Қазақстандық теннисші қыздар Гөзал Айнитдинова мен Жібек Құламбаева жұптық сында Мысыр мен Тунисте өткен ITF турнирлерінде жеңімпаз атанды.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметі бойынша, Айнитдинова Беларусь өкілі Анна Кубаревамен бірге Тунистегі жарыста үздік шықты. Қазақстандық-беларусьтық жұп финалда осы доданың бірінші ракеткалары, ұлыбританиялық Сара Бет Грэй мен америкалық Даша Ивановадан 7:5, 6:2 есебімен айласын асырды. Бұл – Г.Айнитдинованың ITF турнирлеріндегі алтыншы жеңісі. Соның екеуінде жекелей, төртеуінде жұптық сында чемпион атанды.
Ал Жібек Құламбаева румыниялық Оана Гавриламен бірге Мысыр астанасы – Каирде өткен халықаралық жарыстың бас жүлдесін олжалады. Финалдық бәсекеде мысырлық Ясмин Эззат – америкалық Клерви Нгоноунимен бақ сынаған Құламбаева мен Гаврила қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, 6:4, 6:0 есебімен басым түсті. Бұл – Ж.Құламбаеваның ITF додаларындағы тоғызыншы титулы. Соның сегізінде ол жұптық сында, біреуінде жекелей сайыста жеңіске жеткен.