Көне Тараз шаһарын қақ жарып, Талас өзені ағып жатыр. Ежелден Тараз бен Талас бірге аталады. Ел арасында «Қаратаудың құшағында қырық бұлақ бар болса, Талас өзенінің қырық сағасы бар», деген сөз бар. Атақты Майкөт ақын Құлмамбет ақынмен айтысында да Талас өзенін жырға қосады. Жалпы, аталған өзеннің тарихы тым әріден бастау алады десек те болады.
Мәселен, ертеде Тараз сұлуларын жырға қосқан ұлы шығыс шайырлары да осы Талас туралы тебіренбей жаза алмаған. Ғашықтық ғазалдарына қосып өрген Таластың тұмса табиғаты, тұнық жаратылысы сөзбен салынған сурет болып тұнып тұр.
Кезінде табиғаттың осы бір байлығын тиімді пайдалану керектігі жиі айтылатын. Шындығына келгенде, Талас өзені ағып жатқан аумақтың өзі де тамылжып, барлық сұлулыққа сұранып тұр. Алдында Тараз аумағындағы «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешенін жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл да осы Талас өзенінің аумағында орналасқан. Енді аталған кешенді жаңғыртудың үшінші кезеңі де жүзеге аса бастады. Талас өзенінің бойында қала тұрғындарының тынығуына арналған жағалау жұмыстары да бұл күнде аяқталған. Аталған жағалаудың ұзындығы 423 метрді құрайды. Сонымен қатар, мұнда жайлы орындықтар орнатылған. Жұмыс барысында табиғи ландшафт барынша сақталған. Ал қолдан жасалған құздардан сарқырап аққан сарқырама көрер көзге әдемі әсер сыйлайды. Оған су арнайы қазылған құдықтардан құйылып жатыр. Енді Талас өзенінің қарама-қарсы жағалауын абаттандыру жобасы да дайын тұр екен. Көп ұзамай ол да іске асатын болады.
Жамбыл облысы