Бейнелеу әлемі өнерге жата ма? Есіңізге Пикассоны түсіріңізші. Ол сурет кеңістігін ғылыми объект ретінде таныған қалыбы жоқ ғұлама. Қиялға жүйрік шебер картина жазған сәтінде жаңа бір дүниенің есігін ашқандай болады. Үнемі солай. Өзін қайталаған күні қылқаламымен қоштасуға дайын. Ал біз нені көреміз, соның тілінде сөйлеуге әдеттеніп алғанбыз. Шеңбер ішіндегі шимайлар адамның танымын тарылтады. Бояулар еркіндікті сүйеді. Олар да құс секілді.
Суретшілер одағының мүшесі Марат Бекеевтің «Толық ай ІІ» картинасындағы түстердің бір-бірімен матаса келіп, жаңа бір есіктің қақпасын қағып тұруы оқырманның көңіл толқынысын туғызуы мүмкін. Кез келген есік – жаңа жолдардың алғашқы адымы. Картина символизм элементтерімен абстракционизм стилінде орындалуының мәні сонда жатыр.
Абстракционизм – кескіндеме мен өнердегі жалпы қоршаған ортаны нақты бейнелеуден бас тартатын стиль. Бұл стильді ұстанушылар көрермендерге белгілі бір сезім тудыру үшін сызықтарды, жазықтықтарды және басқа да нысандарды біріктіре отырып қарапайым және күрделі пішіндерді салады һәм түстерді ойнатады.
Туынды көшпелі тайпалардың ежелгі мәдениетінің бірі – тәңіршілдік символдарына толы. Өнердегі символдық туындыларға тән қасиеттер – мистика, жұмбақ мифтік және киелі тақырыптар және сюжеттер, ишаралар, астарлап жеткізу. Осылардың барлығы Марат Бекеевтің картиналарында бар.
Шынында, біз қалалықтар қауырт күндердің қым-қуыт жүгірісімен аптығып жүріп, тіршілік көріністерінен әсер ала алмаймыз. Жұмысқа әдеттегідей асығып бара жатқан кезіңізде көшедегі ойын баласы жолыңызды бөгеп: «Ағатай, жаңа ғана аспанның әнебір шеті жұмсақ көгілдір түстен жібек күлгінге қарай ауысып еді, енді келіп тотияйындай көкпеңбек бола қалыпты ғой», деп тіл қатса, не деп айтарыңызды ойландыңыз ба? Сұраушының ақыл-есінің дұрыс не бұрыстығына күмән келтіріп, әрі қарай шаруаңызға беттейтін едіңіз. Өмірге бала түсінікпен қарау сіз үшін қораш, өте қарабайыр толғам секілді.
Аспанның айнығыштығына, жарықтың жер бетіне әсеріне, сәт сайын өзгеріп отыратын күн шұғыласы мен көлеңкенің тартысына, түн жамылған дүниенің дидарына бояу жақсаңыз, өмір бір сәтте өзгеріп шыға келетін еді. Бірақ көк аспанның бетінде қалқыған қазбауыр бұлттардың бір қалыпта тұрмайтыны өкінішті. Әйтпесе өмірге суретшінің көзімен қарағанға не жетсін!
Сондықтан ғой, картинаға бір қарағанда оған бейберекет жиналған сызықтар, фигуралар мен таңбалар салынған сияқты. Ал зерделеп қарайтын болсақ, суретшінің көрерменді белгілі бір ойларға немесе көңіл күйге әкелетін тұтас композиция жасағаны түсінікті болады. Суреттегі графика элементтері кескіндемеге ауысып отырады. Олар қатар тұрады, араласады және көрерменді таңғалдырады. Мүйізді басын иген алып бұқаны, екі балапан жатқан ұяны, атты және балықты көресіз.
Суретшінің ең керемет қасиеті – түстерді ойната білуінде. Оның картиналары кереғарлық ұстанымымен құрылса да, бояулардың реңктері бәсеңдетілсе де, олардың кез келгені жалпы түсінің қандай болғанына қарамастан, үйлесімді орналасқан. Бұл сурет те жинақы әрі астарлы. Көріп тұрғандарыңыздай композициялық ырғақтардың бейберекеттігі қара немесе көк түстермен бейнеленген. Бұл оның жұмыстарына ерекше метафизикалық мән береді.
Картина жазуда қойылатын ережелерді аттап өтіп, айдың көз қарықтырар жарығын, көңіл биігінде жаңбырдың төгіп өтіп, теңізбен араласып, жартасқа ұрған көк долы кейпін кенепке түсіре білген, ұстатпайды-ау дегенді дәргейіне жыққан автордың еңбегі үлкен. Айға жерден көз салған жанарлардың жиынтығы бар мұнда. Палитрадағы бояулардың әрқайсысы өз орындарынан жылжып, құбылмалы реңкке, таңғажайып түстерге ұласуға асығып тұрғандай. Сағымдай құбылып, сабындай бұзылып, танитынды да, танымайтынды да өзіне телмірткен туындының жұмбағы осында.
Бейнелеу өнерінің биік мінберінен қарағанда, жеті бояу туралы ортаға салар пікір, жеке талғам тұрғысынан авторға қояр сауалдар көп. Жеті бояу арқылы адалдық пен арамдықты, аңқаулық пен қулықты, махаббат пен зұлымдықты, сүйіну мен күйінуді, бір сөзбен айтқанда, өмір деген үлкен ұғымға тән кереғар құбылыстарды ай бетіне орналастырған суретшінің жалғызды көптен, жалпыны жалқыдан бөле қарамайтыны сезіледі. Мыңдаған жұлдыздардың арасында, асқақ қалпын жоғалтпаған, көзге бірден шалынатын сұлу айдың сызбасы рентгенге түскенде осылай болмақ. Бұл суретшінің өз аспанындағы айы.