• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Саясат 06 Мамыр, 2021

Сервистік модельдің мүмкіндігі мен ерекшелігі

810 рет
көрсетілді

ІІМ әр аймақта жыл сайын кем дегенде 78 учаскелік полиция бекетін ашуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде «Полицияның сервистік моделін енгізу» тақырыбы аясында онлайн режімде өткен брифинг барысында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлімдеді.

«Егер осы іс толықтай қолға алынса, алдағы бес жылда бұл мамандық иелеріне деген сұраныс азаяды. Алайда ол үшін ең бірін­ші әкімдіктердің қолдауы қажет әрі жергілікті бюджеттердің мүм­кін­діктеріне де қараймыз», дейді министрлік өкілі.

Қазіргі таңда еліміз бойынша 3 мыңға жуық учаскелік полиция бекеті жұмыс істейтін болса, оның 700-ге жуығы қалаларда, ал 2 мың­нан астамы ауыл-аймақтарда орналасқан. Министрліктің жос­пары бойынша жылына 35 арнайы мобильді бекет ашу да қолға алын­ған үлкен бастаманың бірі. «Бұл мақсатта ІІМ әрбір өңірлік әкіммен ынтымақтастық туралы тиісті меморандум жасасып, бірқатар аймақта бұл жоспар нақты жүзеге асырылып та келеді. Мәселен биыл Ақтөбе өңірінде – 5, Солтүстік Қазақстан облысында 2 стационарлық полиция бекеті пайдалануға берілді», дейді бұл жөнінде А.Милюк.

Полицияның сервистік моде­лін енгізудің басты ерекшелігі штат пен полиция құрылымын оңтай­лан­дыруға қатысты. Тәртіп сақшы­ларының әлеуметтік жағдайын жақсарту, полиция қызметін баға­лаудың жаңа критерийлерін енгізу және ведомстволық білім беруді жаңғырту – міне, халықпен жұмыс істеудің жаңа форматтарын талап ететін модельдің басты көздегені осылар. «Ал ұлттық сервистік модель­ді дамытудағы үш негізгі бағыт­ты бөліп көрсетуге болады, дейді ведомство қызметкері. – Бірін­шісі – қарапайым халық пен поли­цияның байланысын барынша же­ңілдету, азаматтардың хабарла­маларына жедел әрекет етуге ба­ғытталған қадамдық қолжетімділік. Екіншісі – қауіп-қатерлерді уақтылы жою, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Үшіншісі – халықпен тығыз серіктестік орнату. Себебі қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәсе­лелері көбіне-көп өңірлерде өзек­тілігін жоймай келеді».

Алайда бір жайтты айта кетуіміз керек. Елордада қанатқақты жобаны жүзеге асыру аясында 2 мыңнан астам тұрғын арасында әлеуметтік сауалдама жүргізілген. Сауалдама кезінде сұрақтарға жауап берген нұрсұлтандықтардың жартысына жуығы, яғни 46 пайызы өздерінің учаскелік полиция инспекторларын танымайтын болып шыққан. Респонденттердің тек 2 пайызы учаскелік бекеттің немесе полиция бөлімінің орналасқан жері туралы білсе, қала тұрғындарының жартысынан астамы кез келген құқық бұзушылық кезінде бұрынғыдай 102 нөмірін теретіндіктерін жасыр­маған.

«Дәл осы жағдай екінші бір мәсе­лені туындатып отыр», дейді А.Милюк. Оның мәлімдеуін­ше, қазіргі таңда полиция департамент­теріндегі жедел басқару орталық­тарының жүктемесі шамадан тыс асып кеткен. Мәселен, астаналық ЖБО операторлары күніне 2,5 мыңға дейін қоңырау қабылдайтын болса, бұл хабарламалардың шамамен 40 пайызы полицияның құзыретіне жатпайтын өтініштер. «Егер әрбір учаскелік полиция қызметкері өзіне тиесілі аумақтағы тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста болса, жедел басқару орталықтарының жүктемесін кем дегенде екі есеге азайтуға болар еді», деген спикер учаскелік полиция қызметкерлеріне ПИК чаттары арқылы тікелей байланысқа шығуға болатынын да ескертіп өтті. Сауалдама қорытындысы бойынша 49 пайыз халық полиция қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмайтындықтарын айтса, 51-і кәсібиліктерін жоғары бағалаған.

«Сервистік модель – бұл қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді шешуде полиция мен қоғамның тізе қосып қызмет жасауы деген сөз. Алай­да шетелдік тәжірибе бұл модель­дің барлық мемлекеттерге келе бер­мейтінін көрсетіп отыр. Сол себепті біз полицияның сервистік моде­лін өз елімізде енгізу барысын­да ұлттық мәдениет пен мента­литетті, заңнаманы, география мен ресурстық мүмкіндіктерді ескеретін боламыз», деп атап өтті А.Милюк.