• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Оқиға 07 Мамыр, 2021

Әскери инженерлер ұстаханасы

364 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қазан айында Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жылы» деп жариялағаны және тарих беттерінде жазылып қалатын бұл маңызды оқиғаның мемлекетіміздің өткенін саралап, болашаққа мол сенім мен салмақты бағдар беретіні анық. Тарихи тұрғыдан қарағанда, 30 жыл көп уақыт емес, дегенмен осы жылдар аралығында мемлекетіміз аяғынан нық тұрып, әлемдік деңгейде өз орнын анықтады, халықаралық деңгейде шекарасын айқындап, жаһандық дамудың жаңа жолына түсті.

Егемендік алған алғашқы жылдарда ұлтымыз тарих толқынында талай қиындықты бастан кешірді. Алайда сын сағаттарда болашақ ұрпақ қамы үшін жүзеге асырылуы тиіс күрделі мәселелер орындалды. Мемлекетіміздің егемен ел ретінде қалыптасуы мен дамуында, қорғаныс қабілетінің нығаюында, заманға сай қазақстандық армияны құру арқылы ұлттық қауіпсіздікті айқындауда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындаған бірінші Қорғаныс ми­нистріміз армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің кәсібилігінің арқасында тәуелсіздігіміздің басты тірегі Қарулы Күштері мен әскери оқу орындарының қуатты жүйесі құрылды, әскери кадрларды даярлау міндеті шешілді. 

1995 жылы әскери кадрлар мәсе­лесін шешу бағытында Азаматтық авиация академиясының жанынан әскери факультет ашуға шешім қа­был­данды. 2001 жылы 15 қазанда Қазақстан Үкіметінің № 1330 қау­лысымен Азаматтық авиация академиясы жанындағы әскери факультет Орта Азия мемлекеттері арасындағы радиоэлектроника және байланыс инженерлерін даярлайтын бірден-бір оқу орны – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты болып құрылды. Биыл институтымыз айтулы кезең 20 жылдық мерейлі мерекесін атап өткелі отыр.

Осы жылдар аралығында оқу орны заман талабына сай даму жо­лында елеулі жетістіктерге қол жет­кізді. Институттың алғаш құрыл­ған жыл­дары 4 мамандық бойынша әс­кери мамандар даярланса, қазіргі таң­да еліміздің әскери саласын қа­зір­гі заманға сай мамандықтармен жабдықтау мақсатында 9 мамандық бойынша  жас офицерлер ел Қарулы Күштерінің қатарын толықтырып келеді. Оқу орнын бүгінге дейін 2148 түлек бітірсе, оның же­теуі Ұжымдық қауіпсіздік шар­ты ұйы­мының қолдауымен көр­шілес Қыр­ғыз Республикасынан қабыл­данған білім алушылар еді.

Болашақ офицерлердің сапалы білім алуы мен кәсіби саладағы шеберліктерін шыңдау жолында қыз­мет етіп келе жатқан үздік про­фессор­лық-оқытушылар құрамының еңбегі зор. Оқу орнында 4 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы, 140 магистр мамандар білім беруде.

Институтымызда курсанттардың ин­новациялық жаңашалану бағы­тында, заманауи деңгейде білім алуы үшін барлық жағдай жасалынуда және мемлекет тарапынан білім сапасын арттыруға басты назар ауда­рылуда. Парламент депутат­тары Дариға Назарбаева, Абай Тасболатов, Бақытбек Смағұл сияқты тұл­ғалардың оқу орнымыздағы про­фессорлық-оқытушылар құрамы және курсанттармен кездесу өткізуі со­ның айғағы. Кездесу барысында инс­титуттың оқу материалдық базасы, оқу орталығындағы тәжірибелік сабақ­тар жүргізуге арналған әскери техникалар, қару-жарақтар жағдайы қаралды.

Қазақстан Республикасы білім беру саласында 2010 жылы 11 нау­­рызда Болондық оқу үдерісін қа­былдады, ал әскери салаға бұл үдеріс 2016 жылдан бастап енгізілді, яғни қа­зіргі уақытта институтта білім бе­ру осы жүйеде жүргізілуде. Білім беру­дің аталған жүйесінің өзіндік ар­тық­шылықтары сол бүгінде әскери кадрлардың жан жақты терең білім алуы және білім саласындағы озық тәжірибелерді игеру  мақсатында  2018 жылы 21 тамыздағы №150-1/18 келісім бойынша Алматы қа­ласындағы Ақпараттық технология­лар халықаралық  университеті мен РЭжБӘИИ арасында арнайы ме­морандумға қол қойылып, бүгінде ол сәтті жүзеге асырылуда. Қазіргі таң­да әлемдік деңгейде сұранысқа ие болып отырған киберқауіпсіздік мамандығы бойынша институт кур­санттары біздің институттағы әс­кери біліммен қатар, әскери істегі ки­берқауіпсіздік мамандығында атал­ған оқу орнында білімдерін ұштастыруда.

