• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 07 Мамыр, 2021

«Тұмардың» жеңімпаздары анықталды

1148 рет
көрсетілді

«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі қорытындыланды. Елорда төрінде жүзден жүйрік шыққан журналистерді марапаттауға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қатысты.

Биыл бесінші рет өткізіліп отырған додаға тележурналистерден 250 өтініш келіп түскен. Олардың арасынан 10 аталым бойынша 40 жұмыс іріктеліп алынды. Байқауға қатысқан жұмыстардың 88-і қазақ тілінде, 162-сі орыс ті­лінде. Жеңімпаздар қазылардың жа­бық дауыс беруі арқылы анықталды.

Ең көп өтінім «Үздік деректі фильм» аталымы бойынша келіп түсті. 42 журналист жұмысын ұсын­ған. «Үздік тележурналист» ата­лымы бойынша 40, «Үздік теле­жүргізуші» аталымы бойынша 38 және «Үздік режиссерлік жұ­мыс» аталымы бойынша 31 жұмыс байқауға қатысты.

«Биыл бесінші рет өтіп отырған бұл жоба – жүзден жүйрік шыққан жаңа есімдерді жыл сайын жария­лап, жалынды тұлғалар мен тың бастамалардың жасампаз жолына айналды! Сөз жоқ, бүгінгі телевизия – тек ақпараттың көзі ғана емес. Бұл – ұлттық идеология мен тәлім-тәрбиенің құралы. Ал енді, осынау стратегиялық маңызы зор саланың барын баптап, жоғын жоқтап жүрген – мына өздеріңіз!» деді салтанатты іс-шараның шы­мыл­дығын ашқан Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, биыл­ғы бәйге ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы ая­сын­да өтуде. «Осы 30 жыл ішінде ел дамуымен бірге ұлт­тық БАҚ, со­ның ішінде телеви­зия саласы үлкен өзге­ріс­терден өтті. Қарқынды дамып, нәтижелі биік­терді бағындырды. Өткен 2020 жыл еліміз үшін үлкен сынақ жы­лы бол­­ды. Әлемдік пандемия бастал­ған­да – тіл­шілер қауымы, соның ішін­де тележурналистер қауіп-қа­тер­­ге қарамай алғы шептен кө­рінді. Күн-түн демей жұмыс істеп, ха­лық­­қа шынайы ақпарат жеткізді», деді ол.

Министр өткен жылы телеаудитория өсімі 22 пайызды құрағанын, отандық телевизиялық өнімге сұраныстың арт­қанын айтты. Әлемдік жетекші медиаком­паниялармен халықаралық ынты­мақ­тастық нығайтылып, қазақстандық өнім­­дерді шетелдерде ілгерілету жұмы­сы жандандырылғанын атап өтті. Соны­мен қатар Ресей, Түркия, Өзбек­стан, Қыр­ғызстан телекомпаниялар­мен бірлескен телевизиялық өнім шы­ғару бойынша уағдаластыққа қол жеткі­зілгеніне назар аударды. «Әрине, бұл – осы бір жылда атқарылған көп жұ­мыстың азғантай бөлігі ғана. Оның бәрін қазір тізіп айту мүмкін емес. Ең бастысы – болашақ бағдарымыз анық, жоспарымыз айқын. Өкінішке қарай, қоғам әлі де әлемдік пандемияның ықпалында. Сондықтан «Тұмар» сыйлығы биыл 2-мәрте онлайн форматта өтіп отыр. Биыл 48 отандық телевизия өкіліне «Тұмар» бәйгесінің сыйлығы табысталады. Оның арасында танымал режиссерлер мен журналистер, кәсіби операторлар мен сценаристер бар. Сөз жоқ, олардың атқарған жұмысы мен жобалары отандық телевизияның бәсе­кеге қабілетін арттырып, кәсіби дең­гейге, жаңа биікке көтереді деп сенеміз», деді ол.

Аида Балаева сөз соңында барша қазақстандықтарды 7 мамыр – Отан қор­ғаушы күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. «Әрине, Отан қорғау ұғымының мағынасы терең. Шүкір, бүгінде тыныш заман, берекелі өмір кешудеміз. Десе де, бейбіт заманның да өз сынақтары мен міндеті бар. Осы ортақ мақсат жолында қиындықтарды бірге еңсеріп, жетістіктерге бірге же­тейік», деді министр.

Ал байқау қорытындысы бо­йынша, Atameken Business теле­арнасының журналисі Руслан Ыды­рысов «Үздік тележурналист», «КТК» телеарнасының қызметкері Ка­мила Жүсіпова «Үздік теле­жүр­гізуші» атанды.

«НТК» телеарнасы дайындаған JOL деректі фильмі «Үздік режис­серлік жұмыс» аталымы бойынша үздік деп танылды. Qazaqstan ұлт­тық арнасынан көрсе­тілетін «Те­ледәрігер» бағдарламасы «Үз­дік әлеуметтік жоба», Astana TV те­­ле­арнасының Aitarym bar бағдар­ламасы «Үздік ток-шоу» аталымдарын жеңіп алды.

«Үздік деректі фильм» аталымы «Нығ­мет Нұрмақов. Төртінші Пре­мьер-Министр» фильмі үшін «Са­рыарқа» телеарнасына бұйырды.

«Үздік ойын-сауық бағдар­ламасы» ретінде Qazaqstan ұлт­тық теле­арна­сының «Жүзден жүй­рік» бағдар­ламасы танылды. Ал  «Хабар» телеарнасы дайын­даған «Абай жолы» «Үздік теле­визиялық сериал» ретінде таңдалды. «Үз­дік ақ­параттық бағдарлама» аталы­­мы «Еуразия» бірінші арнасы­ның» қан­жығасында. Ал «Үздік аймақ­тық телеарна» ретінде Павлодар қа­ла­лық «Ирбис TV» арнасы таң­далды.

Сонымен қатар Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Аида Ба­лаева «Ха­бар 24» арнасына «Тұ­мар» ұлттық теле­визиялық бәйге­сінің арнайы сыйлығын табыстады. «Бұл сыйлықты мен өте үлкен қуанышпен жариялаймын. Себебі тәу­лік бойы, карантин кезінде де, қазір де бұл арна елге үздіксіз ақпа­рат таратып келеді. Ал төтенше жағ­дай кезеңінде «Хабар 24» ел ішін­де 384 сағат, шетелде 19 сағат тіке­лей қосылым жасапты. Мұның бар­лығы – үлкен ұжымның тынымсыз еңбегінің арқасы», деді Аида Балаева.

Байқау жеңімпаздары қазақ­стандық телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақыға және «Тұмар» мүсіншесіне ие болды.