• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Футбол 24 Мамыр, 2021

Үздіктер ұпайдан шашау шығарған жоқ

164 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті тур ойындары жанкүйерлер күткендей тартысқа әрі голдарға толы болды. Екі күнге жалғасқан 12-турда көш басында келе жатқан «Астана», «Тобыл», «Ақжайық» және «Қайрат» қажетті ұпайын қоржындарына салды. Ал соңғы алты ойынның барлығында жеңіліп, турнир кестесінде көш соңында қалып қойған Талдықорғанның «Жетісу» клубы үш ұпайға қол жеткізіп, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Бұл – «Жетісудың» чемпионаттағы екінші жеңісі.

Турдың алғашқы ойыны Түркістанда жергілікті «Тұ­ран» мен Оралдың «Ақ­жайық» клубтары арасында өтті. Ел чемпионатына биыл тұңғыш рет қатысып жатқанына қарамастан, соңғы үш ойында «Ордабасы», «Шахтер», «Қызылжар» секілді тәжірибелі клубтарды жеңіп, футбол мамандары мен жанкүйерлер назарын өздеріне аударған «Тұран» футболшыларының шамасы бұл жолы «Ақжайыққа» жетпеді. Түркістан облы­сының ұжымы қатарынан үш жеңістің эйфориясынан шыға алмады ма, әйтеуір өз алаңында «Ақжайықтан» 2:1 есебімен жеңіліп қалды. Өткен турда былтырғы ел чем­пионы «Қайраттан» үш ұпай алған «Ақжайық» же­ңіс­тер сериясын төрт ойын­ға жеткізіп, турнир кес­те­сіндегі 3-орнын сақтап қалды.

Ал Оралдан абыройсыз оралып, жанкүйерлердің сынына ұшыраған «Қайрат» осы турда «Ақтөбені» қабыл­дады. Сыннан оң қорытынды шығарып, осы маусымда алғаш рет жанкүйерлерінің қолдауымен ойын өткізген Алексей Шпилевскийдің шә­кірттері 4:2 есебімен жеңіске жетті. Чемпионаттың ал­ғаш­қы бес турын сәтті бастаған «Ақтөбе» осымен бесінші ойында қарсыластарынан жеңілді.

Әр тур сайын чем­пион­дыққа қарай жақындап келе жатқан елорданың «Астана» клубы бұл жолы қарсыласынан басым түсіп, турнир кестесінде өзінен кейінгі орындарда тұрған клубтардан ұзап бара жатыр. Сырт алаңда Қызылорданың «Қайсарымен» кездес­кен елордалық ұжым 5:2 есе­бімен жеңіске жетті. 12-турдан бері бірде-бір ойында жеңілмеген «Астана» ке­лесі турда өз алаңында «Қай­ратты» қабылдайды. Егер елордалықтар бұл матчта да қажетті үш ұпайына қол жеткізетін болса, онда қалған командаларға «Астананы» тұсап ұстау қиын болатын сияқты.

8-турға дейін «Аста­наның» соңына еріп, турнир кестесінде екінші орынға дейін көтерілген «Тараз» қатарынан төртінші ойында ұпай жоғалтты. Өткен турларда «Астана», «Тобыл» секілді үздік клубтарға жол берген жамбылдықтар бұл турда көш соңында келе жатқан «Жетісу» клубын жеңе алмады. Тараздағы Орта­лық стадионда өткен ойын 3:2 есебімен қонақ­тар­дың пайдасына аяқталды. 9 турдан бері жеңіске жетіп көрмеген Ринат Алюетов шәкірттері осылайша мау­сым­дағы екінші жеңісін тойлады.

Өткен турда «Қызыл­жардан» жеңілген «Каспий» бұл жолы «Шахтерден» ұпай алды. «Жас Қанат» стадионында өткен матчта алаң иелері бар мәселені алғашқы таймда шешіп тас­тады. Матчтың 2-минутында «Каспий» шабуылшысы Давид Караев есепті ашса, 9-минутта Уаджди Сали таб­лодағы көрсеткішті еселеді. Ал 30-минутта Караев дубльдің авторы атанды. Айып добынан керемет гол соққан ол осылайша матчтың нүктесін қойды. Сенімді түрде жеңіске жеткен алаң иелері 16 ұпаймен 8-орынға көтерілді. Қарағандылық ұжым 8 ұпаймен 12-орынға табан тіреді.

Соңғы төрт ойынның екеуінде жеңіліп, екі матч­­­та тең түскен «Ордабасы» клу­бы бұл турда да ұпай бөлі­суге мәжбүр болды. Атырауға қонаққа бар­ған шымкенттік ұжым «Мұ­найшы» стадионында өткен ойында  «Атырау» клубымен 0:0 есебімен тең ойна­ды. Кездесудің 61-мину­тында «Ордабасы» клубы­ның қорғаушысы Але­к­сандр Симчевич өз айып алаңынан тәртіп бұзған­дықтан, төреші пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын орындаған «Аты­рау» клубының жартылай қорғаушысы Доньет Шкод­ра бұл мүмкіндікті голға айналдыра алмады. Бір ұпай­ды қанағат еткен екі команда да турнир кестесіндегі өз орындарын сақтап қалды.

12-турға жоспарланған соңғы матчта «Тобыл» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжар» клубын 2:0 есебімен айқын басым­дықпен жеңіп, турнир кес­те­сіндегі екінші орнын сақ­тап қалды. Қостанайлық клуб сапынан 64-минутта Не­манья Николич пен 77-минутта Серікжан Мұжықов мергендігімен көзге түсті.

Сөз басында айтқан­дай, өзге турлармен салыс­тыр­ғанда бұл турдың ойындары голға бай болды. Жеті матчтың тек бір кездесуінде ғана есеп ашылмады. Қал­ған алты ойында жалпы – 25 гол соғылды. Биылғы маусымдағы гол соғу бо­йынша рекорд әзірше 4-турға тиесілі – 32 гол.

23-24 мамырда өтетін 13-турда «Ақтөбе» – «Тұран», «Астана» – «Қайрат», «Жетісу» – «Қайсар» (ойындар жексенбі күні өтеді), «Ордабасы» – «Тараз», «Қызылжар» – «Атырау», «Шахтер» – «Тобыл» және «Ақжайық» – «Каспий» (ойындар дүйсенбі күні өтеді) клубтары кездеседі.