Футболдан Қазақстан чемпионатының екі күнге жалғасқан кезекті тур ойындары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz
Оныншы турдағы жеті кездесудің бесеуінде жеңімпаз команда анықталса, қалған екі матчта командалардың күштері тең болды.
Турдың орталық ойыны Жамбылда жергілікті «Тараз» бен турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келе жатқан елорданың «Астана» клубтары арасында өтті. Жыл басында аутсайдерлер қатарында болады деп күтілген «Тараз» чемпионаттың жеті турында төрт мәрте жеңіске жетіп, екі ойында қарсыластарымен ұпай бөлісіп, жүлдеге үмітті клубтар қатарынан бір-ақ шықты. Өткен турда «Тобылдан» жеңілген соң алаң қожайындары бұл жолы «Астанадан» ұпай алуға тырысқан болатын. Алайда 10 турдан бері қарсылас шыдатпай келе жатқан елордалық ұжым «Таразды» да тізе бүктірді. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды матчтың 34 минутында Абзал Бейсебеков соқты. Осы 10 турда 13 команда кемінде бір мәрте жеңілістің кермек дәмін татса, әзірге тек «Астана» ғана жеңілістің не екенін білмей келе жатыр. Елордалық клубты енді қай команда тоқтата алады екен?Чемпионатта бірінші болып бапкер ауыстырған «Шахтер» жаңа жаттықтырушымен жақсы нәтижеге қол жеткізе бастады. Мәселен, осы турда Алматыға сапар шеккен «кеншілер» былтырғы ел чемпионы «Қайраттан» ұпай алды. Бірінші таймда командалардың күші тең болды. Ал екінші таймда алаңға тыңнан қосылған шабуылшы Артур Шушеначев 51 минутта гол соғып, «Қайратты» есепте алға шығарды. Таблодағы көрсеткіш 90 минутқа дейін өзгеріссіз қалып, ойын «Қайраттың» жеңісімен аяқталуға жақын тұрған еді. Бірақ төреші тарапынан екінші таймға қосылған төрт минуттың соңғы минутында «Шахтердің» қақпашысы Тимурбек Закиров 90 минут бойы шабуылшылар соға алмаған голды өзі салып, командасын жеңілістен құтқарып қалды.
Турнир кестесінде соңғы орындарда келе жатқан «Тұраннан» 1:0 есебімен масқара болып жеңілген «Ордабасы» бұл жолы әрең дегенде сырт алаңда «Каспиймен» тең ойнады. Екі командаға да жанкүйерлерін қуанту үшін жеңіске жету өте маңызды болатын. Өйткені «Каспий» де өткен турда «Атыраудан» 2:1 нәтижесімен жеңілген еді. Бірақ екі ұжым да 90 минут бойы бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды.Оралдың «Ақжайық» клубын қабылдаған «Қайсар» Қызылордада 1:0 есебімен қарсыластарына жол берді. Матчтың шешуші голын 76 минутта ресейлік шабуылшы Дмитрий Мичуренков соқты. Екінші матч қатарынан үш ұпайға қол жеткізген «Ақжайық» 15 ұпаймен сегізінші орыннан бесінші орынға көтерілді. Ал төрт ойында үшінші мәрте жеңілген қызылордалық команда алты ұпаймен 13-орынға сырғыды.
Келесі күні алғашқы болып жасыл алаңға «Жетісу» мен «Ақтөбе» шықты. Бұл кездесу 10-турдағы статистикаға бай ойынның бірі болды деп айта аламыз. Яғни оныншы турдағы ең көп гол да, ең көп «сары» және «қызыл» қағаз да осы ойында көрсетілді.
Талдықорғандағы ала доп бәсекесінде алты гол соғылып, төреші екі ойыншыны алаңнан қуса, 9 футболшыға «сары» қағаз көрсетті. Аса шиеленісті өткен ойында «Ақтөбе» өзбекстандық шабуылшы Игорь Сергеевтің хет-тригі және Юрий Перцух пен Боян Дубайичтің соққан бір-бір голдарының арқасында 5:1 есебімен «Жетісудың» тас-талқанын шығарды. Бұл – «Ақтөбенің» кейінгі бес матчтағы алғашқы жеңісі. Айтпақшы, «Ақтөбе» қатарынан төрт ойында жеңілген соң бұрынғы бас бапкері Алексей Баганы отставкаға жіберген болатын.
Қостанайда «Тобыл» мен «Атырау» шеберлік байқасты. Бұл матчта екі клуб ойыншылары 80 минут бойы бір-бірінің қақпа кілтін таба алмай, біраз әбігерге түсті. Бірақ матч аяқталғанға дейін «Тобыл Аренаға» жиналған жанкүйерлер бір емес, екі голдың куәсі болды. «Тобыл» сапынан екінші таймда алаңға шыққан Серікжан Мужиков 80 минутта қостанайлықтарды есепте алға жетелесе, қосымша уақытта Жереми Манзорро осы маусымдағы алғашқы голын соғып, командасына жеңіс сыйлады. Биылғы Суперкубок иелері маңызды үш ұпайға қол жеткізіп қана қоймай, «Атыраудың» бес ойынға жалғасқан жеңіліссіз сериясына нүкте қойды.Қазақстан чемпионатына биыл ғана қосылған Түркістан облысының «Тұран» клубы екінші тур қатарынан сенсация жасап келеді. Өткен турда жүлделі орындардан үмітті «Ордабасы» командасын сырт алаңда 1:0 есебімен тізе бүктірсе, бұл турда Петропавлдың «Қызылжар» ұжымынан дәл сондай есеппен айласын асырып кетті. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды пенальтиден Стефан Живкович соқты.14 және 15 мамыр күндері өтетін 11-турда «Ақтөбе» – «Қайсар», «Астана» – «Жетісу», «Шахтер» – «Тұран», «Ақжайық» – «Қайрат», «Ордабасы» – «Тобыл», «Қызылжар» – «Каспий» және «Атырау» – «Тараз» командалары кездеседі.