Еліміздің батысында «Бекіре-2021» балық қорғау акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған акция аясындағы рейд кезінде қамыс арасына жасырылған үш жүрдек қайық табылды.
Атырау облысында 18 мамырда құрамында балық қорғау, полиция, шекара қызметі, табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері бар мобильді топ рейдтік іс-шара өткізді. Іс-шара кезінде Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің жағалауындағы Исатай ауданының Жанбай, Зинеден елді мекендері қамтылды. Рейдке тікұшақ пен жылдам жүретін катерлер жұмылдырылды.
«Теңізге таяу орналасқан Жанбай ауылының маңындағы қамыс арасынан табылған «Ямаха-200» аспалы моторы бар «Байда» үлгісіндегі үш жүрдек қайық, тәркіленіп, Атырау қаласындағы айып тұрағына жеткізілді. Аталған дерекке қатысты полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 512-бабымен(Қазақстан Республикасының аумақтық суларының (теңізінің) және ішкі суларының режимдерін бұзу) әкімшілік хаттама толтырды. Жинақталған іс-құжаттары жүзу құралдарының иелерін анықтау үшін көліктік бақылау инспекциясына жіберілді» деп хабарлады Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі.
Осы кезге дейін Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында балық қорғау акциясы аясында 1000-нан астам құқық бұзушылық анықталды. Ал, заңсыз айналымнан 30 тоннадан астам балық, оның ішінде 4,5 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық түрлері алыныпты. Құқық бұзушыардан 3,5 мың түрлі аулау, сондай-ақ 80 жүзу және транспорт құралы тәркіленіп отыр.