• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Мамыр, 2021

Тарихы бай тәрбие мен білім

378 рет
көрсетілді

«Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік», дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаттық жолында жүріп өткен жеңісіміз туралы. Яғни еліміздің дербес мемлекет ретінде жеткен жетістіктерінің ар жағында әр салада қызмет етіп жатқан азаматтарымыздың ерен еңбегі тұр.

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына – 30 жыл. Еліміздің өз алдына дербес мемлекет болып, өзге жұртпен терезесі тең қарым-қатынас жасап, өзінің төл мәдениеті мен салт-дәстүрін, ұлт батырларын барынша еркін ұлықтайтын егемен күнді ата-бабаларымыз ұзақ жыл бойы аңсағаны тарихтан мәлім. Олар жүріп өткен әр күнге байыппен қарасақ, егемен ел болу жолында халқымыздың мықты перзенттерінің көбі аянбай еңбек еткенін, талай тер төгіп жан бергенін ұғамыз. Сол үшін де тәуелсіздік ұғымы біз үшін өте қымбат, аса қадірлі. Осы тұста Қазақстанның білім саласы да қарқынды дамып, сан алуан мектептер, колледждер мен халықаралық оқу орындарының ашылғанын айтуымыз керек. Елбасы өзі бас болып қолға алған «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып келген жастар қазір еліміздің әр саласында еңбек етіп жүр. Білім саласын дамытуға үлес қосып жүр­ген жастар да аз емес. Әрине, бұл бағытта өңірлердегі жоғары білім беретін оқу орындарының алатын орны маңызды. Осы білім мен тәрбие көшінің алдыңғы қатарында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті де барын мақтанышпен айтамыз. Осы жылдар ішінде университет 50 мыңға жуық маман дайындады. Олардың арасында мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен жетекшілері, банк, сот, прокуратура, баспасөз, әкімшілік басқару саласының қызметкерлері бар. Университеттің 50 жылдық тарихын бес белеске бөлсек, әр он жыл сайын оқу орнында ірі өз­герістер болып отырған екен. 1977 жылы институтқа Жетісу жерінен түлеп ұшқан жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің есімі беріліп бірнеше жаңа факультет ашылды. Институт қабырғасында «Қуыршақ» театры, «Россияночка» вокалдық ансамблі, «Назигум» ұйғыр ансамблі, «Жетісу» халықтық ансамблі және орыс халық аспаптар оркестрі құрылды. Осынау өнер ұжымдары өз өнерін Қазақстанға ғана емес, шетелге де танытты. Оқу орнында І.Жансүгіровтің әдеби-мемориалды мұражайы ашылып, мұрағат қоры жинақ­талды. 1994 жылдан бастап институт І.Жан­сүгіров атындағы Талдықорған университеті болып атала бастады. 1996-1998 жылдары білім ордасы шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуды қолға алды.  1998-2001 жылдар аралығында университеттің материалдық базасы нығайды. Мемлекеттік стандарт негізінде оқу жоспарлары жасалып, 17 жаңа мамандық ашылды. Мамандандырылған тестілеу орталығы құрылды. 1999 жылы білім ордасы мемлекеттік статусқа ие болып, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті болып атала бастады. Бірқатар мамандық бойынша аспирантура ашылды.  2001-2008 жылдар аралығында университет ұжымы оқу үрдісін жетілдірді. Белсенді оқыту әдістері мен жаңа технологияларды пайдалануға, жалпы адамзаттық құндылықты және ұлттық ой-сананы дәріптейтін педагогика, психология ғылымындағы жетіс­тіктерді қолдануға, рейтингтік-тестік білім бағалау жүйесін енгізуге күш салды. Оқыту әдістерін жаңартып, жаңа технологияға ден қойған бұл жылдары Жетісу университетінің жұмысы жаңа бір белеске көтерілді. 2008-2016 жылдары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті Қа­зақстандағы оқу орын­дарының арасынан ең бірінші болып педа­гогикалық бағыттағы мамандықтарды халықаралық аккредиттеуден өткізді. 2011 жылы Қазақстанның жоғары оқу орында­ры ассоциациясы мен Еуразиялық уни­­вер­­ситеттер ассоциациясының, ал 2012 жылы Еуразиялық университеттер ассоциациясының жеке ассоциациялық то­лық мүшесі атанса, 2015 жылы БҰҰ универ­ситеттерінің «Академиялық ықпал» құрамының мүшелігіне өтті. Осы кезеңде университеттің шетелдік оқу орындарымен халықаралық байланысы күшейді. Ал 2016-2017 оқу жылында әскери кафедра ашылды.

Еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті білікті де білімді, кәсіби мамандарды даярлау жолында көп еңбектеніп, білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеуден өткіздік. Көпсалалы университеттердің ұлттық рейтингісінде 10-орынды иелендік. Еуропа және Орталық Азия дамушы елдерінің QS ЕЕСА аймақтық рейтингісінде 241-250 үздік жоғары оқу орындарының қатарына ендік. Нарықтық қатынастың білім саласына ықпалы ғылымды коммерцияландыру талабынан анық көрінеді. Қазір ғылымды коммерцияландыру еліміздегі білім саласында қолға алынған жаңа бағыт. Бұл үрдіс отандық ғылымды да­мытудағы маңызды қадамдардың бірі болғандықтан осы бағытта да ауқым­ды шараларды қолға алдық. Уни­вер­­­ситет жанынан Биотехнология мәсе­лелерін зерттейтін ғылыми-зерттеу инс­титуты құ­рылып, «Даму» қорымен бір­лескен «Стартап-Академия» ашылды. Бұл екі құрылымның бірі университет қабыр­ғасында жүргізілген ғылыми-зерттеулерді нарыққа енгізуге күш жұмсаса, екіншісі студент­терге бизнесті практикалық тұрғы­дан үйретеді.

Қорыта айтқанда, қоғамның дамуы ондағы әр саланың жаңа заман талабына уақтылы ілесуіне байланысты. Жаңа заман талабына сай жоғары оқу орындары жаңа заман талабына ілесу үшін жаңа мамандарды дайындауды қолға алуда. Біз де бұл үрдістен қалмай еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында өзі ісімізді мінсіз ат­қаруға бар күшімізді саламыз. Оған оқу орнының базасы мен оқытушы құрамның әлеуеті жетеді деп сенемін.

 

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,

Жетісу университетінің басқарма төрағасы-ректор,

география ғылымдарының докторы, профессор