• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Мамыр, 2021

Саланың басым бағыттары талқыланды

283 рет
көрсетілді

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидулла Әбдірахымов, Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Данияр Рыспеков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың қатысуымен Туристік сала комитетінің отырысы өтті.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева жиынды ашып, комитеттің 2020 жылы атқарған жұмыс есебін таныстырды. «Өткен жыл туризм саласына ауыр тиді. Туризм саласының елдің жалпы ішкі өніміне салымы айтарлықтай төмендеді, себебі туристік кәсіпорындардың кірісі азайып, субъектілердің саны да қысқарды. Кәсіпкерлік қызметтің көп түріне тыйым салынды. Туристік нарық және Денсаулық сақтау министрлігімен бірге біз қонақүйлер, шипажайларға карантиннен шығу алгоритмдерін дайындап, қызыл аймақта қалған өңірлерде 15 адамға дейін экскурсиялар ұйымдастыруға, туристік нысандар үшін жағажайлар жұмысын жандандыруға мүмкіндік алдық. Бизнес іс-шаралары мен балалар лагерьлеріне арналған алгоритмдер де нақтыланды. Барлық санитарлық талаптарды ескере отырып, біз лагерлерді жақын арада ашамыз деп үміттенеміз», деді Ю.Якупбаева.

Сонымен қатар спикер көшпелі туризм саласында атқарылған жұмыстар, «Атамекен», Kazakh Tourism, Мәдениет және спорт минис­трлігі арасындағы ішкі туристік өнімді дамыту бойынша үшжақты жол картасы жайында мәлімдеді.

Жол картасын іске асыруда «Жанды сабақтар» жобасы маңызды бастама болмақ, биыл жоба ел ауқымында таратылып, жаңа оқу пәндерін қамтиды деп жоспарланған. Юлия Якупбаеваның айтуынша, бірқатар жеке мектеп жобаға қатысуға ынта танытып отыр.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидулла Әбдірахымов «Атамекеннің» Үкіметтегі бизнес мүдделерін ұсынудағы тиімді жұмысын атап өтіп, министрлік ұсынған кейбір жаңашылдықтар туралы айтты.

– Туристік маусым басталар алдында біз туристік қоғамдастықпен стандарттау және қызмет сапасын арттыруға байланысты туристік қызметтерді ұсыну ережелеріне енгізілген өзгертулер жобасын талқылағымыз келеді. Бұдан бөлек, біз Kazakh Tourism қауымдастығымен мобильді қосымша әзірлеп жатырмыз, онда субъектілер тізілімі жарияланады, мысалға ту­ристерден кері байланыс алу мүмкіндігі мен гидтер туралы ақпарат жарияланады. Сонымен қатар мамыр айының соңында Түркістанда эпидахуал тұрақталса, туристік форум өткізуді жоспар­лап отырмыз. Сондай-ақ TicketOn сервисі үлгісінде ірі музейлерге билет құнын онлайн-төлеуді енгізуді жоспарладық. E-Qonaq жүйесін енгізуді тездету де маңызды болып тұр.

Жиында комитет мүшелеріне турбизнес субъектілері мен қауымдастықтардан бірқатар ұсыныс жасалды. Complete Service туристік ком­паниясының директоры Абылхан Сәрсенбаев демалыс орындарына келушілер санын арттыруды қамтамасыз ету үшін шипажайлар мен туроператорлардың өзара әрекеттесуінің ма­ңызын атап өтті.

Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей қазір мемлекеттік органдарға көшпелі және кірмелік туризмінің мәселелерін шешу қажет екенін атап өтті.

– Қиын кезеңде біз жұмыла жұмыс істей алатынымызды көрсеттік. Бүгінде әлем елдерінің экономикасы қол режімінде жұмыс істеп жатыр, туризм саласында қазір туристерге алғашқы­лар­дың бірі болып ашылған елдер ұтып жатыр, ондай елдер қатарында Черногория және Мальдив аралдары бар. Сондықтан, бізге сырттан келетін туристерге, ең болмағанда ұйымдастырушы топ­тарға визасыз режімді ашу керек.

Юлия Якупбаева уәкілетті орган және биз­неспен бірлесіп, сырттан келетін туристер үшін шекараны ашып, ВАК қарауына шыға­руға мүм­кіндік беретін механизм әзірлеуді ұсын­ды. «Туристік қоғамдастыққа 2020 жылы ұйым­дас­тырылған жұмысы үшін алғыс айтамын, атқа­рылған жұмыс нәтижесі ішкі туризмнің әлеуеті зор және оған халық тарапынан үлкен қызы­ғушылық барын көрсетті. Осы жылы да бір­лесіп, тиімді жұмыс істеулеріңізді сұраймын, сонда нәтижелер одан да көп болады», деді Ю. Якупбаева.