• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 20 Мамыр, 2021

Франциядағы саяси бәсеке

502 рет
көрсетілді

Францияда 2022 жылы президенттік сайлау өтеді. Оған дейін әлі уа­қыт көп екеніне қара­мас­тан, «үш жолақты ел­де» саяси дода жаңа кезең­ге шықты десек, қателеспейміз.

Келер жылғы сайлауда пре­зи­­денттікке басты үміткер – екеу. Қазіргі мемлекет басшы­сы Эммануэль Макрон мен оң­шыл «Ұлттық алаң» пар­тия­сы­ның төрағасы Марин Ле Пен. Әрине, алдағы саяси бә­се­кеде олардан басқа да кан­­ди­­даттар тіркелетіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен, түр­лі сауал­­да­м­а­ларға сүйенсек, пре­зи­­дент­тікке негізгі талас Мак­рон мен Ле Пен арасында өтпек.

2022 жылғы дауыс беру­дің нәтижесін қазір болжау өте қиын. Оның үстіне, Фран­ция халқы – біреудің ықпа­лында ке­тіп, айдағанға көне­тін ел емес. Әр сайлау сайын өз­дері­нің азаматтық позиция­сын ашық білдіреді. Сон­дық­­тан үміт­керлердің бәрі тұрғын­дар­дың көңілін табуға талпынады.

Шыны керек, Франциядағы сайлаудың көркін қыздыратын – Марин Ле Пен ханым. Ол бұған дейін екі мәрте прези­денттікке таласып көрген. Бірақ екеуінде де жолы болған жоқ. Әйтсе де «Ұлттық алаң» пар­тиясының жетекшісі біртін­деп алға жылжып, халықтың қолдауына иемденіп келеді.

Мәселен, 2012 жылғы сайлауда ол бірінші турда 6,4 миллион дауыс жинап, үшінші орын алды. Естеріңізде болса, сол жылы Франсуа Олланд пен Николя Саркози тиісінше 28,6 және 27,1 пайыз дауыс жи­нап, екінші турға өткен еді. Ақы­рында «үш жолақты елдің» тізгінін Олланд мырза ұстаған.

Ле Пеннің 2012 жылғы сайлауда жеңіске жетуі бір нәрсені анық аңғартты. Францияда оңшыл ұстанымдағылар саны көбейіп келеді. Мысалы, 2014 жылғы муниципалды сайлауда  «Ұлттық алаң» партиясы 7 пайыз қолдауға ие болып, елдегі үшінші күшке айналды.

Сол жылы мамырда өткен Францияның Еуропа Парла­менттерін сайлауында озық шығып, 25,4 пайыз дауыс жинады. Осылайша, «Халықтық қозғалыс үшін одағы» мен Социалистік партияны шаң қаптырып кетті. Нәтижесінде, тұңғыш рет Францияда әсіре оңшыл көзқарастағы партия жеңіске жетті.

Келесі 2017 жылғы прези­дент­тік сайлауда да Марин Ле Пен бәсекеге түскен. Бұл жолы да жолы болған жоқ. Әйтсе де, оның екінші турға өткенін ай­та кеткен жөн. Бірінші турда Ма­рин ханымды 7,6 миллион тұр­ғын қолдап дауыс берді. Бұл – жалпы электораттың 21,3 па­йы­зы. Ол тек Эммануэль Мак­ронға ғана (24 пайыз) есе жіберді.

Екінші турда қалған үміт­кер­лердің бәрі Ле Пенге қарсы екенін айтып, қолдаушыларын Макронға дауыс беруге ша­қырған. Салдарынан «Ұлттық алаң» жетекшісі 34 пайыз дауысты қанағат тұтты.

Жалпы, кандидаттардың бәрі Марин Ле Пенге қарсылық танытуы бекер емес. Мұның бір себебі – партия ұстанған әсіре оңшыл саясат болса, екіншісі – Маринның әкесі Жан-Мари Ле Пен.

Жан-Мари «Ұлттық алаң» партиясының негізін қалаған. Сондай-ақ көзқарасы үшін талай мәрте Францияда сынға ұшыраған еді. Әсіресе ол ксе­но­фобияға және антисемитизм­ге қатысты жиі айыпталатын. Мәселен, 1987 жылғы сөйлеген сөзінің бірінде Холокосты ойдан шығарылған деп мәлімдеп, еврейлерді жаппай өлтіру болған жоқ екенін алға тартты.

Кейінірек Франциядағы мұсылмандарға тиісіп, диксриминация жасауға тырысқан-ды. Дегенмен, бұл істі тексер­ген сот оған 10 мың еуро айып­­пұл салды. Екінші дүние­жү­зі­лік соғыс кезінде қолда­ныл­­ған газ ка­мераларын ақтау әре­кеті үшін 1,2 миллион франк тө­леу­ге мәжбүр болды. Сон­да­й-ақ Жан-Мариға 1954-1962 жы­л­дары Алжирдегі соғыс ке­зінде қолға түскен тұтқын­дарға азап көрсетті деген айып тағылды.

Осыншалықты қарсылыққа қарамастан, ол бірнеше рет пре­зи­денттікке таласқан. Бірақ бірде-бір мәрте жеңіске жете алған жоқ. Бұл түсінікті де. Өйткені оның партиясы бас бағ­дарламасы ретінде имми­гра­цияны азайтып, Фран­цияның Еуропамен интеграциясын тоқтатуды ұсынды.

