Мен Кеңес армиясының соңғы Бүкілодақтық офицерлер жиналысының қатысушысы болдым. Ол кезде қиын да қауіпті жағдай туындады: Кеңес Одағы жоқ, бірақ Кеңес әскері бар. Бұл жиында бұдан әрі не болатынын ешкім нақты айта алмады. Ядролық қаруы бар әскерді кім басқаратыны белгісіз еді. КСРО-ның соңғы Қорғаныс министрі Е.Шапошников тығырыққа тірелді.
Жиналысқа қатысушылар көкейкесті мәселелердің шешімін таба алмай, ТМД елдерінің президенттерінен қалыптасқан жағдай бойынша түсініктеме беруді талап етті. Кремльдегі съездер сарайында біз, бес мың генерал мен полковник жиналып, оларды ұзақ күттік. Кеңес Әскері мен оның қару-жарағын не күтіп тұрғанын білу бәріміз үшін өте маңызды болды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тарих қалай жасалды?» арнайы тележобасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен барып жағдайды түсіндіріп, оларды тыныштыққа шақыру керек деп айттым», деген сөздерін еске алды. Украина Президенті: «Жоқ, бармаймын», деді. Жағдай қиындай бастады. Н. Назарбаев пен Б. Ельцин Сарайға келгенде залдың іші әскери адамдарға толы еді. Президиумда үш адам отырды. Е.Шапошников жиналысты жалғастыруға тырысты, бірақ оны ешкім тыңдамады. Соңында ол президиумнан шығып кетті.
Тек көп жыл өткен соң ғана оның дәрменсіздігін түсінуге болатын еді. Қорғаныс министрі генералдарын тастап, залдан шығып кетті. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы оны қуып жетіп, орнына қайтарды. Барлығы Борис Ельцин сөз сөйлейді деп күтті. Алайда мінберге Нұрсұлтан Назарбаев көтеріліп, дәлелді сөз сөйлеп, егжей-тегжейлі түсініктеме берді. Сонда мен Елбасыны алғаш рет көрдім. Мені ерекше қуаныш сезімі баурап алды. Туындаған жағдайды қайта зерделей отырып, біз оның өте қауіпті болғанын түсінеміз: ядролық қару – иесіз, әскер – Бас қолбасшысыз қалған еді. Менің ойымша, сол кезде бүкіл әлем дүр сілкінді.
Жаңа мемлекет құру және реформалар жүргізу үшін сенімді әскери жүйе қалыптастыру қажет болды. Сондықтан, тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекет маңызды міндеттердің бірі ретінде елдің егемендігін, аумақтық тұтастығын, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қорғауға қабілетті әскер құруға ерекше назар аударды. Бұл бағыт әрдайым Елбасының ерекше назарында болды.
Мен сол уақыттағы қиыншылықтардың барлығын тізіп айтпасам да, сөзім дәйекті болуы үшін олардың бірнешеуін атап өтейін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әскери басшылықтың көптеген өкілі Қазақстаннан өздерінің тарихи Отанына кетті, ал кәсіби білікті мамандарымыз арамызда аз қалды. Мен Түрікменстандағы әскери қызметімде жүргенімде бірнеше рет өз Отаныма ауысуды өтіндім, бірақ маған лауазым табылмады. Ақыры, бағымызға орай, ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Отанынан жырақта жүрген қазақ әскерилерін шұғыл жинау туралы тапсырма берді. Соның арқасында мен 1992 жылы Қазақстанға оралдым.
Қазақстанның дербес әскерін құру жылдары өте күрделі кезең болды. 1992 жылғы 8 мамырда маған қоңырау шалынып, Алматыдағы резиденцияға шұғыл шақырту алдым. Мен ол кезде корпус командирі едім, резиденцияға келсем, сол жерге С.Нұрмағамбетов менен бұрын жеткен екен. «Сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп жеттім» деп баяндадым. Біз мұнда Президенттің бұйрығы бойынша шақырылдық деді ол. Біз не болып жатқанын түсінбей, елу минуттай күтіп отырдық. Бір сағаттан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы шығып: «Енді ТМД-ның біріккен ортақ әскері жоқ. Ресей Президенті Борис Ельцин Ресей Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды», деді. Содан кейін Қазақстан Президенті біздің көз алдымызда «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы сәттен бастап Кеңес Одағының орасан зор әскері құрдымға кетті және өз әскеріміздің тарихы басталды.
Елбасы Қазақстан Респуб- ликасының Қорғаныс министрі етіп Сағадат Нұрмағамбетовті тағайындады және оған генерал-полковник атағын берді. Қазақстанда қорғаныс саласының құқықтық негізі қаланды. Сонымен қатар әскери салада жедел шешуді талап ететін көптеген өзекті мәселе болды. Ыдыраған КСРО құрамынан өз әскерлерімізді шығару және Қазақстанның юрисдикциясына ауыстыру жағдайында әскерлердің жауынгерлік әзірлігін төмендетуге жол бермей, қару-жарақтың, әскери техниканың, материалдық құралдар мен базалардың сақталуын қамтамасыз ету міндеті өткір тұрды.
Әуелі мен корпус командирі болып тағайындалдым. Арада біраз уақыттан өткеннен кейін Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов әбден тозығы жетіп тұрған Әскери әуе күштерін басқаруды ұсынды. Сағадат Қожахметұлының ұсынысынан мен бірнеше рет бас тарттым, бірақ кейін Елбасының өзі шақырып алып, осы жауапты жұмысты маған жүктеді.
Дербес әскери құрылыс тәжірибесінің жоқтығына және өтпелі кезеңнің қиындығына қарамастан, Жоғарғы Бас қолбасшының тікелей басшылығымен біз қысқа мерзім ішінде өзіміздің Қарулы Күштерімізді құра алдық. Бұл – тәуелсіздік шежіресіне жазылған тарихи ақиқат.
Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,
мемлекеттік және әскери қайраткер, Халық Қаһарманы, армия генералы
«ҚазАқпарат» ХАА» АҚ «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» жобасынан алынды.