Санаулы күндерден соң Балтық жағалауында орналасқан Латвия астанасы – Ригада шайбалы хоккейден кезекті әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. 21 мамыр мен 6 маусым аралығында өтетін жаһандық додада дүние жүзінің ең мықты деген 16 елінің құрамалары бақ сынайды. Бәсекелер 10 226 көрерменді сыйдыра алатын «Рига Арена» және 6 мың адамға есептелген Олимпиадалық спорттық орталығында өтеді.
Әлем біріншілігінде Латвия, Финляндия, АҚШ, Германия, Канада, Италия және Норвегия құрамаларымен В тобында өнер көрсететін Қазақстан хоккейшілері 29 сәуірден бастап елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде дайындықтарын пысықтап, бірер күн бұрын Латвияға аттанып кетті. Жаһандық дода басталғанға дейін Юрий Михайлис шәкірттері 13 және 15 мамырда Беларусь құрамасымен екі мәрте дайындық ойынын өткізеді деп жоспарланған.
Еліміздегі екі аптаға жуық жаттығудан кейін ойыншылардың әлеуетін байқаған бас бапкер әлем чемпионатында өнер көрсететін 28 хоккейшінің есімін атады. Ригадағы бәсекелерде негізгі қақпашы Хенрик Карлссон екені сөзсіз. Дегенмен, Ю.Михайлис қосалқы қақпашылар – Андрей Шутов пен Никита Бояркинге де өздерін көрсетуге мүмкіндік беретінін айтты.
Қорғаныс Даррен Диц, Алексей Маклюков, Иван Степаненко, Джесси Блэкер, Виктор Сведберг, Егор Шалапов, Самат Данияр, Валерий Орехов және Кирилл Полоховқа сеніп тапсырылып отыр. Ал шабуылда Роман Старченко, Евгений Рымарев, Антон Сагадеев, Павел Акользин, Александр Шин, Саян Данияр, Әлихан Әсетов, Дмитрий Шевченко, Никита Михайлис, Кирилл Панюков, Дмитрий Гурков, Кертис Волк, Кирилл Савицкий, Аркадий Шестаков, Артем Лихотников және Егор Петухов секілді «Барыс» пен Өскеменнің «Торпедосын» өрге сүйреген тәжірибелі хоккейшілер өнер көрсетеді.
Латвияға баратын негізгі құрамды жариялағаннан кейін ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Михайлис өз пікірін білдірді. «Ұлттық құрамаға шақырту алғандардың барлығы да халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғауға лайықты жігіттер. Жиынға шақырылған хоккейшілердің бәрін бақылап, үміткерлерді соңғы күнде бір-ақ анықтадық. Таңдау оңай болған жоқ. Ал әлем чемпионатына баратын 28 хоккейшінің тізіміне енбей қалған хоккейшілерге болашақта үміт артатын боламыз. Олар – Дмитрий Гренц, Дмитрий Степанов, Әділ Бекетаев, Александр Писарев, Мадияр Ибрайбеков, Михаил Рахманов, Максим Мусоров, Леонид Метальников, Демид Еремеев. Ал Леонид Метальников жарақатынан жазылып, Ригада бізге көмектесе алады деп соңына дейін күттік. Бірақ екіжақты матчтан кейін ол өзі келіп, ойнауға әлі 100 пайыз дайын емес екенін айтты. Ол жарақатынан әлі толық айыққан жоқ. Менің ойымша, бұл нағыз ер жігітке сай әрекет болды. Біз басқа қорғаушыға мүмкіндік бердік», деді Ю.Михайлис.
Әлем чемпионатының жарыс кестесіне сәйкес, Қазақстан құрамасы өзінің тұсаукесер кездесуін 22 мамырда айдын иелерімен өткізеді. Келесі күні Финляндиямен күш сынасады. Ал одан кейінгі күндері мынадай командалармен шеберлік байқасады: 25 мамыр – АҚШ, 26 мамыр – Германия, 28 мамыр – Канада, 29 мамыр – Италия және 31 мамыр Норвегия хоккейшілерімен кездеседі. Егер жерлестеріміз сегіз құраманың ішінде алғашқы төрт орынның бірін иеленсе, плей-офф кезеңіне жолдама алады.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Қазақстан құрамасы бұған дейінгі әлем чемпионаттарына сегіз рет қатысқан екен. Өкінішке қарай, жерлестеріміз сол жарыстардың бірде-біреуінде мақтанарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Төрткүл дүниенің мықтылары бас қосқан жарыста жерлестеріміз мынадай орындарды иеленді: 1998 жыл – 15-орын, 2004 жыл – 13-орын, 2005 жыл – 12-орын, 2006 – 15-орын, 2010 жыл – 16-орын, 2012 жыл – 16-орын, 2014 жыл – 16-орын және 2016 жыл – 16-орын.
Тағы бір айта кетер жайт, әлем чемпионатының ережесі бойынша, топтық кезеңде ең соңғы орын алған команда төменгі дивизионға сырғитын. Алайда биыл І дивизионда әлем чемпионаты өткізілмегендіктен, элиталы топтағы командалар өз орындарын сақтап қалады.