• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Коронавирус 20 Мамыр, 2021

Белсенділік әлі де баяу

258 рет
көрсетілді

Атырауда 19 мамырға дейін коронавирус инфекциясына қарсы вакциналардың І компонентін салдырғандар саны 46 356 адамға жетті. Ал ІІ компонентті 15 268 адам салдырды. Дәрігерлер тұр­ғын­дар тарапынан вакцина алуға белсенділіктің әлі де төмен екенін айтып отыр.

Дегенмен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтың мәліметінше, мұнайлы өңірде вакцина дозалары жеткілікті деуге негіз бар. Соның бір дәлеліндей, 18 мамырда Ақтөбедегі фармацевтика хабынан Спутник V вакцинасының ІІ компонентіне арналған 7 650 доза жеткізілді. Вакцина дозаларын егу бекеттеріне бөлу мен тасымалдау қолға алынды. Қазір өңірде 41 екпе бекеті жұмыс істейді. Оның екеуі Теңіз кен орнында болса, ХҚКО-да, «Тамаша», «Көктем», «Атырау», «Байзар», «Дина» сауда орталықтарының әрқайсысында бір-бірден екпе бекеті ашылды. Бұдан басқа, қалалық, аудандық емханалар жанында 23, сондай-ақ 10 жылжымалы бекетте тұрғындарға вакцина салынады.

Тұрғындардың вакцина сал­ды­руға ниетінің төмендігінен болар, әсіресе, Атырау қаласында қауіпті вирус­ты жұқтыру азаяр емес. Мәселен, 18 мамырдағы дерекке жүгінсек, мұнайлы шаһар тұрғындары арасынан 56 адам ко­ронавирустың «қақпанына» түсіп отыр. Сондай-ақ Жылыой, Құр­ман­ға­зы мен Махамбет ауданынан 8 тұр­ғын аталған індетті жұқтырды. Ал Жылыой ауданындағы Теңіз кенішінде қауіпті вирусқа екі ж­ұ­мыс­шы ғана шалдығыпты. Демек өткен жылғыдай емес, мұнда індетті жұқтырғандар саны бір­тіндеп азайып келеді. Бұған кеніштегі жұмыс­шы­лардың вакцинаны мезгі­лінде салдыруының оң әсері тигені даусыз.

Өңірдегі ауруханаларда 12 ком­пью­­­терлік томография, 4 МРТ, 41 рент­ген, 267 өкпені жасанды желдету аппараты, 669 оттегі концентраты, 1 514 импульстік оксиметрі мен 8 оттегі стансасы бар. Үш күн бұрын облыс орталығынан шал­ғай­дағы Құрманғазы аудандық ауру­ханасы компьютерлік томография­мен қамтылды. Құны 360 млн теңгелік компьютерлік томография Каспий құбыр консорциумының демеушілігімен сатып алыныпты.

– Жапондық Hitachi компаниясы шығарған медициналық аппараттың SUPRIA моделі адам денесін толық диагностикалауды қамтамасыз ете­тін 128 бөлімді сканерден өткі­зе­ді. Радиациялық жүктемені азай­ту үшін IntelliEC дозасын интеллектуалды қайта бөлу алгоритмі мен IntelliIP итерациясының заманауи әдісі қолданылады. Бұл визуализация сапасын жоғалтпай, дозалардың ең төмен мәндерімен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы.