Павлодарда сүйіктісімен ұрысып қалған тұрғын әкімдік ғимараты жанындағы Абай ескерткішінен өшін алған. Ер адам ескерткішке жұмыртқа мен дәретхана қағазын лақтырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиғадан кейінгі көріністі куәгерлер видеоға түсіріп алған. Кадрлардан Абай Құнанбаевтың ескерткішінде ластанған іздер қалғаны, ал маңайында дәретхана қағазы мен жұмыртқа қабығы шашылып жатқанын көруге болады.
Instagram әлеуметтік желісінде видео пайда болғаннан кейін полиция қызметкерлері кінәлі ер адамды ұстаған. Ол 21 жастағы павлодарлық болып шықты.«Ер адам өз әрекетін сүйіктісімен ұрысып қалғаннан кейін мас күйінде жасағанын түсіндірді. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауапқа тартылды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Бап санкциясы он тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алуды көздейді.
Сонымен қатар тәртіпбұзушы ҚР ӘҚБтК-ның 440-бабы бойынша қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған бес айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынған.
Сондай-ақ павлодарлық өз әрекеті үшін өкінетінін айтып, елден кешірім сұрады.