Кәне, киіктер?..
Жол талғамайтын көліктерге жайғасқан бір топ журналист Атбасарды бетке алдық. Жолбасшымыз – Аян Мейраш. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілі.
Алқынбай жетсек те, шаңы көтеріліп жатқан жол өкпе-бауырымызды тәуір-ақ солқылдатты. Көліктің рөліндегі Сүйіндік ағайдан жердің жайын сұрап жатырмыз. «Охотзоопром» мекемесінің бас механигі. Ораза айттың алғашқы күніне дөп түскен сапарымыздың негізгі бөлігін күтіп отырғанымызда көліктер кілт тоқтай қалды. «Охотзоопромның» инспекторлары секіріп жерге түсті де, «келдік» деді. Өзара келісіп алғандай, дауыстары бірдей шықты.
– Кәне, киіктер?
Инспекторлар «әне, жайылып жүр» деп жолдың екі жағын нұсқайды. Ал бізге меңіреу даладан басқа ештеңе байқалмайды. Ақыры болмаған соң, бинокльдерін ұсынды. Сонда ғана тұтасып жатқан киіктерді көзіміз шалды. Бірақ олар алыста жүр. Демек, біз жеткенше, тағы да ұзап кетеді. Онда бұл жүрісіміз қай жүріс?! Киіктерді көре алмасақ, несіне келдік?! Журналистердің жүзінен осы бір ойды оқыған инспекторлар «соңымыздан еріңдер» дегендей белгі берді. Сүйіндік ағай бізді Арман Әбдісалықов есімді инспекторға тапсырды.
– Арманның соңынан еріңіздер. Бәрін түсіндіріп, көрсетеді, – деді жанашыр аға.
Инспектор Әбдісалықов
Жолдың екінші бетіне өтіп, кеудемізді салқын самалға төсеп, киіктер жайылып жүрген ойпаңға түстік. Біз жақындаған сайын жануарлар алыстайды. Зер сала қарамасаң, дұрыс көрінбейді де. «Мына түрімізбен ұзақ жүреміз-ау» деп қоямыз. Үнсіз келе жатқан Арман «айналаға емес, аяқтың астына қараңыздар» деп дүңк етті. Сол-ақ екен, инспектор еңкейіп әлденеге назар аударды. Енді байқадық. Киіктің төлі – құралай! Көзі жаутаңдап, бүрісіп жатыр. Алыстан іздегеніміз, аяқтың астынан табылды. Расында да, аңдамасақ топырақ түстес киік төлін аяқпен таптап өткендей екенбіз.
– Үсті әлі құрғамапты. Әлгінде ғана туған-ау. Әне енесінің шуы жатыр, – деді инспектор Арман Әбдісалықов төңірекке көз тастай қарап. – Қазір шамалыдан соң төлдің үсті құрғайды. Сосын аяқтанып, шауып кете барады. Жалпы, құралай туғаннан кейін бір сағат өтер-өтпесте аяқтанады. Одан кейін оны қуып жету мүмкін емес.
Сөйткенше болған жоқ, біздің назарымыздағы құралай басын көтерді. Арман «қазір жүгіреді» деп айтып үлгергенше, киіктің төлі құлдыраңдап қаша жөнелді. Бұл оның қатарға қосылғаны.
Мұқият мән бере қарап едік, айналада киік төлдері толып жатыр. Әркім өз бетінше ізге түсіп, ілгері басып барады. Осы кезде инспекторлар қатаң ескерту жасады. Сөйтсек, құралайды қолмен ұстауға болмайды екен. Ұстаған күннің өзінде оның өзіндік тәртібі бар. Осылайша, инспекторлардың инструкциясынан кейін киіктің төлін қолға алдық. Сүп-сүйкімді. Мөлтілдеген жанары жаныңды еріксіз баурайды. Тіпті суретке шырт еткізудің де сәті түсті.
– Олар енесін іздемейді. Киіктер бір-бірінің төлін емізіп, бауырына ала береді. Құралайдың далада жетім қалмайтыны да сондықтан. Жануар егізден туады. Жалқы төл ертетіндері сирек, – деді Арман.
Құралайдың қызығына батып біраз жер жүріп тастаппыз. Кері бұрылдық. Амал не, ел ішінде даланың ерке жануарын жауыздықпен қыратындар да бар. Осыны ойлағанымыз мұң екен, ішіміз әлем-тапырық күйге түсті.
– Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Біздің жұмысты да оңай демес едім. Өйткені браконьерлермен бетпе-бет келу өте қауіпті. Оның үстіне 2019 жылдың қаңтарында әріптес ағамыз Ерлан Нұрғалиевті браконьерлер жапан далада жазым еткен соң, жауапкершілік те, сақтық та күшейді. Үйдегілер де әркез алаңдап отырады. Табиғатпен жанымыз бір болғандықтан, міндетімізді мүлтіксіз орындауға тырысамыз. Шүкір, қазір мекеме инспекторларына жақсы жағдай жасалуда. Соңғы үлгідегі жол талғамайтын көліктерді мініп жүрміз. Бұл техникалар браконьерлер мінетін көліктерден бірде кем емес. Әрбір инспекторда қызметтік қару, оқ өткізбейтін кеудеше, кісен бар. Жалпы ауыл арасында жүрген адам браконьер бола алмайды. Өйткені бұған үлкен дайындық керек. Мықты көлік мініп, мұздай қаруланып, жанармай қорын жасақтап, арнайы дайындалған адамдар ғана осындай қадамға барады, – дейді 26 жасар инспектор.
Бізбен әңгімелесіп келе жатқан Арман Әбдісалықов киіктер жайылып жүрген төңіректегі Қима ауылының тумасы. «Охотзоопром» мекемесіне былтыр орналасыпты. Щучинскідегі Экология және туризм колледжін тәмамдаған. Табиғатты қорғау маманы.
– Саналы түрде таңдаған сала болғандықтан, мамандығым да, жұмысым да ұнайды. «Охотзоопромға» жұмысқа тұруды армандап өскен баламын. Бірақ бұл мекемеге орналасудың өз қиындығы бар. Екінің бірін ала бермейді. Тәжірибе талап етіледі. Сондықтан бұған дейін «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істедім. Екі жарым жылдай «Бурабай» ұлттық табиғи паркінде еңбек еттім. Бес жылдық тәжірибе жинап, «Охотзоопромның» мүшесіне айналдым. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. 15 күн даланы мекен етеміз де, 15 күн демаламыз. Дәл қазір далалық жағдайда өмір сүріп жатқан жайымыз бар, – дейді Арман.
Даладағы «перзентхана»
Өнбес даудың бірі «Құралайдың салқыны» төңірегінде жиі туындап жатады. Бірі мұны киіктер төлдемей тұрып туады десе, енді бірі төлдеп болғаннан кейін келеді дейді. Біз осының мәнін сұрадық. Сауалды «Охотзоопром» мекемесі орталық аймақтық филиалының басшысы Достай Нұрбековке қойдық.
– Киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны», «құралайдың суығы», «киіктің лақ өргізбесі» деп атап кеткен. Ел ішінде бұл уақытта қасқырдың тісі қақсайды деген тәмсіл де бар. Расында, мамырдың орта тұсында қалың киімінен жеңілдеп, жылымық ауаға бой үйрете бастаған жұртты бір тоңдыратын қоңыр салқын күндерді «Құралайдың салқыны» деп атаудың өзіндік мәні бар. Халық ұғымында бұл – мамыр айының екінші жартысынан басталып, он шақты күнге созылатын дауылды қара суық, құбылмалы күндер. Адамға да, малға да жайсыз қара суық түсіп, ызғырық жел соғады. Тіпті кей жерлерде қар да жауады. «Құралайдың салқыны» деп аталатын себебі бұл кезде киіктер төлдеп, құралайының кіндігі түседі. Әрі жануарлар төлдер кезде желге қарсы жүгіреді. Сол кезде олар төлдеуге қабілетті болады. Бұған табиғаттың тылсым күшімен соққан қатты суық жел жәрдемдеседі. Киік өзінің лағын осы мерзімде өргізеді. Яғни, «құралайдың салқынында» жел тұрып, жаңа туған лақ желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кетеді, – деді ол.
Бұған құралайды алғаш көрген біз де көз жеткіздік. Өйткені, орнынан құлдыраңдап тұрған киік төлінің желге қарсы жүгірген сайын тыңайып, ширай түскені бәрімізді таң қалдырған болатын.
Біз жүрген төңірек Тайкеткен деп аталады. Бұл – Ақмола облысы Жақсы ауданының аумағы. Достай Нұрбековтің сөзіне сенсек, бұл алқапта шамамен 70 мыңға жуық киік жүр. Біз барған күні, яғни 13 мамырда жануарлардың шамамен 30 мыңы төлдеп болған.
– Бұл төңіректе жүрген киіктердің жаппай төлдеуі 12 мамыр күні түстен кейін басталды. Апта соңына қарай төлдеу кезеңі толық аяқталады. Бұйыртса, 60 мыңдай киік төлдемек. Былтыр киік санағы жүргізілуі керек еді. Алайда пандемияға байланысты бұл шаруа осы жылға шегерілді. Жуырда тікұшақтың көмегімен киік санағы ұйымдастырылды. Оның қорытындысы алдағы уақытта жарияланады. Дегенмен, біздің долбарымызша, киік саны біршама өсті. Бұл жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың жемісі. Яғни, техникалар жақсарды. Инспекторлардың қолында қару бар. Броконьерлерге тағайындалатын жаза да күшейтілді. Қазір мұндай қадамға барғандар 6 жылдан 12 жылға дейін сотталады, – деді Достай Нұрбеков.