Осының бәрі жиылып келіп, фран­цуз саясаткерлерінің Ма­рин ханымға қарсы көзқарас қалыптастыруына әсер етті. Со­ған қарамастан, елде оны қол­­дай­тындар жетерлік. Бұған дейін кіші Ле Пен қарапайым қыз­­мет­керлер арасында бірін­ші орын­да тұрған-ды. Қазіргі таң­да қарт кісілер, менеджерлер, оқу бітіргендер арасында оны қол­дайтындар саны артып келеді.

Бір сауалдамаға сүйенсек, 2020 жылғы сайлауда Марин ха­ным­ның оза шабатыны бол­­жа­нып отыр. Қалай деген­мен, қазіргі таңда ол – Фран­ция­да жиі талқыланатын тұл­ға. Енді бір сауалдамаға қатысу­шы­лар­дың 56 пайызы оның ұста­ны­­мы қорқынышты екенін айтқан.

Сондықтан шығар, Ле Пен ханым кейінгі уақытта бү­кіл халықтың көңілін тауып, оң­шыл­дардың ғана емес, бүкіл фран­цуздың көшбасшысы атану­ға лайық екенін көрсетуге тал­пынып жүр. Мәселен, таяуда ол VA+ арнасына сұхбат бе­ріп, жеке көзқарасы мен отбасысы туралы әңгімелеп берді.

«Сауытымды шешетін мезг­іл жетті. Француздар ме­ні жа­қынырақ тануы тиіс. Осы­­лайша, маған жақсырақ баға бере алады. Бәлкім, саяси бә­секеге араласатын әйел ретінде саяси соққы қабыл­дайтын­дық­тан, уақыт өте келе қатал көріне бастайсыз. Меніңше, бүгін­де осы қаталдықты тас­тай­тындай деңгейге жеттім. Жауынгердің артында ананың тұрғанын көресіз», деді ол.

Марин ханымның бұл қадамы қаншалықты сәтті шық­қанын уақыт көрсетеді. Әлі бір жылға жуық уақыт бар. Осы мерзім аралығында бәрі өзгеріп шыға келуі мүмкін. Макронның бір сәтсіз бастамасы таразы басын теңестіріп кетуі ықтимал.

Бұлай деуіміз бекер емес. Өткен айда отставкадағы 20 ге­нералдың ашық хаты жарияланды. Онда генералдар Фран­ция ыдырау сәтін бас­тан кешіп жатқанын жазады. Олардың айтуынша, исла­мизм мен иммигранттар мекендеген ай­мақтар – «үш жолақты» ел­дің келешегіне балта шабатын қауіп көрінеді. Со­нымен қатар расизмге қар­сы қозғалыстар да шек­пенді әскерилердің нара­зылығынан тыс қалған жоқ.

Генералдарға мыңдаған бел­сенді мен зейнетке шыққан әс­керилер қолдау білдірді. LCI (мемлекеттік жаңалықтар арнасы) жүргізген әлеуметтік сауал­дамаға сүйенсек, респон­денттердің басым бөлігі (58 пайыз) генералдардың иеремиадасын жақтаған. Әсіресе им­мигранттарға қатысты бө­лі­гі қызу талқыланып жа­тыр. Марин Ле Пен де гене­рал­дардың хатын қолдайтынын ашық айтты. Демек, осындай қадам арқылы «Ұлттық алаң» жетекшісі халықтың жанына жағатын мәселені дөп басуға тырыспақ.

Франциядағы 2020 жылғы сайлауды қызықты ететін тағы бір мәселе мынада. Елдің саяси жетекшілеріне риза адамдар аз. Сондықтан осыған дейінгі президенттер сайлауда қайта жеңіске жете алған емес.

«Жығылғанға – жұды­рық» демекші, өмір сүру деңгейі­нің төмендеуі, жұмыссыз­дар­дың көбеюі, полиция қатыгез­дігі француз халқын қатты алаң­датады. Мұның бәрі биліктің сәтсіз шешім қабылдауының әсері деп есептейтіндер көп.

Мысалы, «сары жилет­шілер» шеруіне қатысқан­дар­дың көбі иммигрант жас­тар­ды заңды бұзып, жазасыз қалатындар ретінде қарас­тырады. Сонымен қатар қо­ғам­нан шеткері қалып, тағ­дыр тәлкегіне түскендер де билікті кінәлайтыны түсінікті.

Осының бәрін ескерсек, Макрон үшін алдағы сайлау­да жеңіске жету оңайға түс­пейді. Оның үстіне, популистік мәлімдемелерге жиі жүгінетін Ле Пен ханым секілді қарсы­ласты тағы бір мәрте шаң қаптыру да қиын шаруа.

Бір қызығы, жақында ғана Journal du Dimanche апталық журналы «Ұлттық алаңға» қатысты сенсациялық ақпарат таратты. Мақалада партияның Еуропа Парламентінен бері­летін қаржыны жымқырып қала­тын жүйе жасап, депутат көмекшісі деген жалған жұмыс орындарын ашқаны туралы полиция зерттеуі жарияланған.

Францияның әділет ми­нистрі Эрик Дюпон-Морет­ти партия көшбасшысын тер­геу амалдарына кедергі келтіру­ге тырысты деп сынады. Дегенмен, «Ұлттық алаң» бас­шылары бұл пікірмен келіс­пейді. Керісінше, полиция зерттеуін Дюпон-Мореттидің өзі жариялап жіберді деп кінәлайды.

Қорыта айтқанда, Франция пре­зидентін сайлауға дейін әлі бір жыл бар екеніне қарамастан, ел­дегі саяси бәсекенің көрігі қы­за түсті. Әзірге Макрон да, Ле Пен де мемлекет басшысы лауа­зы­мынан үмітті. Бастысы, қай та­раптың жеңіске жететіні ал­да қа­был­данатын шешімдер мен бас­тамаларға байланысты болмақ.