Орта салмақта күш сынасып жүрген 28 жастағы қазақтың кәсіпқой боксшысы Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жекте кіммен күш сынасатыны белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
26 маусымда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін жарыста қандасымыз жергілікті боксшы Роб Брантпен жұдырықтасады. 30 жастағы Техас штатаның тумасы 2012 жылдан бері кәсіпқой рингте өнер көрсетуде. Сол аралықта 27 кездесу өткізіп, 25 рет жеңіске жетті. 17 қарсыласын нокаутқа жіберді. 2018 жылдың 20 қазанында ол өз отанында өткен бокс кешінде Жапонияның жұлдызы Рёта Муратаны ұпай санымен ұтып, WBA нұсқасы бойынша чемпиондық атақты иеленді. 2019 жылдың 12 ақпанында ресейлік Хасан Байсангуровтан басым түссе, сол жылдың 12 шілдесінде Муратамен қайта кездесті. Бұл бәсекеде жеңілістің кермек дәмін татқан Брант алтын белбеуден айырылды.
Әуесқойлар арасында әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой боксты серік еткелі бес жылға жуықтап қалды. Сол кезден бері тоғыз рет рингке көтерілген қазақ жігіті барлық жекпе-жекті өз пайдасына шешті. Бес қарсыласын есінен тандырды.
Ал 26 маусымда Лас-Вегаста өтетін бокс кешінің басты бәсекесінде украиналық Василий Ломаченко (14-2, 10 КО) мен жапониялық Масаеши Накатани (19-1, 13 КО) қолғап түйістіреді.