• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Өнер 17 Мамыр, 2021

Бояулар құпиясы

1153 рет
көрсетілді

Қастеевтің қылқаламынан туған кез келген көркем туындыда сұлық сүлде, болбыр бейне болып көрмеген шығар, сірә. Ақсағы тепсініп, сақауы сайрап тұрғандай оқырман көңілінде терең таңба қалдырады. Бөгде бір суретшінің бүтіндей бір қорап акварель ысырап қылатын көрінісіне ол бір жағым ғана бояу жұмсап өте береді. Бояулар неғұрлым жұқа жағылған сайын картинаның ой-идеясы соғұрлым күрделі. Нағыз сиқыршының өзі ме дерсіз.

Көп бояумен аз сурет салуға да, керісінше аз бояумен көп кар­тина жазуға да болады. Ерік өзің­де, ешкім қолыңнан қақпайды. Тек таланттың да таразыға жүгі­не­тінін ескерсек, классикалық шы­­ғар­ма жазу үшін бояудың қа­лың не жұқасы маңызды емес. Шын­туайтында, суретші шебер­лігі­нің өзі, осыған байланыс­ты емес пе?! Қазақ бейнелеу өне­рі­нің негізін қалаушы Әбілхан Қас­теевтің «Тоғанды мә­де­ниет пар­кі­нің көрінісі» атты туындысы біз жоға­рыда айтқан сөзіміздің дә­лелі. Ұлы сурет­шінің табиғаттан ұр­ла­ған ғажайыбы рухани жауһар дүние.

«Тоғанды мәдениет паркінің кө­рінісі» атты картина пейзаж жан­рында жазылған. Қылқалам шебері 1937 жылы Мәскеудегі Н.Круп­ская атындағы халықтық өнер көркемсурет студиясында оқып кел­геннен кейін туған табиғатын бейнелейді. Бұл оның майлы бояумен жұмыс істеудегі алғашқы қадамдарының бірі. Данышпан суретші Леонардо да Винчи айт­қандай «Кез келген таным ақыл үшiн әрдайым пайдалы, өйткенi ол пайдасыздан арылтып, жақсыны сақтай алады». Еңдеше, жақсыны үйренуге һәм сақтауға тырысқан қылқалам шеберінің елеулі еңбегі үлкен өнерге бастама болды десек артық айтпағанымыз болар еді.

Жазу қиын жұмыс емес, оның мәнін аршып ұғу, тамырына бойлау өте ауыр еңбекті қажет етеді. Көркем шығарманың сырт көзге бірден шалына қоймайтын сыр-жұмбағы қаншама. Соның бәрін оқырманға боршалап жайып салу үшін рентген көз қажет. Олай болмаса оқушы қауым картинаның сыртқы сипатына сүйсініп, келесі бір ойдың шабындығына түседі. Бұл турасында әйгілі Пабло Пи­кас­­со: «Бәрі суретті түсінуге ты­ры­­сады. Неге олар құстардың шиқы­­лын ұғуға тырыспайды?!» деп көргеннен емес, сезінгеннен туған көріністердің құпиясына үңі­луге шақырады. Яғни бояулар құпия­сын тануға тырысқан абзал.

Көп­планды картинада сұлу тау бөк­теріндегі тоғанды парк бей­­неленген. Алдыңғы планнан біз бетіне аспан мен ағаштардың бей­несі түскен аласа ағаштар мен бұтақтар қоршаған тоғанды кө­реміз. Екінші планды биік-биік пира­мида сияқты теректер мен Іле Алатауы алып жатыр, ал үшін­ші планда көгілдір биік аспан. Суретші әртүрлі өсімдіктер әлемін, қазақ тауының әсемдігін, тау бөкте­ріндегі жасыл шалғын үстіндегі көгілдір аспанның ұшы-қиыры жоқ алыстығын беру ар­қылы туған өлкенің сұлулығын жеткізген.

Ол жасыл түстің реңктеріне ыр­ғақпен қалқи ауысады, ке­ңіс­тікті беру үшін салмақсыз көрі­ністерді пайдаланады. Кеңіс­тік кар­тинаға ауқымдылық бе­ріп тұр. Біз картина­ның ал­дыңғы пла­­нын­дағы тоғанның жаға­сын­да­ғы ұсақ тастарды анық көреміз. Кө­рер­меннің назары то­ған арқы­лы малта тастардың үстін­нен ауып, будақ-будақ бұлттарға ауы­са­ды. Картинадан шуақты  жаз­дың жылы күні, тыныштық пен жай­лылық сезіледі.

Біздіңше, бұл табиғаттың әсем­дігін, жарықтың айналаға әсерін, сәт сайын өзгеріп отырған жа­рық пен көлеңкенің арпалысынан ту­ған қас пен көздің арасындағы құбылыстардың бояуға айналған сәті. Күннің нұрланған сәтін дереу кенебіне түсіріп, осы үрдісті суретшілік ғұмырына мәңгі азық еткендей. Қазақ рухы кеудесінде кернеп тұрған жанның жүрек толғанысы, сағыныштан шыққан туынды. Әрбір даңқты суретшінің табиғатқа табынатыны шындық. Бұл шындық бүгінгі туындыны өмір­ге әкеліп қана қойған жоқ, өлі кеңістікке жан бітіруімен ерекше.

Көркем картина бір қараған­нан-ақ жастың да, жасамыстың да жүрегін жаулап алады. Неге де­сеңіз? Оған ойлы оқырман сана­сындағы сол шығармаға құлай берілген ақ көңіл, шынайы өнер­ге іңкәрлік, рухани толғам жәр­демдеседі. Оның үстіне бояулар ас­панында жарқ еткен ой най­зағайы, жүрекке жылы тиер әдемі табиғат, түстер ұйқасы жанды еліт­пей қоймасы анық. Қастеев ­кө­ңіл көзінен қағажу қалып жүрген қалтарысты өмірдің қарапайым көріністерін табиғат тілінде түрлі реңкке орап, оқырманға сыйлап отыр.