• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 18 Мамыр, 2021

Тарихты зерделеу – ұрпақ міндеті

992 рет
көрсетілді

Ерлікті дәріптеу, бүгінгі ұрпаққа жеткізу маңызды. Осы орайда Түркістан облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы филиалында Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ер­лігіне құрмет көрсету, есімін ардақтау, жастардың бойы­н­а отансүйгіштік құндылықтарды дарыту, патриотизмге тәр­биелеу мақсатында «Рақымжан – Жеңіс сарбазы!» ерлікке тағзым эстафетасы өтті.

Әскери-патриоттық клубтар, кадет сыныптарының, әскери мектеп-интернаттардың және «Жас Ұлан» республикалық мектептерінің оқушылары, 6506 әскери бөлімшесі, Төлеби аудандық шекара басқармасы, Екінші дүниежүзілік соғыс және Ауған соғысының ардагерлері, Щучье, Қапшағай қалаларындағы «Балдәурен» РОСО филиалдары өкілдері офлайн қатысқан іс-шарада батырдың ерлік жолы баяндалды. Күні кеше Ресей СІМ жария еткен деректер де оқылды. Рақымжан Қошқарбаев шайқасқан 150-шi атқыштар дивизиясы 1945 жылдың 30 сәуi­рiнде, Рейхстагқа шабуыл жасайды. Жаңбырдай жауған оқтан жасқанбаған лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов, фашистер тiрегiнiң кеңсесiне бәрiнен бұрын жетiп, жеңiс туын Рейхстагтың бiрiншi қабатына тiгедi. Осы ерлiгi үшiн 150-шi дивизия басшылығы қазақ жауынгерiне «Кеңес Ода­ғының Батыры» атағын беру туралы ұсыныс жолдайды. Алайда сол кездегi КСРО басшылары әдiлетсiз шешiм қабылдап, Қош­­­қарбаевқа ең жоғарғы на­гра­даның орнына Қызыл Ту орденiн береді. Ол, сондай-ақ І дәрежелі Отан соғысы орде­німен, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталды. Арада жарты ғасыр өткен соң, ресми Мәскеу тарихи қателiктi түзетiп, қазақ батырының ерлiгiн мойындауға мәжбүр болады. Тарихи деректерге сәйкес, сол күнi Рейхстагтың төбесiнде 40 жалау желбiреген екен. Алай­да олардың тек тоғызы ғана Жеңiс туы, қалғандары ша­буыл­ға қатысқан әскери бөлiм­ше­лердiң байрақтары көрiнедi. Қазақ батырының нағыз Жеңiс туын бәрiнен бұрын тiккенi бүгінде әбден дәлелденді. Ерен ер­лігімен ел есінде қалған батыр 1988 жылы дүниеден өтті. «Халық Қаһарманы» атағы Р.Қошқарбаевқа 2001 жылы бе­рілді. Осындай деректерді кел­тірген «Ерен еңбегі» үшін және  Ы.Алтынсарин төсбелгісінің ие­гері, «Қазақстандық жас пат­риот­тар академиясы» негізін қалаған Мұхитдин Төлепбай жастарды отансүйгіштікке ша­қырып, ел тарихын терең тануға, ерлікті құрметтеуге үндеді. Ал «Балдәурен» респуб­ликалық оқу-сауықтыру орталығының ди­ректоры Сержан Әлібаев эс­тафетаның мән-маңызына тоқ­талып, жастардың білімді болуы қазіргі заманның бас­ты талабы екенін атап өтті. Филиал дирек­торы Д.Босымбаев «Халық Қаһарманы Рақымжан Қош­қар­баев» тақырыбында баяндама жасады.

Сондай-ақ эстафета барысында жас патриоттарды академияға қабылдау рәсімі өткізілді.

 

Түркістан облысы