• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 26 Мамыр, 2021

Нығмет Нұрмақов және Алаш зиялылары

1955 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылы 24 қара­шада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» № 456 Жарлығының шығуы сая­си қуғын-сүргін мәселелерін жан-жақты зерттеп, зерделеуге үлкен серпін беріп отыр. Тарихи құжаттың алға қойған мақсаты Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендерді мәңгі есте қалдыру болатын болса, сондай тұлғалардың бірі  Алаштың ардақтысы, мемлекет және қоғам қайраткері – Нығмет Нұрмақов.

Бесік жырының жауһарлары Тәттімбеттің күйіне ұласып, қа­зақ­тың рухани құндылықтарын бо­йына сіңірген ол он үш жасын­да А.Байтұрсыновтай ұлы ағар­ту­шының алдын көріп, тәлімін алды. Қарқаралыда ұлт үшін ұран сал­ған Алаш зиялыларының үніне құ­лақ түріп, ой-тамызық етті. Омбы­да мұғалімдер семинариясы­на оқу­ға шақырып, білім алуына қам­қорлық жасағандардың бірі ата­лас туысы Ақайдың Қасені за­ман ағымын дұрыс барлап, ұлт зия­лылары А.Байтұрсынов, Ә.Бө­кей­хановтармен пікірлес, қа­рым-қатынаста болса, екіншісі осы оқу орнының оқытушысы, қазақ өлкесі тарихының білгірі А.Седельников Ә.Бөкейхановпен ежелден шығармашылық байланыста еді.

Әлихантанушы С.Аққұлының айтуынша, Самарада тұрған 1909-1917 жылдары Ә.Бөкейханов Ресейдің Санкт-Петербург, Томск, Омбы қалаларына еркін ба­­рып тұрған. Бір кездері өзінің қо­­ғамдық-саяси қызметі қызу жүр­­ген Дала өлкесінің орталығы Ом­­быға келіп, ежелгі танысы А.Се­дель­никовпен, Қарқаралыдан осын­да жиі келіп жүретін саяси серігі Ж.Ақбаевтармен байланысын үзген жоқ. Біздің ойымызша, осындай бас қосуларда қазақ зиялыларының елден жырақта оқып жүрген қазақ жастарымен де кездесулері әбден мүмкін. Бұрын атын естігенімен кейін «Қазақтың» беттерінен қанық бола бастаған Ә.Бөкейхановпен Н.Нұрмақовтың танысуы жерлесі Ж.Ақбаев арқылы осы кезде басталды.

Семинариядағы Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ш.Әл­жанов сияқты жастардың сая­­си ой-санасының оянуына Омбы­дағы орыстың демократияшыл зиялыларының азаттық, бостандық идеяларымен қатар «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналындағы ұлт зиялылары көтерген мәселелер әсер етті. Олай дейтініміз қарас­тырылған уақытта олардан бас­қа қазақ тілді басылым жоқ. «Қа­зақ» газетінің бірінші нөмірінде А.Байтұрсыновтың: «өзіміздің өзіндік ерекшелігімізді сақтап қа­луымыз үшін бар күш пен құралды жұмсап, оқу-ағартуға және ортақ мәдениетке ұмтылуымыз қажет» деп, қазақтың ұлт ретінде өсіп-өркендеуінің жолдарын ортаға са­луы өз елінің болашағы тол­ғандырған жастарды бей-жай қал­­дырмады, санадағы сілкініс «Бір­лік» ұйымының құрылуына әкелді. Өмірінің омбылық кезеңі, Алаш зиялылары көтерген азаттық идеялары Н.Нұрмақовтың саяси-ағартушылық көзқарасының қа­лыптасуына ықпал етті.

