Қазақстандық теннисші Александр Бублик Мадридте өтіп жатқан жүлде қоры 2 614 465 евроны құрайтын халықаралық турнирдің ширек финалында ұтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Пиреней түбегіндегі АТР турнирінің алғашқы айналымдарында мажарстандық Мартон Фучович пен канадалық Денис Шаповаловты ұтқан жерлесіміз 1/8 финалда әлемнің 27 ракеткасы, ресейлік Аслан Карцевті жеңген еді. Ширек финалда оның жолы норвегиялық Каспер Руудпен қиысты. 1 сағат 9 минутқа созылған бәсекеде Скандинавия түбегінен келген ойыншының пайдасына шешілді. Есеп – 5:7, 1:6.
Жартылай финалда Каспер Рууд пен италиялық Матео Берреттини және германиялық Александр Зверев пен аустриялық Доминик Тим күш сынасады. Ал финалдағы сайыс 9 мамырда өтеді.