Қауіпті індет өршіп тұрған Үндістаннан Алматыға студенттерді «жасырын» әкелмек болғандар анықталды. Бұл туралы мәслихат сессиясында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz
Әкімнің айтуынша, Алматыға студенттерді ЖОО-лар әкелгісі келген, бұл жоспарлы іс-шара болған.
«Бізде британдық және оңтүстікафрикалық штамм бар. Енді Алла сақтасын, бізге үндістандық штамм келмесін. Жақында бізде Үндістаннан жоспарлы түрде студенттерді әкелгісі келгендер анықталды. Ол жақтан бәрі қашып жатыр. Ал біздің кейбір ректорларымыз университет табыс табуы үшін Үндістаннан студенттерді шақырып жүр. Олар бізге үнді штамын әкеледі деп ойлап отырған жоқ. Ешкімге білдіртпей әкелмек болған, бірақ біз оны тоқтаттық», деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар ол депутаттар мен мекеме басшыларын халық арасында вакцинация бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге шақырды.