• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Мамыр, 2021

Қасым сүйген Сақыпжамал

1789 рет
көрсетілді

Ақын Қасым Аманжоловтың өмір жолы да, өнер hәм өлең жолы да күрделі, қайшылықтарға толы болғанын білеміз. Әкесінен ерте айырылып, жетім өсті. Балалық шағы аштық пен жоқшылыққа тап келді. Ұлан-ғайыр даланың бір қиырынан екінші қиырына көшті. Сұм соғыстың сұрапылын бастан кешті. Майдан даласындағы оқ пен оттан, қар мен мұздан, окоптағы сыздан денеге дерт жабысты. Соғыстан кейінгі бейбіт жылдардың өзінде баспананың қиындығын бастан өткерді. Әдебиеттегі «әдеби иттердің» де әлегі көп болды. Осының бәріне қайсар Қасым шыдады. Бөрі секілді білдірмеді. Өзін де, отбасын да отты өлеңдерімен асырады, жылытты, жұбатты...

Ал шын мәнінде тағдырына бұйырған, маңдайына жазылған қайғы-қасіреттер мен ауыр сынақтарды жеңілдетіп, жеңіп шығуға көп көмектескен оның мойнына тұмардай тағылған махаббаты еді. Сол махаббаты оны қызғыштай қорыды. Періште болып, өксігі мен өкініші көп өмірді өлмес өлеңге айналдырды.

Сол махаббаты, өмірлік сүйген жары – Сақыпжамал еді. Жалпы, Қасым Сақып­жамалға бірнеше өлең арнаған секілді. Себебі 1936-1946 жылдар аралығындағы он жылдай уақыт ғашық болып жүріпті. Он жылдан кейін қосылып, сегіз жыл отасқан. Осы он сегіз жылдың ішінде та­лай өлең-жыр дүниеге келген шығар. Со­лар­дың арасында 1946 жылы жазылған «Са­қып­жамал» деп аталатын өлеңі ерекше.

Сақыпжамал! Бір өзіңде

Екі әйелдің аты бар.

Күн боп көзің күлгеніңде,

Қабағыңнан ай туар.

Сол кез саған қарай берем

Көрмегендей мен бұрын.

Жанның сырын жатқан терең

Оқи берем жасырын.

Сақыпжамал! Атың қандай!

«Сәпен» дейміз қысқартып.

Жар бола гөр айтылғандай,

Сенен қайсы қыз артық?!

Махаббаттан талай жастың

Жүректері күюлі.

Мүмкін жөндеп сүйе алмаспын,

Өзің үйрет сүюді.

«Сенен артық жан табам» деп

Қате бассам, кетсем желдеп,

Өзің сотта, өзің кеш.

Бес шумақ өлең – бес бөлімді поэмаға татиды. Есімінен ептеп басталған бір нәзік сыр тереңге тарта жөнеледі.

Сәл шегініс жасасақ, негізінде Сақып­жамал Қасымнан бұрын да тұрмыста болған. Баласы бар әйел. Бұрынғы жолдасы Әнуар Сейдахметов Қасымның досы екен. Досының үйінде шай құйып отырған керемет келіншекке бірден ға­шық болған ақын өзінің өрт сезімін өшіре алмай, үлкен махаббатқа айналдырып ал­ған. Бұл – 1936 жыл болатын. Содан сер­гелдеңге түскен ақын 1938 жылы Алма­тыда жүріп, «С...ға» дейтін өлең жа­за­ды. Сонда:

«Шығыстың шолпанындай

көзді тарттың,

Жүректі әлдеқайда жетектейсің.

Бейне бір сен – магнит,

мен – болатпын,

Тәуекел! Дариясына кеттім сүңгіп.

Болғанда сен аспанның аққу құсы,

Сұңқардай соңынан қуа қанат қақтым.

Амал не, аққу шіркін қонса барып,

Көңілсіз көліне бір басқа жақтың!», – деп, жүректе жүрген ғашықтық лебізін білдіреді. Кейін соғысқа аттанып, майдан даласында жүргенде де ғашығы есінен еш шықпайды. Сол бір қиял құсы, аппақ арманы сұм соғыс аяқталғанша жүрегінде жүреді. 1945 жылы Қасым поэ­зиясының биік шыңы – «Дариға, сол қыз­ды» жаздырған да осы құдірет еді. Олай дейтінім, өлеңде:

«Өңімде ме еді,түсімде ме еді,

Көріп ем ғой бір армандай қызды.

Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,

Сұрапыл соғыс соқты да бұзды...

Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!», – дей келіп, өлең соңында:

«Жеңдік қой жауды,

арман не, құрбым,

Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс.

Айқайлап ән сап, таба алмай жүрмін,

Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!», – деп аяқтайды.

Сұрапыл соғыстан елге аман-есен орал­ған ақын 1946 жылы ғашығы Сақып­жамалды іздеп табады. Жары Әнуардың соғыста қаза тапқанын естиді. Көп ұзамай осы жылы зарығып күткен ғашығына қосылған екен. Осы сағыныштың, осы бақыттың құрметіне арнап, дүниеге келген қызына Дариға деп ат қойған.

Аңсаған аққуын қолына қондырып, одан сәби сүйген Қасымға тағдыры тағы да қырын қараған. Алматыдай алып қала­дан пәтер бұйырмай, баспана мәселесі біраз жыл басын қатырған. Тіпті бір қиналған кезде үлкен бастықтың өзіне:

Берсең бер, бермесең ғой, баспанаңды,

Сонда да тастамаспын астанамды.

Өлеңнің отын жағып жылытамын,

Өзімді, әйелімді, жас баламды, – дегені бар.

Осындай жолы болмай, қиындық құрсаған жылдарда да Қасым ақын еш жасымаған. Өлеңнің ерке өзенін одан сайын тасытқан. Сол сәттерде сүйікті жарына арналған бір өлеңін «Ақсәуле» деп атапты. Мәтіні мынадай:

Бір күй бар домбырада тартылмаған, деп басталатын тамаша лирика­лық өлең­ге кейін белгілі сазгер Әбіл­ахат Еспаев әдемі ән жазды. Сөзі мен әуені құс­тың қос қанатындай қатар қағы­латын клас­сикалық туынды.

Соғыстан тапқан сырқаты үдеп, қатты қиналып жүрген шағында Қасымның қасында жары Сақыпжамал дәрісін бе­ріп, үнемі емделуіне жанашырлық көрсетіп отырған. Қайтыс боларының алдында бірнеше күн көз ілмей күзетіп отырған дейді ескі естеліктер. Ал ақын дүниеден өткеннен кейінгі қаншама жыл­дар барысында Қасым мұраларын жинақтап, шырақшысына айналғаны да – сол суымаған махаббаттың белгісі еді. Бар саналы ғұмырын Қасым ақынның тағдырына арнаған аяулы жан біраз жасап, бертінде қайтыс болды.

Иә, ақиық ақын, өрелі өнерпаз, ғажа­йып тұлғаның тұмарына айналып, мәң­гілік музасы болған, Қасым поэзия­сындағы махаббат лирикасының басты кейіпкері – Сақыпжамал апамыз осындай ерекше жан болған екен.

 

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

оқытушы ғалым 

ҚАРАҒАНДЫ