• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Мамыр, 2021

Жамбылдықтар «асарлатып» жатыр

267 рет
көрсетілді

Жамбыл облысында өңір тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары жалғасуда. Қазақтың ежелгі дәстүріне сай аймақта «Асарлатып үй салу» жобасының басталғанына да жылға жуықтады. Бұл бастама өңірдің барлық ауда­ны мен ауылында жүзеге асып, көптің көмегімен мұқтаж жандар баспаналы болуда. Енді аталған үрдіс әрі қарай жалғасын тауып, Әулиеата жеріндегі әлеуметтік осал топтарды да тұрғын үймен қамтамасыз ету жобасы қолға алынбақ. Бұл – мемлекет қолдауынан бөлек, ауыл тұрғындарының бір-біріне деген адал көңілі мен алғаусыз пейілінің де көрінісі.

Халқымыз ежелден өзгеге көмек қолын созуды, қолда барымен бөлісуді өзіне парыз санаған. Көпті көрген кісілер осы үрдісті кейінгі жастарға насихаттап келеді. Қазіргі кезде өңірде бұл «Асарлатып үй салу» жобасына ұласып, өз жемісін беруде. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, аталған жоба аясында былтыр 99 үйдің жұмысы аяқталып, иелеріне тапсырылған. Сонымен қатар 21 құрылыс нысаны осы жылға өткен. Аталған қыруар жұ­мысты жүзеге асыруға «Арай­строймаркет-2003» ЖШС­ және KUSTO.HELP қоры атса­лысқан.

Биыл бірінші тоқсанда әлеу­­меттік жағынан осал отба­сыларды қолдау мақсатында Қордай ауданында бес үй және Т.Рысқұлов ауданында бір үй тапсырылды. Сондай-ақ басқарма басшысы осы жылы Жамбыл облысы бойынша 126 отбасына қажетті қолдау көрсету жоспарланып отырғанын, оның ішінде 99 үй салынып, 21 нысан қайта жөндеуден өтетіндігін және қосымша 9 тұрғын үйді сатып алуға тиісті қаражаттың бөлініп қойғанын айтты. Демек, жыл соңына дейін 126 отбасы баспаналы болады. Өңір тұрғындарының 60 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, әсіресе бұл жоба ауыл халқы үшін тиімді болып отыр. Бірақ «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша бекітілген кестеден Тараз қаласы мен Жуалы, Меркі, Сарысу, Талас, Мойынқұм, Байзақ және Жамбыл аудандарының артта қалғаны анықталған. Десе де бірқатар ауылда аталған жоба бойынша баспаналар салынып, иелеріне табысталды.

Баспана қай кезде де бас­ты мұң болған. Әркімнің өз ша­ңырағы болғанға ештеңе жет­пейді. Мәселен, Байзақ ауданы, Мәдімар ауылының тұрғыны Ғалия Құрманова «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша бас­паналы болғанға дейін ауыл­да пәтер жалдап тұрғанын, күйе­уі­нің қайтыс болғанын айтады. Тағдыр тауқыметіне қарамай төрт баланың анасы перзенттерін қатарынан кем қылмай жеткізу үшін жанталасып жүр. «Қазір балаларымның алды он жетіге келді. Барлығы да мектепте оқиды. Бір өзіме қиын болды. Ал осы бастаманы қолға алып отырған облыс әкіміне алғысым шексіз! Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, іске білек сыбана кірісті. Жұмыстың бәрін тегін істеді. Барлығына рахмет айтамын!» дейді көп балалы ана.

Сол сияқты бұл жоба жа­ңадан шаңырақ көтерген жас отбасыларды да қолдайды. Ауызбіршілік нәтижесінде Мер­кі ауданы Тұрар Рысқұлов ауылының тұрғыны Құрманғали Кәрімов те баспаналы болды. Ауылдықтар жас отбасына тиісінше қолдау көрсетіп, үй салып берген. Өңір елді мекендерінен мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондай-ақ қазір көптеген ауылда тұрғындар енді басқа да нысандар салу жұмыстарына кірісіп кеткен.

Әрбір қайырымдылықтың артында сауап пен жақсылық болады. Әрбір әрекеттің түбінде берекет бар. Тұрғындардың бірі ақша, бірі ағаш, бірі кірпіш, енді бірі үй салуға қажетті басқа да заттар беріп, асарлатып үй салу жалғасуда. Тіпті қолында ештеңесі жоқ жанның өзі бас­пана салуға қолғабыс етуде. Нәтижесінде, әсіресе ауылды жерлерде баспанаға мұқтаж жан­­­дардың қатары сиреп келеді. Бұл бір жағынан жастарға үлгі болар­лық бастама болса, екінші жағы­нан өңірдегі баспана мәсе­лесін біртіндеп шешетін жоба­ның бірі.

 

Жамбыл облысы