Д.Нұрбековтің айтуынша, «Охотзоопром» мекемесінің орталық аймақтық филиалына төрт облыс қарайды. Бұлар – Павлодар, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстары. Мекеменің міндеті – киіктерді бақылау, көбеюіне жағдай жасау және броконьерлерден қорғау. Жыл басынан бері бұл аймақта броконьерлік шабуылдар орын алмаған. Ал былтыр 8 қылмыстық іс қозғалыпты.
– Тайкеткен киіктердің жылда жаппай төлдейтін жері. Әзірше олардың төлдеуіне адамдар да, өзге жыртқыштар да кедергі келтіріп жатқан жоқ. Киіктер де іргедегі егін егетін шаруашылықтарды мазалаған емес. Бұлар бұл аумақта біржола тұрақтап қалмайды. Уақыт өте келе оңтүстікке қарай қоныс аударады. Қараша айында киіктердің жаппай күйек кезеңі басталады. Біз тұрған Тайкеткенді өз ішімізде «перзентхана» деп те атаймыз. Бұл жер киіктердің төлдеуіне өте қолайлы аумақ әрі оты да қалың, нәрлі, – дейді «Охотзоопром» мекемесі орталық аймақтық филиалының жетекшісі.
Айта кетейік, киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90 пайыздан астамы Қазақстанды мекендейді. Мұнда Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді киіктердің үш популяциясы бар. Біз барған Тайкеткендегі жануарлар Бетпақдала популяциясына жатады.
Журналист Джоанна
Бұдан кейін инспекторлар мекен ететін көшпелі камаздар тұрған жерге бардық. Бұл – табиғат қорғаушыларының түздегі «үйі». Қысы-жазы осында тұрады. Инспекторлардың далалық жағдайдағы тұрмысымен жақын таныстық.
– Көшпелі «камаздарда» барлық жағдай жасалған. Ас-суымыз ағыл-тегіл. Бірақ жапан түзде жұмыс істеуге әркімнің жүрегі дауалай бермейді. Десе де, бізде жүректі жігіттер жетерлік. Олардың өзгелерден басты ерекшелігі – табиғатқа бей-жай қарамайды. Қазір қатарымыз кілең жастардан құралған. Олардың мұндай мамандыққа қызығушылық танытатыны қуантады, – дейді ардагер инспектор Мұса Жылқайдаров.
Бір қалтарыста бізбен бірге еріп барған ағылшын журналисі Джоанна Лиллиспен де дидарласудың сәті түсті. Сапар барысында оның қазақша түсінетінін аңғарған едік. Айтуынша, оны жануарлар дүниесі қызықтырады екен. Киіктің төлін де алғаш рет көріпті.
– Қазақстан киіктерге ерекше қамқорлық жасап отыр. Бүгін осыған тағы бір мәрте көзім жетті. Бұл жағынан Қазақстан өзге мемлекеттерге үлгі бола алады. Даланың сұлу жануарын келер ұрпаққа аман-есен жеткізу керек. Инспекторлардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанның киіктерді қорғау тәжірибесі халықаралық оқырмандарға да қызықты деп ойлаймын, – дейді Eurasianet.org сайтының журналисі Джоанна Лиллис.
Шынында да, инспекторлардың еңбегін бөле-жара атап өткен дұрыс. Қысы-жазы тыным таппай табиғатты қорғайтын жандарға жақсы жағдай жасалуы қажет. Әсіресе, олардың еңбекақысы жоғары болуға тиіс. Оларды ынталандырудың бірден-бір жолы сол. Алайда қазір инспекторлардың алатыны аса көп емес. Айлық көлемі 80 мың теңгеден басталып, қызметкердің дипломы мен еңбек өтіліне байланысты өзгеріп отырады. 15 күндік іс-сапарға қосымша ақы төленеді. Бұдан бөлек, броконьерлердің жолын кескен жағдайда берілетін қомақты сыйақы бар. Әрине, мұның бәрі аздық етеді. Оны инспекторлардың жүзінен де аңғардық.
Іңір түсе даланың шаңын көкке көтеріп, астанаға апаратын күре жолға түстік. Сапардан алған әсерімізді жарыса айтып келеміз. Оңаша бір ойға батқанда оқушы күнімізде жаттаған Сырбай Мәуленовтің:
Түсті шықтар шөптерге,
Жауатындай қар, түрі.
Соғады әр жыл көктемде,
Құралайдың салқыны – деп басталатын өлеңі еске түсті.
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы