«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кейінгі бес жылда Солтүстік Қазақстан облысына 2045 отбасыдан тұратын 6765 адам көшіп келді. Соның ішінде 590 отбасы (1765 адам) былтыр қоныс аударды. Жаман індетке байланысты бүкіләлемдік көші-қон тоқырап жатқан кезде осынша адамның көшіп келгендігі демографиялық жағдайы мәз емес өңірге үлкен олжа болып отыр.
Қоныс аударушылардың дені – жұмыс күші артық Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан да бірен-саран көшіп келушілер бар. Олардың негізгі бөлігі, яғни 5811 адамнан тұратын 1688 отбасы ауылдық жерлерге қоныстанған, ал 1 мыңға жуық адамы бар 400-дей отбасы қалалық елді мекендерге орналасқан.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының деректеріне қарағанда, көшіп келіп жатқан отбасылар мүшелерінің саны орта есеппен төрт адамнан. Ал орташа жасы 35-те екен. Қызылжар өңіріне ат басын тіреген ағайындардың 30 пайызының – жоғары, 38 пайызының орта арнаулы білімі бар.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы ынталандырылып отыр. Көшіп келген отбасы мүшелерінің әрқайсысына 35 АЕК мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі, ал тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындары үшін он екі ай бойы 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде ақы төленеді. Сондай-ақ қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидия беріледі.
Былтыр солтүстікке көшіп келген 1765 адамның 910-ы – жұмысқа қабілетті. Олардың 31 пайызында – жоғары, 34 пайызында орта арнаулы білім бар. Соның ішінде 542 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Ал 142 адам жеке кәсіппен айналысуда. Олардың бәрі дерлік – шағын несие алып, өз кәсіптерін ашқандар. Ал балалардың бәрі қоныстандырылған елді мекендердегі мектептерге орналастырылған.
Биыл Солтүстікте қыс қатты болды. Минус 40 градустан асқан аязды күндер аз болған жоқ. Ал қардың қалыңдығы 2017 жылғы қарғын су басқан айрықша жылдан еш кем түспеді. Тек биылғы мол қар күздің құрғақ болуы себепті жерге сіңіп, тез кетті.
«Қоныс аударушы ағайындар қысты қалай өткізді екен, хал-жағдайлары қалай екен?» деген сұраққа жауап іздеп, Қызылжар қаласынан 90 шақырым жерде орналасқан Мамлют ауданындағы Бостандық ауылына ат басын бұрдық. Былтыр осы ауылдан шыққан Ерлік Мұхамеджанов деген белсенді азамат Солтүстік Қазақстан университетіндегі әжептәуір қызметін тастап, қоныс аударатын ағайындарды қарсы алуды мақсат етіп, өзінің ауылына бес үй салғанын естіген болатынбыз.
Ерліктің өзі қарапайым, атын шығаруды қаламайтын жігіт екен. «Мен жалғыз емеспін, осы ауылдың көп азаматы менің бастамамды қолдады. Өйткені қоныс аударушылар келмесе, Бостандық ауылы тарап кету қаупінде тұрды. Соның ішінде інім Дидар да үлкен көмек жасады», деді ол.
Алғашқы үйді Ерлік өзінің жақын туысынан қарыз алып, тұрғызған екен. Үй дайын болғанда оны әкімдік сатып алып, өзінің балансына алған. Одан кейінгі үйлерді сол қаражатқа салған. Ақыры үшінші үйді тапсырғаннан кейін ғана кәсіпкер таза пайдаға шыққан көрінеді. Қазір бес тұрғын үй пайдалануға берілген, ал екі үйдің іргетасы қазулы жатыр.
Біз Ерлік Мұхамеджанов тұрғызған үйлердің біріндегі отбасына ат басын тіредік. Бұл Қуаныш Кәдірақын деген азаматтың мекені екен. Ол Алматы облысы Көксу ауданының Айнабұлақ ауылдық округінен көшіп келіпті. Қолында бес баласы мен анасы бар. Біз барғанда Қуаныштың өзі әйелімен бірге жол жүріп кетіпті, үйдегі жандардың үлкені болып отырған анасы, 77 жастағы Бижан апаны әңгімеге тарттық.
«Біз былтырғы күзде осында көшіп келдік. Қазақ ауылы деген соң осы мекенді балам өзі таңдапты. Құдайға шүкір, халқы жақсы екен. Қолдарынан келген көмегін жасап тұрады, үйге келіп халімізді сұрап жүреді. Балам өкіметтен де едәуір қаражат алды», деді апай.
Есік алдында 30-40 қаз жайылып жүр. Осыған қарағанда, Қуаныш қаз өсіруді кәсіп еткен сияқты. Оның мәнісін 19 жастағы үлкен ұлы Рамазан айтты. Шынында да, әкесі көшіп келуші ретінде жеңілдетілген несие алып, қаз өсіруді кәсіп қылып отыр екен. «Тағы да 80 жұмыртқа үйге арналған инкубаторда жатыр, балапан шығарған соң оларды өсіріп, сататын боламыз. Осы ауылда бос қалған бір үйді өзіміз сатып алғанбыз, құс пен малымызды сонда ұстап жатырмыз. Әзірге бір бұзаулы сиырымыз бар, әкем алдағы уақытта малдың да, құстың да санын көбейтемін, жемшөпті мұнда оңай табуға болады екен деп отыр», деді бозбала. Өзі Шымкенттегі діни медреседе оқиды екен. «Біз қазір жаман індетке байланысты онлайн режімге көшкенбіз. Сондықтан үйде жүрмін, ал іні-қарындастарым осындағы мектепте», деді ол.
Үй-іші жандарының көңіл күйлері жарқын көрінді. Бәрі де ел мен жерге үйреніп қалыпты. Бостандық мектебі оқушыларының санын толықтырып, жабылудан сақтап қалған Жадыра –10-шы, Мұхамедәлі – 9-шы, Әмина – 6-шы, Ибрахим – 3-ші сыныпта оқиды екен. Ауыл мұғалімдері осындай көп балалы отбасының ауылдарына келгеніне риза екендіктерін білдіріп жатты.
Бижан апайдан қыстан қалай шыққандарын сұрадық. Кейуана әуелі қатты суық болады дегеннен қорыққандарын айтты. «Солтүстік те керемет аяз болады дегенді жиі естігенбіз. Оны да көрдік, ештеңе жоқ, өзіміздей адамдар тұрып жатыр екен. Отын жеткілікті болды, үзбей жағып отырдық. Үйіміз жылы. Тоңған жоқпыз», деді ол. Ал қардың қалыңдығынан қатты сескенгендерін жасырмады. Суретке түсіріп, ватсаппен ауылдағы туыстарына жіберген екен, ондағылар шошып қалыпты. «Тіпті осында көшіп келеміз деген бір туысымыз қардың биіктігінен қорқып, ойынан айнып қалды», деді ол. Тағы бір қызық жайт – үй иесі Қуаныштың аузынан қан аға беретін ыңғайсыз дерті бар екен. Тіпті жиі жатып қалатын көрінеді. Біздің жаққа келгелі онысы сап тыйылыпты. Ал өз ауылына бір жұмыспен барғанда қайтадан қозыпты. Қайтып келгенде тағы тыйылыпты, анасы соған да риза.
Іргелес үйдегі көршілері де Талдықорған өңірінен көшіп келіпті. Тегі Әбдіғали деген азаматты Қуаныш ертіп әкелген екен. Бұл үйде де тек балалар отыр, үлкендері шаруаларымен жол жүріп кетіпті. Отбасында жеті бала бар екен, бәрі де – Бостандық орта мектебінің оқушылары. Ең үлкені Меруерт – 14-те, Мәдина – 13-те, Әли-12-де, Әлина – 11-де, Ару – 10-да, Медине – 8-де... Назеркесі әлі 2 жаста ғана екен. Өздері сақ, «біз сіздерге тегімізді, әке-шешеміздің аттарын айтпаймыз, ата-анамыз ұрсады», дейді. Ол да дұрыс шығар...
Қарға тамырлы қазақ қилы заманда Қытайға, Ауғанстанға, Иранға, Түркияға және басқа елдерге де тастай батып, судай сіңіп жатты емес пе? Қазір өз егемен елінде, өздерін қолдайтын ағайындар мен өкімет барында жаңа қонысқа сіңбеуші ме еді? Ал суыққа адам үйреніп алады, қазір өмірде керісінше, оңтүстіктен келген адамдардың солтүстікте аса тоңа қоймайтынын көріп жүрміз.
Әйтеуір, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қызылжар өңіріне бет түзеген үлкен көш тоқтамайтынына сенім бар. Қазір тіпті 30-40 отбасын бір ауылдай етіп бір-ақ көшіріп әкелуді жоспарлап жүрген іскер азаматтар да бар. Ондай кәсіпкерлерге тек жалға жер алу үшін бұрын бөлініп кеткен егістіктер мен жайылымдарды қайта үлестіру мәселесі ғана қолбайлау болуы мүмкін. Бірақ жергілікті билік қолға алса, бұл да шешілмейтін түйін емес.
Солтүстік Қазақстан облысы