Құрылыс – қаланың да, ауылдың да ажарын ашып, сәнін келтіретін саланың бірі. Өңірде жыл сайын түрлі нысандардың құрылысы жүргізіледі. Ал мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде, салынып жатқан тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар қаншама?! Рас, оның кейбірі белгіленген уақытында пайдалануға берілсе, енді кейбірі мерзімінен кешігіп жатады. Әрине, құрылыс кезінде де күтпеген жерден түрлі мәселе тууы мүмкін. Бірақ бүгінде қаңқасы ғана қалқайған кейбір құрылыс нысандарының қарапайым тұрғындар үшін негізгі мақсаты да белгісіз. Қазіргі кезде Тараз қаласында болсын, аудан орталықтарында болсын, мерзімі өтіп кеткен «сақалды» құрылыс нысандары көп. Кезінде әжептәуір-ақ басталған нысандардың әлеуметтің қажетіне жарамай, жарты жолда қалып жатуы да көпшілік үшін түсініксіз.
Мәселен, облыс орталығындағы Қаратай Тұрысов көшесіндегі көпқабатты құрылыс нысаны талай жылдан бері қаңырап әлі тұр. Аталған нысанның қала көркіне нұқсан келтіріп тұрғаны өз алдына, тіпті кейінгі кезде бұл жер өз-өзіне қол жұмсайтындардың орнына айналып кеткендей. Соңғы кезеңде мұнда екі бірдей суицид дерегі тіркелгенімен, абырой болғанда, адам өлімі болмаған. Бір таңғаларлығы, бұл нысанның кімге тиесілі екенін ешкім де тап басып айта алмайды. Әйтеуір, аумағы 5 589 шаршы метрді алып жатқан нысанды басында спорттық сауықтыру кешені ретінде сала бастағанын естігенбіз. Бірақ арада жеті жыл өтсе де, бұл нысан сол тоқтаған күйі тұр.
Жалпы, өңірде созылмалы құрылыс нысаны бір бұл емес. Бүгінде Жамбыл облысында 51 «сақалды» құрылыс анықталған. Ал 33 нысанның иелерімен жұмысты қайта бастау кестесі бекітіліпті. Мамандардың айтуынша, құрылыс саласындағы басты мәселенің бірі – құрылыс сапасының дұрыс бақыланбауы екен. Яғни кейбір мердігерлер жұмыс құнын төмендете отырып, өз пайдаларын еселеуге тырысады. Мұндай мәселеге жол бермес үшін де тиісті шаралар қабылдануы керек. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, салынып жатқан нысандардың сапасына ең әуелі дұрыс әзірленбеген жобалық-сметалық құжаттама әсер етеді. Сонымен қатар, ол кейбір жобалаушылардың құрылыс аумағына барып, мән-жаймен таныспастан, ескірген топографиялық деректерді пайдаланып жататынын, нақты іс жүзінде жергілікті геологияны саралауға көңіл де бөлмейтінін айтады. Мәселен, Жуалы және Байзақ аудандарындағы мектептердің құрылысы кезінде жерасты суларының көтерілгені соны көрсетеді.
Сондай-ақ тапсырыс берушілерде жобаларды сапалы тексере алатын тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігі салдарынан құрылыс барысында түрлі олқылық болып, оларды шұғыл жоюға тура келеді екен. Өңірдің бас құрылысшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама «Сәулет бюросы» шеңберіндегі жұмыс тобымен келісілуі керек. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу конкурстарын дер кезінде өткізу мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Осы орайда облыста 213 нысанның құрылысы жоспарланған болса, оның ішінде 12 нысан бойынша әлі күнге конкурстар аяқталмаған. Сонымен қатар кейбір құрылыс жұмыстарының кенжелеп қалуына құрылыс материалдары да тікелей әсер етеді. Мәселен, көптеген жергілікті компания маусым кезінде қаптаған тапсырыс көлемін еңсере алмай жататындықтан, құрылысшылар шетелдік жеткізушілерге жүгінуге мәжбүр болады. Себебі нысанның құрылысы мерзімінде аяқталуы керек. Сондай-ақ құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, бас мердігер жұмыстың толық көлемін қосалқы мердігерге беру мәселесін де реттеуі керек. Заң бойынша қосалқы мердігерге берілетін көлем жобаның 1/3 бөлігінен аспауы тиіс. Бұл ретте мұндай дүниелер жарнамалауға жатпайды және ішкі шарттармен ресімделетініне ден қойылуы қажет. Сонымен қатар кейбір кәсіпорындар бірден бірнеше нысанды мойнына алып, жұмыс ауқымын уақтылы иегере алмай жататыны тағы бар. Бұл да құрылыс қарқынының бәсеңдеуіне, болмаса дер кезінде орындалмауына, тіпті сапа жөнінен сыр беруіне де апарып соқтыратын жағдайлардың бірі болып отыр.
Өңірдегі «сақалды» құрылыс қана емес, құрылыс нормаларының бұзылуы да өзекті мәселенің бірі саналады. Мәселен, аймақта құрылыстағы «қызыл сызық» талаптарын сақтамаған бірнеше құрылыс алаңдарын кездестіруге болады. Бұл ретте облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев 16 тексеру қорытындысы бойынша құрылыс нормаларының 43 рет бұзылғаны анықталғанын айтты. Сол үшін 6,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 7 іс сотқа жолданыпты. Ал жыл басынан бері тиісті талаптарға сәйкес келмегендіктен, 48 құрылыс-монтаждау және 15 жобалау жұмыстарын жүргізуге лицензия берілмеген. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Жалпы, өңір тұрғындарының құрылыс сапасына, әсіресе тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға қатысты шағымдары көп. Көпшілік мұндай мәселелерді әкімдердің есеп беру кездесулерінде де жиі көтереді. Кейбір тұрғындар құрылыс саласына қатысты пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да, әлеуметтік желілер арқылы да білдіріп жатады. Шынында да, «сақалды» құрылыс та, «қызыл сызық» талабына бағынбаған құрылыс та көп. Салаға жауапты басшылар да мұндай мәселелердің бар екенін айтуда. Енді оларды шешу жолдары да көрсетілгенімен, күллі мәселенің бір-ақ күнде шешімін табуы тағы да мүмкін емес.
Былтыр мемлекет қолдауының нәтижесінде Қордай ауданына жіті көңіл бөлінді. Ауданда құрылыс қарқын алып, көпшілік үшін тиісті жағдай жасалды. Енді биыл Тараз қаласына көңіл бөлінбек. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһарды абаттандыру жұмыстары басталып та кетті. Бірақ облыс орталығындағы кейбір «сақалды» құрылыстар мен «қызыл сызық» талабын бұзған құрылыстарды да реттеу керек сияқты. Бұдан бөлек, құрылыс саласына жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттырған жөн. Себебі салаға қатысты бүгінгі мәселенің ертең де қайталануы мүмкін ғой. Тіпті бір жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев техникалық және авторлық қадағалау өкілдері жұмысының да көңіл көншітпейтінін, осы уақытқа дейін олардың бұзушылықтары үшін жауап бергенін еш көрмегенін айтқан еді. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі кезде сынның астында қалып тұрған құрылыс саласына енді сілкініс пен серпіліс қажет болып тұрғандай. Ал талапқа сай емес немесе мерзімінен ұзап кеткен өңірдегі құрылыс нысандарының иелері табылып, оларға заңға сай шара қолданылғаны жөн.