Н.Нұрмақовтың азаматтық ұс­танымы мен қарым-қабілеті ал­ғаш 1916 жылғы оқиғалар ке­зінде көрінді. Белгілі ғалым М.Қой­гел­диев өзінің «Алаш қозғалысы» мо­нографиясында қарқаралы­лық дәрігер С.Шәлімбековке тоқта­ла­ды. Тыл жұмысына баратындар­ға жәрдем көрсетіп жүріп, сүзек ауруын жұқтырып қайтыс болған оны жерлеу кезінде Ж.Ақбаевтың «25 июнь жарлығы шыққан соң халыққа насихат айтып, қазақты көндіруге себепкер болғанның бірі Сәдуақас еді. Басқа жерлерде қан төгілген, асылған, атылған көп, Қарқаралы қазағы бұл пәледен оқығандардың арқасында аман болды» деген сөзін келтіре келе, Алаштың орныққан әлеуметтік тірегінің болуы Қарқаралы өңі­рінде қанды оқиғаларға жол бер­меді деген қорытынды жасайды. Қоғамның өзге әлеуметтік топ­та­рына қарағанда мұғалім қауы­мы­ның белсенділігін, үгіт-на­си­хат, түсіндіру жұмыстарын өз­деріне парыз санайтынын, әрі сол уақытта олардың саны саусақпен санарлықтай екенін ескерсек, Н.Нұр­­мақовтың да таным-түсінігі олар­­дан алшақ кеткен жоқ. «Қазақ» га­зетіндегі көтеріліске шықпауға, май­дан жұмысына баруға үндеген Алаш зиялыларын қолдады, тыл жұмысына тізім жасау кезінде бай-болыстардың бұрмалаушылық әре­кеттеріне қарсы шықты. Оның осы кездегі іс-әрекеті халық мүд­де­сі жолындағы күресінің бастама­сы болды.

Қарқаралы уезі Дегелең болы­сының тумасы, сол уақыттың куә­гері, жазушы С.Бегалин Н.Нұр­мақов жайлы «Асыл азаматты еске алғанда» атты естелігінде «май­дан жұмысына баратын жігіт­терге басшылық етем» деп, Қар­қаралыдан аттанған жігіттерге мың­басы болып, өзі тіленіп кетеді. Семейге келген оған губерниялық оқу инспекторы Скорковский рұқ­сат бермеген көрінеді», дейді. Н.Нұрмақовтың мұндай шешімге келуіне Алаш зиялыларының үн­деуі себеп болды.

Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің архиві қорындағы же­ке ісіндегі өз қолымен жазған өмір­баянында «әуелде төңкерістің бол­ғанына сенер-сенбесімізді білме­дік. Екі аптадан соң жан-жақтан келген хабарлардан шындыққа көз жеткізгеннен кейін ғана іске кірістік», дейді Н.Нұрмақов Ақпан төңкерісінен кейінгі аласапыран кез туралы. Мұндағы «шындыққа көз жеткізгеннен кейін» деп отырғаны Минскідегі Ә.Бөкейханов баста­ған қазақ зиялылары қазақ өлкесін­де­гі 25 адамның атына бостан­дық күні туғанын айтып, халықты жаңа билікті қолдауға шақырған же­делхаттар жіберді және соның үшеуі Қарқаралыдағы Ж.Ақбаевқа, Қ.Ақаевқа, С.Бөкейхановқа жол­данды. Алаш көсемі қазақ хал­қы­ның ұлттық мәселелерін шешу үшін ел арасындағы беделді, пікірлес азаматтарға үміт артып, бірігуге шақырды. Олардың қатарына Н.Нұрмақов сынды оқыған, бел­сенді жастар да қосылды, ұлт көш­басшысына қолдау көрсетті.

Қазан төңкерісінен кейін 1918 жылы ақпанда Н.Нұрмақов Қар­қаралы уездік депутаттар Кеңесіне кіріп, Кеңес өкіметінің шарала­рын жүргізуге қатысады. «Өзімізді боль­­шевик деп санағанымызбен боль­шевиктік идеялардан мүлде ха­барсыз едік», дейді ол өз өмір­баянында. 1918 жылы маусымда ақтардың контрреволюциялық бүлігінен кейін қамауға алынып, сол жылдың қыркүйегінен 1919 жылдың желтоқсанына де­йін он үш ай түрмеде отырады. 1919 жылғы желтоқсаннан Қар­қаралы уездік ревкомының мү­шесі, төрағаның орынбасары. 1920 жылғы 16 наурыздан большевиктер партиясының мүшесі. 1920 жылдың қазаны – Кеңестердің Бү­кілқазақтық бірінші съезінің делегаты. Жеке ісіндегі анкета осылай жалғасып кете береді.

