Алматы қаласының полиция департаменті бастығының тергеу жұмыстары бойынша орынбасары Рустам Әбдірахаманов Facebookтегі парақшасында қалада 15 жастағы қызды мас жүргізуші қағып кеткені туралы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«4 мамыр күні сағат 22:10-да 1982 жылғы А. есімді азамат мас күйде «Ауди А6» автокөлігімен Іле даңғылы бойындағы №286 ғимаратқа қарама-қарсы көлік жүретін жолдың ортасында тұрған 2006 жылы туған кәмелеттік жасқа толмаған Д.-ны басып кетті», деп жазды Рустам Әбдірахманов.
Жүргізуші оқиға орнынан жасырынбақ болғанымен, оны полицейлер ізін суытпай ұстайды.
«Қыз медициналық мекемеге жеткізілді. Өкінішке орай, алған жарақатынан есін жимай көз жұмды. Айыптыға қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы (ҚР ҚК 345-1-бабы 3-тармағы және ҚР ҚК 347-бабы) бойынша соталды тергеу басталды», деді ол.