Бүгінде мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың түрленуіне аса көңіл аударып отыр. Осы орайда Жетісудағы кәсіптік білім беретін маңдайалды оқу орнының бірі – Талдықорған сервис және технология колледжінің директоры, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Ләззат БАЗАРҚҰЛОВАМЕН аз-кем әңгімелескен едік.
– Ләззат Тілеубайқызы, қазіргі ғылыми-техникалық үрдістің қарқынды дамуына байланысты білім беру жүйесінің алдына жаңа талаптар қойылып отыр. Колледждегі білім беруде қандай бағыттарға басымдық беріледі?
– Әрине, кәсіби мамандарды даярлаудағы жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырудың негізгі міндеті – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру. Тәжірибе барысында болашақ маман өзінің кәсіби мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтай бастайды. Қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, іскер, бәсекеге қабілетті маман даярлауда әрбір білім алушыны жан-жақты ізденуге, өздігінен тың жаңалықтар ашуға, қай салада болсын, ғылыми жұмысқа деген бейімділігін қалыптастыру көзделуде. Бүгінде егеменді еліміздің дамыған отыз елдің қатарынан көрінуі үшін жастарымыз білімді және бәсекеге қабілетті болуы керек.
– Талдықорған сервис және технология колледжі – облыстағы кәсіптік-техникалық білім беруде көш бастап келе жатқан, білімді де білікті ұстаздар қызмет атқаратын, кәсіби маман даярлауда тәжірибесі мол, іргелі оқу орындарының бірі. Жалпы, білімгерлер қандай мамандықты меңгеруде?
– Оқу орнында студенттер тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, дизайн, шаштараз өнері және сәндік косметика, тамақтандыруды ұйымдастыру, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер, дәнекерлеу ісі мамандықтары бойынша білім алуда. Колледж қабырғасында бәсекеге қабілетті, білікті маман даярлау үшін қажетті материалдық-техникалық база құрылып, кабинеттер, зертханалық бөлмелері, оқу-өндірістік шеберханалары талапқа сай жасақталған. Оқу ошағының өткен жылдағы үлкен жетістігі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде алғаш рет жүзеге асып жатқан республикалық «Жас маман» жобасына енуі. Жобаның негізгі мақсаты – 100 сұранысқа ие мамандық бойынша 180 колледж бен 20 ЖОО-ның модернизациялау, білікті мамандар даярлаудағы халықаралық тәжірибесін енгізу. Соның нәтижесінде колледждің Аспаз-кондитер біліктіліктері бойынша оқу-өндірістік шеберханалары мен арнайы технология кабинеттері Еуропа, Италия, Франция, Швеция сынды елдердің соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарымен жабдықталды.
– Кәсіптік білім беру ұйымдарында материалдық-техникалық базаның мықты болуы – басты көрсеткіш. Өйткені заман талабына сай техникалық жабдықтар күн сайын өзгеруде. Бүгін алған пеш немесе тігін машинасы ертең өндіріс талабына сай болмауы мүмкін. Ол үшін не істеу керек?
– Ол үшін уақыттан қалмай, әрдайым оқу орындарының материалдық-техникалық базасын заманға лайық жаңартып отыру керек. «Жас маман» жобасы осындай мүмкіндік берді. Енді бізде оқып шыққан түлектер жұмыс орындарына соңғы үлгідегі техниканың сырын меңгеріп барады. Бұл колледж үшін де үлкен бедел. Екіншіден, болашақ мамандарды даярлауда оқу процесін өндіріспен байланыстыру басты мәселе. Өйткені оқу орындары мен өндірістік кәсіпорындардағы байланыссыз білікті маман даярлау мүмкін емес. Болашақ мамандардың кәсіптік жарамдылығы өндірістік оқыту барысында байқалады. Олардың көбі өздерін жан-жақты көрсету барысында жұмысқа орналасуға жолдама алады. Осыған орай алдымызда бүгінгі қоғам қажеттілігіне сай мамандарды даярлау міндеті тұр. Әрі ол мамандарымыз бәсекеге қабілетті, қазіргі өндіріске бейімделе алатын тұлға болуы қажет.
– Бүгінде кәсіби білім беру баңғытындағы дуальды оқыту ұғымы қалыптасты. Сіздерде бұл жүйе қалай жүзеге асырылды?
– Дуальды жүйе бойынша білімгер-түлектер білім алумен қатар, кәсіпорындарда жұмыс істеуді бастайды. Оқуды бітіргенде бұл білімгерлер сол кәсіпорынның жұмыс ерекшеліктерімен және қондырғы-құрылғыларымен толық танысып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Талдықорған сервис және технология колледжінде дуальды жүйенің алғашқы тәжірибесі 2012 жылы «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша басталды. Талдықорғандағы «Ажар» тігін фабрикасымен серіктестік туралы келісімшарт жасалып, бүгінгі таңда аталған мамандық бойынша білікті мамандар даярлануда. Колледждегі дуальды оқыту тәжірибесі дәстүрлі сабақ беруге қарағанда өзінің басымдылығын көрсетіп, теориялық пен практикалық даярлықты қатар алып жүруге жағдай жасады.
– Ләззат Тілеубайқызы, ұстаз үшін шәкірттерімен мақтану жақсы дәстүр ғой. Сізді өз білімгерлеріңіз қалай қуантады?
– Бізді қуантатыны – әр талапкер колледжге оқуға келгенде бір мақсат қойып келетіні. Болашақта білікті маман болып, өз ісін ашамын деп сенеді. Көп жағдайда бұл арман-мақсаттар жүзеге асып жатады. Оған дәлел қаладағы үлкен мейрамханаларда, сән салондарында, жарнама орталықтарында, ательелерде еңбек етіп, абырой-беделге ие болып, жеке кәсібін де ашып отырған жастардың дені біздің түлектер. Жалпы, қазіргі жастардың кəсіптік білімге деген қызығушылықтарының арта бастағанын байқауға болады. Оның үстіне, елімізге кәсіби мамандар аса қажет. Осы орайда жастардың тегін кәсіптік білім алуына мейлінше жағдай жасалған. Олар бүгінде жұмыс таба алмай қаламын деген қорқыныштан да ада. Өйткені біз оқытқан орта кәсіби мамандар еңбек нарығында әрдайым сұранысқа ие.