• RUB:
    4.88
  • USD:
    441.8
  • EUR:
    480.02
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Мамыр, 2021

Жүйелі медициналық көмек жалғасады

587 рет
көрсетілді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2021 жылы елорда тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін 17,2 млрд теңге қарастырған. Бұл туралы аталған қордың Нұр-Сұлтан қаласы бо­йынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлімдеді.

Астана халқының денсаулығын сақтау мақсатында бөлінген қара­жат­тың 9,2 млрд теңгесі тегін кепіл­дендірілген медициналық көмекке (ТМККК), ал 8 млрд теңгесі мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру (МӘМС) пакетіндегі меди­циналық қызметтерге арналған. Қор 1 сәуірдегі жағдай бойынша Нұр-Сұл­тан қаласында 108 медициналық қыз­мет көрсетушімен шарт жасады, оның 71-і – жекеменшік клини­калар. Елордадағы жекеменшік ме­дициналық қызмет жеткізушілер үлесі – 66%. Жыл өткен сайын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет көрсетушілер үлесі артуда. Бұл пациенттің үздік кли­никаны таңдауына мүмкіндік береді. Медициналық қызмет көрсе­тушілер тізімін қордың fms.kz сайтынан қарауға болады,  деді Н.Қаб­дықапаров.

2021 жылы қор амбулаториялық-емханалық деңгейдегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңей­­тіп, стационарды алмастыра­тын кө­мекті, күндізгі стационар қызметін, қа­шықтан көрсетілетін медициналық көмекті, профилактикалық тексеру­лерді, бала денсаулығын қорғау, мектеп медицинасы және онкогематология бойынша қаржыландыру көлемін көбейтеді.

Қор тарапынан балалар денсау­лығын сақтауға да ерекше көңіл бө­лі­неді. Атап айтқанда, «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыру үшін ЭКҰ-ға квота санын көбейтуге және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» медициналық оңалту орталығына қомақты қаржы бөлінеді. Сондай-ақ мақсатты топ­тағы пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету назарда болады. 1 мамырдағы жағдай бойынша жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында 3,35 млрд теңге сомасына 282 059 рецепт бойынша 116 060 пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде ТМККК шеңберінде 2,7 млрд теңге, МӘМС 0,65 млрд теңге қарастырылды, деді спикер.

Сонымен қатар бас қалада осы жыл­дың бірінші тоқсанында коронавирус инфекциясымен күрес аясындағы іс-шараларды қар­жы­ландыру 5,2 млрд теңгені құ­рады. Оның ішінде медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу, карантиндік және инфекциялық стационарлар, ПТР-диагностика, мобильді бригадалар сияқты қыз­меттер қам­тылған.

Қазіргі уақытта елордада тұрғын­дардың 83,4%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. МӘМС жүйесі ен­гі­зілгеннен бергі аралықта сақтан­дырылған тұрғындар саны 75 034 адамға көбейді. 2020 жылдың қаңтар айында 922 893 адам болса, 2021 жылдың 1 мамырындағы көрсеткіш – 997 927 адам. Әлі 198 мыңнан аса қала тұрғыны МӘМС жүйесінен тыс қа­лып отыр.