Кәсіпқой бокстағы Қазақстанның шоқжұлдызы Геннадий Головкин ең кейінгі жекпе-жегін өткізгеніне жарты жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін шаршы алаңға шығуға асығар емес. Отандасымыздың елімізден бөлек, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері оның келесі айқасын тағатсыздана күтіп жүргені жасырын емес. Ал Геннадиймен бір уақытта жекпе-жек өткізген жерлесіміздің әйгілі қарсыласы мексикалық Сауль Альварес болса, осы аралықта бір емес, екі мәрте жанкүйерлерін қуантып үлгерді.
Негізі, екі боксшының жекпе-жек өткізу уақыты керісінше болуы керек еді. Себебі биыл ғана 31 жасқа толған Альварестің кәсіпқой бокс әлемінде кемінде 5-6 жыл жүретін мүмкіндігі бар және соған сәйкес қазір асығыстық танытпаса да, бірталай жекпе-жек өткізіп үлгереді. Ал Головкин болса, әне-міне дегенше қолғабын шегеге ілуге дайын тұр. Жерлесіміз сәуір айында 39 жасын тойлағаны баршаға белгілі. Сондықтан енді қалған 1-2 жылдың ішінде шаршы алаңда жиі бой көрсетіп, мүмкіндігінше аты әлемге әйгілі боксшылармен жұдырықтасып, өз мықтылығын дәлелдеуі керек.
Оның үстіне, Головкин 2019 жылдың наурызында DAZN стримингтік платформасымен үш жылға алты жекпе-жек ұйымдастыруға келіскен болатын. Яғни келісім бойынша жыл сайын екі кездесу өткізуге міндетті. Отандасымыз алғашқы жылы жоспардағы екі жекпе-жегін канадалық Стив Роллс пен украиналық Сергей Деревянченкомен өткізсе, былтыр пандемияға байланысты бір-ақ рет шаршы алаңға шықты. Естеріңізде болса, желтоқсан айында польшалық Камил Шереметамен қолғап түйістіріп, 7-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді. Сондай-ақ орта салмақтағы IBF тұжырымының белбеуін бірінші мәрте сәтті қорғаған-ды.
Мерзімі биыл аяқталатын келісімнің әлі өткізілмеген үш кездесуі бар. Кейбір шетелдік БАҚ өкілдерінің мәліметі бойынша, Шереметамен өткен кездесу жоғарыдағы келісімшарт аясынан тыс ұйымдастырылған және 2020 жылы кездесу болмады деп санап, DAZN келісімді тағы бір жылға созған. Есесіне стримингтік арнаның үш жылда алты айқас өткізгені үшін Головкинге төлейтін әуелдегі 100 миллион доллар ақшасы да азайған.
Отандасымыздың екінші промоутері және DAZN стримингтік платформасының басшысы Эдди Хирн бір сұхбатында Головкинге биыл екі жекпе-жек ұйымдастырып беруді жоспарлап жатқанын мәлімдеді. Бірақ нақты қай боксшылармен келіссөз жүргізіп жатқанын ашып айтпады. Алдын ала мәліметтер бойынша жерлесіміз алдағы тамызда 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жүлдегері, IBF рейтингінде 5-орында тұрған бразилиялық Эскиве Фалькаомен (28-0, 20 КО) кездесіп, IBF белдігін қорғауы мүмкін. Ал желтоқсанда орта салмақтағы WBA тұжырымы бойынша суперчемпион белдігінің иегері 35 жастағы жапониялық Рета Муратамен (16-2, 13 КО) IBF пен WBA белбеуін сарапқа салмақ.
Демек Головкиннің биыл Альвареспен үшінші мәрте жекпе-жек өткізу жоспары жоқ сияқты. Сондай-ақ «Канело» да трилогияға аса құлшынып тұрмаған сыңайлы. Сондерсті жеңгеннен кейін мексикалық «сары бала» журналистерге берген сұхбатында Головкин екінші орта салмаққа көтерілетін болса ғана үшінші айқасқа келісім беремін деді.
Жалпы, дүние жүзінің бокс жанкүйерлері тарапынан Головкин-Альварес арасындағы үшінші айқасқа сұраныс әлі де азайған жоқ. Дегенмен уақыт өткен сайын екі алыптың арасындағы кездесу өтпейтіні айқындалып келе жатса да, көп бокс жанкүйерін екі боксшының жекпе-жектерін көрсету құқығы бір арнаға, яғни DAZN стримингтік платформасына тиесілі және оның басшысы Эдди Хирн болғандықтан, үміттерін үзбей келеді. Трилогиядан тәп-тәуір қаржыға кенелетінін білетін Хирн, бәлкім бұл кездесуді келесі жылы Головкиннің кәсіпқой бокстағы қоштасу жекпе-жегі ретінде ұйымдастырып беруді көздеп отырған шығар.