Біз Н.Нұрмақовтың көп жай­ларды ашық, шынайы айта ал­мағанын айтқымыз келеді. Бұл ретте оның жеке ісі 1922-1924 жылдары толтырылғанын, өмірбаяны­ның да осы кезеңде жазылға­нын ескеру қажет. Коммунистік идео­логия кеңес қоғамын түгелдей шырмап, таптық көзқарас орнықты. Кез келген қызметкердің жеке бас құжатында әлеуметтік шығу тегі көрсетіліп, әрі оның кедей табынан екені міндетті болды. «Алаш» партиясы, Алашорда туралы айтуға тыйым салынды. Н.Нұрмақов та қатаң саясат, қатаң талаптан аса алмады. Н.Нұрмақовқа байланысты мақалалар мен естеліктерде оның табанды большевик болғаны, Қазан төңкерісін қуана қарсы алғаны, Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрескерлігі жайлы айтылады. Бүгінде бұл тұжырымдар қайта қарауды қажет етеді.

Архив құжаттары Н.Нұр­ма­қовтың 1917-1918 жж. ұстанымы мен қызметі, оның Кеңес өкіметіне, большевиктер партиясына қатысы туралы бұрын белгісіз болып келген жайларды ашуға мүмкіндік береді. Солардың бірі – Н.Нұрмақовтың 1919 жылы 30 қаңтарда Қарқаралы түрмесінен қаладағы «Мұғалім­дер одағына» жазған хаты. Хатта ол Ақпан төңкерісіне дейін туған болысының болыс басқарушысы Қ.Ақаевқа аудармашылық қызмет еткенін, төңкерістен кейін уездегі бұрыннан келе жатқан Қ.Ақаев пен Ж.Ақбаевтың партиялары арасында текетірестің өршігенін, өзіне де әсері тигендіктен мұндай дау-дамайдан бейтарап болғанын, қазақ жастарының басын қосып «Дала одағы» ұйымын құрғанын баяндайды. Семейден келген облыстық атқару комитетінің комиссары Н.Құл­жановтың талап етуімен екі партияның татуласып, ымыраға келгенін қуана қарсы алғанын да жасырмайды. Қазақтардың бірігуі биліктегі өздерінің ықпа­лын әлсіретеді деп қорыққан жер­гілікті орыс шенеуніктерінің екі партияның арасына от жағып, біріне бірін айдап салғанын, әсіресе Ковалев, Шеломенцев дегендердің белсенділігін, большевиктер туралы зор құлшыныспен айтқанын, 1918 жылы ақпан айының басында Кеңес өкіметін қолдап жоғарғы жаққа жеделхат жіберуге «Дала одағының» мүшелері мен басқа да ұйымдарды үгіттегенін, Ковалевтің депутаттар Кеңесін құру туралы қаулы шығарғанын баяндай келе, Н.Нұрмақов, бұған бастапқыда сеніп қалған өздерінің соңынан Ковалевтің арам ойы әшкереленген соң, барлық қаулылардан бас тартып, жойғандарын айтады.

