• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Күрес 10 Мамыр, 2021

Жақсылық Үшкемпіровті еске алды

635 рет
көрсетілді

Жалпы, кез келген салада, мейлі ол өнер, білім, ғылым, спорт болсын өзі сүйіп айналысқан істе жоғары жетістікке жетіп, кейінгі ұрпаққа өшпес із қалдырған тау тұлғалы азаматтарымызды өмірден өткеннен кейін еске түсіруге арналған түрлі іс-шара өткізіліп тұратыны белгілі.

Міне, спорт саласындағы сондай жарыстардың қатарына енді грек-рим күресінен Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем біріншілігінің жеңімпазы және бірқатар халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғаған Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир қосылды.

«Өзімнен кейін күрес түр­ле­рінен қазақтан шыққан Олим­пиада чемпионын көріп кетсем, арманым жоқ еді», деп көзі тірісінде айтып, кейіннен бұл арманын соңынан ерген балуандарға аманаттап кеткен даңқты балуан Жақ­сылық Үшкемпіров былтыр дүниеден өткен еді.

Артында қалған ұрпағы, елі Жақсылық Үш­кемпіровтің есімін әрдайым ел жадында сақтау үшін биылдан бастап даңқты Олимпиада чемпионын еске түсіруге арналған 2001-2003 жылы туған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир ұйымдастырды.Айтулы жарыс елорда төрінде Жақсылық Үшкемпіровтің өз есімі берілген Жекпе-жек сарайында өт­кізілді. Жарыстың ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Біріккен күрес әлемі бюросының мүшесі, Азия кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов және генерал-полковник Сәт Тоқпақпаев қатысты.

Ақтоты Рахметоллақызы спорт­шыларға Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді. «Құрметті дос­тар, баршаңызды Олимпиада же­ңімпазы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің ашылуымен құт­тық­таймын. Бұл – бүкіл дүние жүзі үшін айтулы оқиға. Жақсылық Әмірәліұлы – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ғана емес, бүкіл ел ықыласына бөленген ерекше тұлға. Ол саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнап, туған өлкесін өркендетуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолы өс­келең ұрпаққа қашанда өнеге. Халқымыздың біртуар перзентінің есімін ұлықтап, еңбегін бағалау жолында бүгінгідей іс-шараның маңызы зор. Байрақты бәсекеге қатысушыларға сәттілік тілеймін», делінген құттықтау хатта.

Бақтияр Мәкен қазақтың даңқ­ты балуаны Жақсылық Үш­кемпіровке елордада ескерткіш ашылатынын айтып өтті.

«Бүгінгі жарысқа, елордамызға келген барша қонаққа қош келдіңіздер дейміз. Жақсылық ағамыз қазір арамызда болмаса да есімі әр­дайым жадымызда. Былтыр барша халықтың қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Жекпе-жек сарайына еліміздің біртуар ұлы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілген болатын. Биыл атал­ған спорт кешенінің дәл алдына ағамыздың ескерткішін қою жоспарланып отыр», деді қала әкімінің орынбасары.

Үш күнге созылған халық­аралық жарыста Қазақстан, Ресей, Грузия, Украина, Тәжікстан, Қыр­ғызстан және Өзбекстаннан келген 250-ден аса жас спортшы 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 97, 130 кило салмақтарда өзара кім мықтыны анықтады. Жақсылық Үшкемпіровтің өзі белдескен грек-рим күресінде боз кілемге шыққан балуандардан бес отандасымыз халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды. Аса жеңіл салмақта (55 кг) өнер көрсеткен жерлесіміз Ерасыл Мамырбеков топ жарды. Отандасымыз финал­дық сайыста грузиялық Дмитрий Кхачидзеннен айласын асырып кетті.

Сонымен қатар кейінгі үш салмақтың финалы, атап айтар болсақ, 60, 67 және 77 кило сал­мақтың алтын жүлде үшін сайыс­тары қандастарымыздың арасын­да өтті. 60 килода Нұрсұлтан Ба­зарбеков алтын жүлдені иеленсе, Айбек Есмұратов күміс жүлдені қанағат тұтты. 67 килода Дін-Мұхаммед Қошқар Нұрсұлтан Жо­мартовқа қарағанда алымды болды. Ал 77 килода Вейсал Эю­бовқа тең келер қарсылас табыл­мады. Ол финалда Нұржан Асанды жеңіп кетті. Аса ауыр сал­мақта белдескен жерлесіміз финалда қырғызстандық Давран Сыдыковтан айласын асырып, Қа­зақстан құрамасының қоржынына бесінші алтын жүлдені салды.

Ал 63 және 72 кило салмақтарда грузиялық балуандарға тең келер қарсылас табылмады. 63 килода Диего Чхиквадзе тұғырдың ең биік сатысына көтерілсе, 72 килода Георгий Чхиквадзе алтын медаль жеңіп алды. 82 килода қырғызстандық балуан Бекзат Орункулуулының бағы жанса, 97 килода өзбекстандық балуан Аброрбек Нурмухаммедов мық­тылық танытты.Жалпыкомандалық есепте қазақстандық балуандар бірінші орын иеленді. Кейінгі орынға грузиялық балуандар жайғасты.