Елордада жасыл желектерді көктемгі отырғызу жұмысы жүргізіліп жатыр. Көшеттер санын арттыру жұмысы Мемлекет басшысының Нұр-Сұлтан маңында жасыл белдеуді өсіру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Биыл «Астана Орманы» ЖШС шамамен 840 га алаңға жаңа көшеттер отырғызуды бастады.
«Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Нұр-Сұлтан қаласының айналасына жасыл белдеуді арттыру үшін 900 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланып отыр. Оның 60 мыңы – қылқан жапырақты, 800 гектардан астам алаңға отырғызылады. Қазіргі уақытта 405 га алаңға 450 мың данадан астам көктемгі отырғызу жүзеге асырылуда, оның 51 мыңы – қылқан жапырақты тұқымдар», деп хабарлады «Астана Орманы» ЖШС бас агрономы Ардақ Хасенов.
Сонымен қатар, алдын-ала отырғызу, суару, қопсыту секілді күтім жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуі аумағында ағаш пен бұтаның 34 тұқымдасынан тұратын 11,3 млн ағаш пен 1,9 млн бұта өседі.
Елорданың жасыл белдеуін қалыптастырудың негізгі мақсаты елдің бас қаласының айналасында жасыл алқаптар құру болып саналады. Олар қолайсыз климатты жақсартуға әсер етіп, Нұр-Сұлтан халқының өмірі мен демалысы үшін қолайлы жағдай жасайды. Қазіргі уақытта жасыл кеңістіктер өнеркәсіп шығарындыларының, оның ішінде автомобиль көлігі қалдықтарының адамға зиянды әсерін төмендетуде үлкен рөл атқарады. Сол сияқты елді мекендерде таза ауа қалыптастырудың жалғыз көзі болып саналады.