Институт курсанттары ТМД ел­деріндегі әскери жоғары оқу орындары арасында өткізілген математика пәні бойынша ІІІ және ІV Халықаралық олимпиадаларға қатысып екі жыл қатарынан олимпиада көшбасшыларының қатарында жүлделі орынды иеленді. РЭжБӘИИ командасы информатика, шет  тілдері және әскери тарих пәндері бойынша өткізілген білім сайыстарында Қазақстан Республикасының намысын қорғап жоғары марапаттарға ие болды, сонымен бірге институт жеке құрамы Халықаралық «Кадекс» қару жарақ пен әскери тех­ника көрмелерінің жұмыстарына қатысты.

Білім ордасында ғылыми зерттеу жұмыстарына да басты назар аударылған, мемлекетіміздегі же­текші жоғары оқу орындары, ғы­лыми техникалық бағытта ғылыми мекеме­лермен тығыз ынтымақтастық ор­натылған. Профессорлық-оқыту­шылар құрамы мен курсанттар әске­ри техникалар, қару-жарақтарды же­тілдіру бойынша бірнеше грант және мақсатты бағдарламалы қар­жыландыру шеңберіндегі  ғылыми жобаларға қатысуда. Институт кур­санттарының шығармашылық, зият­керлік қабілеттерін дамыту бағы­тында Әскери радиоэлектроника және техника кафедрасының профессорлық оқытушылары же­тек­шілігімен робототехника үйір­месі ұйымдастырылған. Үйірме жұ­мысының нәтижесінде 2019 жылы Республикалық деңгейде өткізілген робототехника байқауында курсанттар жүлделі орынға ие болды.

Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі ұшқышсыз ұшу құралдарымен күрес жүргізу болса, институттың кур­санттары мен оқытушыларының нақ­ты жағдайға байланысты қар­сыластың дрондық құралдарын жою­ға бағытталған бірлескен ұжымдық жұ­мысы үлкен жетістік.

Институтта «РЭжБӘИИ ғылыми ең­бектері» әскери техникалық журналы жүйелі шығарылып келеді және онда әскери саладағы алыс жақын шет ел ғалымдарының да ең­бектері жарияланып отырады. «РЭжБӘИИ ғылыми еңбектері»  журналы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым са­ласындағы бақылау комитетінің 2019 жылдың 2 қазанындағы № 689  бұй­­рығымен ғылыми қызметтің негіз­гі нәтижелерін жариялау үшін комитет ұсынатын баспалар тіз­бесіне қосылды.

Тәжірибелі профессорлық оқыту­шылар құрамының жетекшілігімен курсанттар әскери қоғам жұмыс­тарына, ғылыми зерттеу­лер, ғылыми мақалалар жазу, ғылы­ми теориялық конференциялар жұмыс­тарына белсенді түрде қатысып  оты­­рады.

Әскери білім алумен қатар курсанттар институттағы түрлі спорт секциялары мен шараларға қатысып салауатты өмір салтымен белсенді шұғылданады. Халықаралық және республикалық деңгейдегі жа­рыс­тарда институт курсанттары жүлделі орындарды иеленді. Институт құрыл­ған уақыттан бері 200-ден астам кур­сант спорт шебері, 4000 курсант дәре­желі спортшылар атақтарын ие­ленді. Институттың волейбол коман­дасы үш рет қатарынан Қарулы Күш­­терінің жеңімпаздары болса, ТМД чемпионатында екі рет (Санкт-Петер­бург қ. 2011 ж., Ас­тана қ. 2012 ж.) қола жүлдегер атанды және 2014 жы­лы Эквадорда өт­кізіл­ген әлем чемпионатына қа­тысты. Рес­публикалық, қалалық және ҚР Қарулы Күштері арасында өткізілетін «Спорттық бағдарлау» жарыстарына қатысып алдыңғы қатардағы орындарды иеленді.

Оқу орны басшылығы мен жеке құрамы болашақ офицерлердің бо­йында патриотизм, Отанға, елге деген құрмет, ұлттық рух пен адам­гершілік қасиеттерін қалып­­тас­тыру бағытында жүйелі жұ­мыс­тар атқаруда. Бұл бағытта кур­сант­тарға қажетті жағ­дайлар жа­салған және олардың мәдени ру­хани даму саласындағы клуб жұ­мыстарына  қолдау көрсетіліп отырады. Әскери жоғары оқу орын­да­ры арасында алғаш құрылған «РЭжБӘИИ-ның көңілді тапқырлар клубы» соның көрінісі. Аталған клуб Қазақстан Республикасының КТК жо­ғарғы лигасына енгізілді. Батыр ба­баларымыздың мұраларын зерделеп, әскери патриоттық рухты арттыруға серпін беретін әскери тарихи «Бес қару» клубы, зияткерлік бағыттағы «Легион» және ғылыми дебат клубтарының алатын орны зор. Институттың ғылыми дебат клубы республикадағы жоғары оқу орындары арасындағы дебат клубтарының ішінде сегіз жыл қатарынан жеңімпаз атанды.

Қорыта айтқанда, еліміздің аумақ­­­тық тұтастығы мен егемен­дігі­нің кепілі – Қарулы Күштердің болашақ офицерлерін даярлауда айрықша орны бар  оқу орнымыз биыл атаулы жиырма жылдығын қомақты жетістіктерімен атап өткелі отыр және болашақта оқу орнының әлемдік деңгейдегі озық әскери оқу орындары қатарына қосыларына сеніміміз мол.

 

Асқар МҰСТАБЕКОВ,

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы, генерал-майор