аптада коронавируспен ауырғандар емделіп жатқан ауруханада өрт шығып, 18 адам отқа оранды.