Елімізде біраздан бері жүргізіліп жатқан жаппай вакциналау індетпен күресті ілгерілеткені анық. 19 мамырда Қазақстанда вакцина салдыртқандардың саны 1 898 604 адамға жетті. дегенмен вакциналаудың қарқыны айтарлықтай күшейер емес. Бұдан көпшіліктің көңілінде әлі де күмән мен күдік бар екені көрінеді. Сондықтан вакцинаға қатысты мәліметтер нақты, әрі ашық түрде жарияланып отыруы тиіс. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерді Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистердің сұрағына қарай жан-жақты мағлұмат берді.
19 мамырдағы мәлімет бойынша 36 617 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Олардың ішінде 13 452 науқас стационарда, 23 165 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында 761 адамның жағдайы ауыр, 185 науқастың жағдайы өте ауыр, 110 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Вакцина салдыртқандардың жалпы саны 1 898 604 адам болса, оның ішінде 802 090 адам вакцинаның екінші компонентін алған. Осы ретте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов вакциналау қарқыны бәсеңдегенін растады.
– Сәуір айында вакциналау қарқыны тәулігіне 100 мыңнан асты. Бүгінгі таңда бір күнде вакцина алған адамдардың саны 30 мың мен 60 мың аралығында болып жатыр. Бірақ бірінші кезектегі міндет – халықты вакциналау мүмкіндігін қамтамасыз ету. Қазір вакциналау кезіндегі халықтың белсенділігі төмендеп жатқанын көріп отырмыз. Бұл, ең алдымен, мамыр айындағы мереке күндерінің көп болғанымен байланысты шығар. Біз халықтың күмәні сейіліп, осынау ел үшін аса маңызды шараға белсенді қатысады деп үміттенеміз, – деді М.Шоранов
Сонымен қатар ол вакцина салдырғандардың ішінде созылмалы ауруы бар науқастар мен 65 жастан асқан адамдардың үлесі қанша екенін атап өтті.
– Қазір диспансерлік науқастар тобына жататын адамдардың ішінде созылмалы ауруы бар науқастардың
4%-ға жуығы вакцина алды. Министрлік өңірлердегі ахуалды бақылай отырып, алдағы уақытта вакцина алуға қарсы медициналық көрсетілім болмаған жағдайда созылмалы ауруы барларды да вакцина салдыруға шақыруды жоспарлауда. Сондай-ақ 250 мыңнан аса жасы 65 жастан асқан адам вакцина салдырды, – деді вице-министр.
Жалпы, ел арасында коронавирусқа байланысты неше түрлі алыпқашпа әңгіменің тарағаны белгілі. Соның бірін М.Шоранов жоққа шығарып, америкалық ғалымдардың Қазақстанда індеттен 80 мың адам қайтыс болды деген дерегі асыра көрсетілгенін айтты.
– Шынымен де Медициналық көрсетілімдер және бағалау институты (АҚШ) ғалымдарының өлім-жітім туралы хабарламасы болды. Олар коронавирус пандемиясы кезеңінде қосылған өлім-жітімдер бойынша гипотезаға тестілеу жүргізген. Ғалымдар өздерінің жұмысында мәліметтерді өңдеудің түрлі әдістерін қолданатынын, деректер негізінде «теориялық гипотеза» түзетінін түсінеміз. Алайда бүгінде оны тексеру мүмкін емес. Ең алдымен аталған институттан Қазақстанға да, Денсаулық сақтау министрлігіне де сауал келіп түспегенін атап өткім келеді. Толықтай алғанда, зерттеудің бүкіл әлем осы проблемамен бетпе-бет келгені туралы айтқанымен келісуге болады және қосылған өлім-жітім біздің елге ғана емес, барлық тіпті дамыған мемлекеттерге де тән. Аталған зерттеудегі елімізде бір жылдың ішінде шамамен 80 мың өлім-жітім қосылды делінген дерек тым асыра көрсетілген. Біздің мәліметтерге сәйкес, өткен жылы шамамен 28 200 жағдай тіркелді, – деді М.Шоранов.
Бұл ретте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният өткен жылы коронавирус инфекциясынан болған өлім-жітімге қатысты нақты деректі атап көрсетті.
– Осы жылдың наурызының соңына дейін жыл сайын өңірлерден келіп түсетін жылдық есептердің, сонымен қатар Ұлттық статистика бюросының қорытындысы бойынша өлім туралы куәлікті азаматтардың хал-актілеріне кеш тіркеудің барлық жағдайы ескерілді. Министрлік Ұлттық статистика бюросымен бірге барлық статистикалық деректі салыстырып тексеріп шықты. Өткен жылы коронавирус инфекциясынан өлім-жітімге қатысты нақты дерек 4 729 адамды құрайды. Оның ішінде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғаны анық, біріздендірілгені – 1 783 адам, ал індеттен көз жұмғаны нақтыланбағаны – 2 946 адам, – деді А.Ғиният.
Вакцинаға деген халықтың күдігін күшейтетін бірден-бір жайт – вакцина алған адамдардың коронавируспен ауырып қалуы. Бұған қатысты Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова түсініктеме берді.
– Біз вакциналаудың бірінші компонентінен кейін де, екіншісінен кейін де сырқаттану жағдайларына міндетті түрде мониторинг жүргіземіз. Жалпы, еліміз бойынша бірінші компоненттен кейін аурудың 541 жағдайы тіркелді. Екінші компоненттен кейін 104 жағдай болды. Әдетте, бұл адамдардың барлығы инкубация кезеңінде, яғни 14 күннің ішінде ауырған. Бұдан адамдардың вакцина салдырмай тұрып ауру жұқтырғаны көрінеді, – деді А.Есмағамбетова.
Сонымен қатар вакциналаудың аралығы, кейбір вакцина түрінің жетіспеушілігі сияқты мәселелер жиі қозғалады. Брифинг барысында Алматыда отандық вакцинаның жетіспей жатқаны сөз болды. Бұл сауалға жауап берген А.Есмағамбетова QazVac вакцинасы әлі қолжетімді екенін алға тартты.
Оның айтуынша, отандық QazVac вакцинасының 50 мың дозасы бүкіл ел бойынша үлестірілді. Бұл 25 мың адамға есептелген. Алматыға 6 мың доза жеткізілді, яғни 3 мың адамға есептелген. Соңғы мәліметтер бойынша бүгінгі таңда бұл қалада 2 800 адам вакциналанған, QazVac-тың әлі 200 дозасы бар.
– Бүгінде кейбір өңірлерде QazVac, ал барлық өңірде Hayat-Vaх және Спутник-V вакциналары қолжетімді. Егер азаматтар QazVac вакцинасын салдырғысы келсе, онда, әрине, екінші партияның түсуін күтуге тура келеді. Бірақ Қазақстанда қолданылатын барлық үш вакцина да тиімді және қауіпсіз екенін еске салғым келеді. Қандай да болсын бір вакцинаны күту туралы шешім қабылдағанда, вирус айналымы әлі де тоқтамағанын естен шығармағанымыз жөн. Оны тоқтату үшін тез арада ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз керек, барынша көп азамат екпе салдыруы тиіс. Сондықтан азаматтарды Pfizer немесе QazVac екпелерінің қашан түсетінін күтпей, қолда бар және қолжетімді вакцинаны салдыруға шақырамын, – деді А.Есмағамбетова.
QazVac – 21 күндік аралықпен салынатын бірдей екі дозалы вакцина. Екпе компонентін алу аралығының өзгеруі тек Спутник-V вакцинасына ғана қатысты. QazVac және Hayat-Vaх бойынша аралықтар өзгерген жоқ.