Өткен демалыс күні кәсіпқой бокс жанкүйерлері екінші орта салмақтағы WBC, WBA Super, The Ring белбеулерінің иегері мексикалық Сауль «Канело» Альварес (56-1-2, 38 КО) пен WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы британиялық Билли Джо Сондерс (30-1, 14 КО) арасындағы тамаша бокс кешін тамашалады, деп хабарлайды Egemen.kz
АҚШ-тың Техас штатында орналасқан Арлингтон қаласындағы AT&T Stadium стадионында ұйымдастырылған жекпе-жек «Канелоның» сенімді жеңісімен аяқталды. 12 раундқа жоспарланған айқастың 8-раундында Сондерстің қабағы жарылып, бір раунд бойы бір көзбен жұдырықтасып шықты. Раундаралық үзілісте дәрігерлер британиялық боксшыға жекпе-жекті әрі қарай жалғастыруға болмайтынын айтып, бапкерлеріне кездесуді осы жерден тоқтатуға кеңес берді. Сөйтіп мексикалық «сары бала» кезекті қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, екінші орта салмақтағы үш бірдей белбеудің иегері атанды.
Жалпы, «Канело» да, Сондерс те қазақстандық бокс жанкүйерлеріне өте жақсы таныс. Біріншісі, Отандасымыз Геннадий Головкинмен екі рет шаршы алаңда шеберлік байқасып, біреуінде тең түсіп, екіншісінде төрешілердің шешімі бойынша жеңіп кеткен.
Ал екіншісі, GGG-мен орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өтетін жекпе-жекке ұзақ уақыт саудаласып, ақыр соңында жұдырықтасудан бас тартып, Головкиннің төрт алтын белбеудің басын қосамын деген арманын жоққа шығарған-ды. Осындай себептермен қазақстандық бокс жанкүйерлерінің ашуын тудырған екі боксшының арасындағы бұл айқасты мексикалық және британиялық жанкүйерлерден кейін қазақстандықтар да тағатсыздана күткен еді.Жекпе-жек алдында бокс мамандары да, кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген кәнігі боксшылар да «Канелоның» жеңісіне сенімді болғанымен, біраз сарапшы Сондерстің бұл жолғы дайындығы мен жеңіске деген ерекше құлшынысын жоғары бағалаған-тын. Сондай-ақ Сондерс жеңеді дегенге британиялықтың ринг ұзындығын 7 метрге жуық болсын деп қиғылық салуы да себеп болса керек. Өйткені Билли кең рингте өзін суда жүзген балықтай еркін сезінетін және көп қарсыласын дәл осындай рингте ойқастап жүріп оп-оңай жеңгеніне жанкүйерлер талай мәрте куә болған еді. Бірақ бұл жолы Сондерске рингтің көлемі де көмектесе алмады. Британиялықтың дегеніне көнген Альварес: «Рингтің көлемін стадионмен бірдей қылса да, шаршы алаңда оны ешкім құтқара алмайды», деген болатын.
Жекпе-жектің алғашқы раундын барлаумен өткізіп, қарсыласының әлеуетін байқаған Сауль Альварес әдеттегідей қалған бес раундты толық Сондерстің еркіне берді. Себебі «Канелоның» мақсаты – Сондерске көп соққы жасауына мүмкіндік беріп, шабуылдаған қарсыласын шаршатып алу еді. Ал өзі қарымта шабуылға иек артып, тек жекпе-жектің екінші бөлігінде ғана іске кірісуді көздеді. Нәтижесінде, 6-раундтан бастап Сауль қарсыласын соққының астына ала бастады. Дәл осы раундта «Канелоның» апперкоттан, яғни иектің астынан жасаған ауыр соққысы көздеген жеріне дөп тиіп, Сондерсті есеңгіретіп жіберді. Дегенмен соққыға төзімді екенін көрсеткен британиялық боксшы жылдам ес жиып үлгерді. Кейінгі екі раундта да Альварес үстемдік танытты. Сөйтіп 8-раундтан кейін Сондерстің бапкерлері төрешіге шәкіртінің жекпе-жекті әрі қарай жалғастыра алмайтынын айтып, «Канелоның» жеңісін мойындады. Осылайша, 30 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, оның тең жартысына жуығында қарсыластарын мерзімінен бұрын тізе бүктірген Сондерс карьерасындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Ал «Канело» болса, кезекті кездесуін мерзімінен бұрын аяқтады.
Осы жекпе-жек алдында Альварес журналистердің «Головкинмен үшінші рет шаршы алаңда жолығуың мүмкін бе?», деген сауалына: «Әрине, егер Геннадий екінші орта салмаққа көтерілетін болса, мен трилогияға қарсы емеспін» деген болатын. Бірақ Сондерсті жеңіп, екінші орта салмақтағы үш белдігін иеленгеннен кейін мексикалық боксшыда жаңа мақсат пайда болды. Ол енді осы салмақтағы IBF белбеуінің чемпионы америкалық Калебо Плантомен (21-0, 12 КО) кездесіп, екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атанбақ ниетте.
Егер алдағы қыркүйек айында «Канело» америкалық боксшымен жұдырықтасатын болса, онда Головкин екеуінің арасындағы үшінші жекпе-жек мүлде ұйымдастырылмауы мүмкін.