• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Мамыр, 2021

Сиверс – әлемдегі 2 мыңнан астам алма сұрпының атасы

1216 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары Сиверс алмасының байырғы мекені – жабайы ормандарды қалпына келтіру жұмыстары белсенді қолға алына бас­тады.

Бүгінде Сиверс алма ағашының (Malus sieversii (Ldb.)M.Roem) Ал­маты Ботаникалық бағындағы кол­лекциялық қоры ұлттық құн­дылық әрі дүние жүзіндегі жабайы алма клонының бірегей архиві ретінде бағалы. Ал жабайы орманды алқаптарды қалпына келтірудің ғылыми негіздерін жылдар бойы зерттеп келе жатқан мамандар Си­верс алмасының тектік қорын сақтап қалудың маңыздылығына назар аударуда.

Сиверс алмасының еліміз аума­ғындағы өміршеңдігі – Іле және Жоңғар Алатауы тауларындағы әлем­де теңдесі жоқ жабайы орманды алқаптармен тығыз байланысты. Ботаника және фитоинтродукция институтында 1970 жылы биология ғылымдарының докторы, профессор, академик А.Жанғалиевтің бастамасымен құрылған Жемісті өсімдіктерді жерсіндіру және тектік қорын қорғау зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Гаухар Мұқанованың айтуынша, академик алпыс жылдан аса зерттеу ісін алға жылжыта отырып, алма ағашы тектік қорының ерекшелігін елімізге ғана емес, әлемге әйгілеген.

1956-1965 жылдарда орманды алқаптарға жаңа сорттарды отырғызу жұмыстары басталғаны белгілі. Осы кезеңде (теңіз деңгейінен 1200-1600 метрде) оншақты жылдың ішінде 14 мың гектар шамасындағы алқаптар игеріліп, бау-бақтарға басқа өлкелерден көшеттер әкеліп отырғызыла бастады. Поволжьеден жеткізілген Апорт сұрпының бір­неше мың көшетімен бірге парша (Venturia inaequalis) түрі қоса әкелінген. «Алма бақтардың азайып кетуі көп жағдайда қарқынды құрылыстар жүргізу, өнеркәсіптік нысандардың, жолдардың салынуы, мәдени бақтардың отырғызылуы сияқты адам қолымен жасалатын жайттарға тәуелді. Орманды жерлерге бау-бақша отырғызу кезінде ежелгі заманнан келе жатқан орманды алқаптар аяусыз шауып тас­талып, жабайы алма ағаштары апорттың мәдени сұрпымен алма­сып, тозаңданған. Нәтижесінде, Сиверс жабайы алма ағаштары ге­нетикалық өзгеріске ұшырап, өмір­шең емес сұрыптар пайда болды», дейді Гаухар Мұқанова.

Осындай ойластырылмаған шаруашылық әрекеттердің салдарынан Сиверс алма бақтары азайып, Алматы маңында көздің жауын алар хош иісті өлкелер сиреген. Академик А.Жанғалиевтің ғылыми деректері бойынша Іле Алатауындағы жабайы алма алқаптары 70-80, Жоңғар Алатауында 30-40 пайызға жойылды. Ал 1951-55 жылдардағы қатты аяздарда және 1963-1965 жылдары еліміздің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда қыс қатты болмайтыны себепті алмалы аумақтар қурап кеткен. Өткен ғасырдың 60-жылдары академик А.Жанғалиевтің 15 генетикалық, яғни Іле Алатауында жалпы аумағы 1 719 гектар жерді алып жатқан – 8, Жоңғар Алатауында 7 резерватты анықтауы орманды алқапты әрі қарай қалпына келтіру мен селекциялық генетикалық жұ­мыстарды белсенді жүргізгендігін көрсетеді. 1946 жылдан бастап 2007 жылға дейін Қазақстанның тау­лы аймақтарында жасалған кешенді әрі жүйелі экспе­дицияларда (Тар­бағатай, Іле Ала­тауы, Жоңғар, Та­лас, Алатау, Қаратау) Си­верс алмасының өміршеңдігі мен табиғи төзімділігі анықталып, помологиялық (дұрыс) бел­гі­лері, биологиялық және ша­руашылық құнды сипаттамасына орай іріктеліп отырған.

Осы айтылғандарды негізге ала отырып, Сиверс алмасының ерекшелігі қандай дегенге келетін болсақ, Қазақстанда ғана жабайы алма ағашы орманды алқаптар түзетініне назар аударамыз. Сиверс алмасы Қазақстанның жабайы ормандарында бірнеше миллондаған жыл бұрын Бор дәуірінің орта кезеңінде өскен автохтонды түрге (абориген) әрі табиғи жағдайларда 200-250 жыл өмір сүретін (ағашының биіктігі 11 метрге дейін жетеді) көп­теген алма түрінің атасына жатады (Malus domestica). 2000 жы­лы 20-дан астам халықаралық зертханада 2500 алма сұрпының гене­тикалық құрылымы тексеріліп, олардың Сиверс алмасының геномына сәйкестігі анықталған. 1989 жылы елімізге келген АҚШ-тың Корнелл университетінің алма бойын­ша сарапшысы профессор Герберт Одвинкл таулы өлкедегі алма бақтар – бұл планетамыздағы бірыңғай алма қоры және ауруларға төзімділігі арқылы бағалы екенін атап өткен бо­латын. Бүгінде ка­зақстандық бі­регей Сиверс алма­сының әлемдегі алуан түрлі сұ­рыптардың арғы атасы екеніне шет­елдік селекционер ғалымдардың кө­зі жетіп отыр.

Осылайша, академик сал­ған сүрлеу әрі қарай салада ин­но­ва­циялық жобалардың жү­зеге асуы­на мұрындық болды. Қа­зақ­стан­ның жабайы жеміс орманын зерттеу, сақтау және қалпына кел­тіру, оларды мәденилендіру және селекциялық помологиялық бағ­дарламаларын әзірлеу, бота­ни­калық бақ жағдайында жабайы жемісті өсімдіктерді сақтау, ан­тиок­сидті белсенді қоспаларға био­логиялық сараптама жасау, ал­ма ағашы және өріктен бөлінген клон-сұрыпты ормандарды қалпына келтіру, еліміздегі азық-түлік және селекциялық өндіріске енгізу жұ­мыстары жүргізіліп келеді. 2003 жылы академик А.Жанғалиевтің бастасымен Сиверс алмасының 27 клон-сұрпына патент алынса, шырын өндіруде жоғары тех­нологиялық сапаға ие Сиверс алма­сынан бө­лінген клон-сұрыптары бо­йынша селекциялық ұсыныстар жасалған.

Республикадағы аборигендік жемісті ормандарды қайта қалпына келтіру, селекциялық бағдарламалар жасау мен ормандық тұқым шаруа­шылығының тұрақты базасын құру үшін «Орман питомнигі» АҚ-та Сиверс алмасының және кәдімгі өріктің патенттелген 27 клон-сұрпын өндірістік көбейту жұмыстары да жалғасын тауып келеді. Әрі жоғары сапалы дәрумендерге ие шырындар, пектиндер және алуан түрлі жеміс консервілерін өндіруге болады. Сонымен қатар өнеркәсіп өндірісінде әлсіз спиртті сусындар, сидр және кальвадос алуда таптырмайтын шикізат көзі. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметтеріне сәйкес Сиверс алмасы және кәдімгі өріктің клон-сұрыптары инвестиция үшін тартымды нысанаға айналуда.