Бүгін 75 мыңнан астам талапкер 51 тестілеу пунктінде ҰБТ тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.
Оның ішінде 52 512 түлек тестілеуді қазақ тілінде, 19 622 – орыс тілінде, 182 – ағылшын тілінде тапсырды. 5 пән бойынша орташа балл 68,94 құрайды, ең жоғары балл – 138.
«Ұлттық бірыңғай тестілеу штаттық режимде өтіп жатыр. Бүгінгі таңда 87 түлек тестілеуге кіргізу кезінде аудиторияға тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқаны үшін ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу ережесін бұзғаны үшін аудиториядан 287 адам шығарылып, олардың тестілеу нәтижесі жойылды», деді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов.
Тестілеуге кіргізу кезінде 8 түлектің дене қызуы көтерілген, бұл түлектер ҰБТ-ны басқа күні бөлек тапсырады.