Петропавл қаласының балабақша тәрбиешілеріне қосымша қызметі, атап айтқанда модераторлығы үшін ақы төленбейтіні туралы редакциямызға дабыл түсті.
Қалалық білім бөлімінің бас бухгалтері Нұрлыгүл Бижігітова бұл мәселеден хабардар екен.
Жалпы, біліктілік категориялары арнаулы комиссияның шешімімен беріледі. БҒМ 2021 жылғы 14 қаңтардағы бұйрығы бойынша ұстаздар мен тәрбиешілер жылына 15 маусым мен 15 желтоқсанда екі рет жіберіледі. Соның ішінде 15 маусымға дейін біліктілік категорияларын алғандарға 1 қыркүйектен бастап қосымша ақы төленуде, ал 15 желтоқсаннан алғандарға 1 қаңтардан бастап төлеуге нақты бұйрық болмаған соң, есепшілер сақтанып отырған көрінеді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Г.Кәрімова да осы мәселе бойынша облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының басшысы Б.Аюповқа жауап берген. 2021 жылдың 14 сәуірінде жазған хатында ол БҒМ-ның жоғары біліктілік категорияларын алғандарға 1 қыркүйектен бастап қосымша төленеді деген бұйрығына одан әрі «сонымен қатар аттестацияның қорытындысы бойынша біліктілік категориясын алғандарға 1 қаңтардан бастап қосымша төленеді» деген өзгерістер енгізу ұсынылды деп айтқан. Осы өзгеріспен министрлік жаңа бұйрық шығарса, 15 желтоқсанға дейін категория алғандарға да қосымша төленетін көрінеді. Бірақ осы ұсынылған өзгерісте де 15 желтоқсаннан біліктілік категориясын алғандарға деп нақты көрсетілмеген. Сөзді жеп қою, бұйрықты анық, нақты жасай алмау сайып келгенде, халықтың зардап шегуіне соқтырады.
ПЕТРОПАВЛ