Жамбыл облысының тұрғындары полицияға 115 атыс қаруы мен 1 граната тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
20 сәуірден бастап Жамбыл облысында тұрғындардан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу бойынша республикалық акция өткізілуде. Аталған акция жыл сайын ұйымдастырылады. Акцияны өткізуге 10 миллион 404 мың теңге бөлінген.
Оның барысында тұрғындар өзінде заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақыға тапсыра алады. Оған ниет білдірген азаматтар тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне өтініш беруге тиіс екен. Сыйақылар мөлшерін комиссия анықтайды. Ерікті тапсыру үшін төлем құны қарудың түріне, оның техникалық жай-күйіне байланысты және әрбір бірлік үшін 30 мыңнан 300 мың теңгеге дейін қарастырылған. «Акция басталғаннан бері полиция органдарына азаматтардан 90 өтініш келіп түсті. Жалпы сомасы 7 миллион 403 мың теңгеге 115 бірлік атыс қаруы тапсырылды. Оның ішінде 24 бірлік ойық, 90 бірлік тегіс ұңғылы, 1 бірлік травматикалық қару, сондай-ақ 1 жауынгерлік жарықшақты қол гранатасы бар», дейді Жамбыл облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мәмбет Смайлов.
Сондай-ақ, Полиция департаменті заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыруға ниет білдірген азаматтардың қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.