«Бар-жоғы үш-төрт күн ғана болған Ковалевтің депутаттар ке­ңе­сінен соң Қарқаралыға Ке­ңес өкіметі мен большевиктерге қар­сы арнайы үгіт жүргізген қазақ зия­лыларының «Алаш» пар­­тия­сының белгілі жетекшілері Ә.Бө­кейханов пен А.Байтұрсынов келді», дейді Н.Нұрмақов әрі қарай жағдайдың қалай өрбігені жайлы. «Олар бізді, қарқаралылықтарды билікті басып алып, адамдарды аяусыз қырып жатқан большевизммен, жалпы орыс большевиктері­нің іс-әрекетімен таныстырды. Өз халқының жақсылығын қалайтын әрбір азамат төніп келе жатқан қауіптен қандай да бір жолмен құтқару идеясын ұсынды. Ақпан айының соңында Қарқаралыда Запастағы солдаттар Одағының бастамасымен Кеңес өкіметі қай­та ұйымдастырылып, кейін ол Қызыл Армияға айналдырыл­ды. Бұл күшке қарсы тұру мүмкін емес­­тігін білген қазақ халқы бүкіл Семей облысын большевиктер басып алғандығына, сондай-ақ қа­зақтардың өздерінің нақты күші мен өзара келісімнің жоқтығына байланысты өз өкілдерін депутат­тар Кеңесіне жіберуге, сол ар­қы­лы Орталықтағы большевиктер ықпалының алдын алу және жергілікті жердегі большевиктерді ішінара бәсеңсіту, жою туралы шешім қабылдады, солай болды да. Мен соңғы депутаттар Ке­ңесін ұйымдастыруға қатысқан жоқпын және оған халықтың талабымен, алдымен «Дала одағынан», кейінірек қазақ депутаттары Ке­ңесінің жеті өкілінің ішінде кір­дім. Сондай-ақ, қазақ депутатта­ры Кеңесін жоғарыда аталған мақ­сатты іске асыру үшін уездің барлық қазағы бірігіп құрғанын еске салуды қажет деп санаймын. Мен уездік депутаттар Кеңесінде болған кезімде мүмкіндігінше кез келген большевизм мен зор­лық-зомбылықтан ада «Алаш» партиясының бағдарламасын ұс­тандым». Осылайша мән-жайды түсіндірген Н.Нұрмақов большевик болмағанын, ешқашан большевиктік әрекет жасамағанын, бұған «Мұғалімдер одағындағы» әріптестерінің кепіл бола алатынын ағынан жарыла келе, тек жастық пен тәжірибесіздіктің, партиялық текетірестің әсерінен осындай жағдайға түсіп қалғанын айтып, өзін ақ гвардияшылардың түрмесінен құтқарып алуды өтінеді.

Ұлттардың теңдігі мен бостан­дығын жариялаған Кеңес өкіметінің ұрандары соғыс пен ауыртпалық­тан қажыған халықтың көпшілігі­нен қолдау тапқаны мәлім. Бірақ Уақытша үкіметті жақтайтындар Кеңес өкіметіне табанды қарсылық көрсетті. Солардың қатарында большевиктер билігін заңсыз деп таныған «Алаш» партиясы да бол­ды. Олар халықты Кеңестерді мо­йындамауға, оған қарсы күресуге, ұлттық әскер, милиция құруға ша­қырды. Кеңес өкіметінің Қазақ­стан­ның аймақтарында бірдей ор­нықпағаны, Жетісу, Семей облыс­тарында аса күрделі, қарулы күрес нә­тижесінде орнағаны белгілі. Се­мейдің өзінде Омбыдан арна­йы 100-ге тарта большевикті жі­бер­геннен кейін 1918 жылы 17 ақ­панда билік Кеңестердің қо­лына көшті (Қазақстан тарихы. Бес томдық. 4-том. 2010. 129 бет). Ал өндірісі мен теміржолы, жұ­мысшы табы жоқ, негізгі халқы жергілікті қазақтардан тұратын Қарқаралы сияқты түпкірдегі өңір­ге большевиктік идеялар тарала қоймады. Керісінше, халық қазақ оқығандарының идеяларымен, ­үгіт-насихатымен жақсы таныс бол­ды әрі ол идеялар халыққа жа­қын, тү­сінікті болатын. Мәселен, Се­мей об­лыстық қазақ комитетінің ор­ганы «Сарыарқа» газетінің 1917 жылдың желтоқсан айындағы са­­нында «Қарқаралыға Әлихан (Бө­­кейханов) мен Ахметтен (Бай­тұр­сынов) милиция жасауға жедел­хат келгені, соған сәйкес қа­зақ, мұ­сылман комитеттерінің қа­былда­ған қаулысын қала халқы құптап, екі күн ішінде 5000 сом ақша жи­нағаны, милицияға өздерінің балаларын бергені» туралы айтылады («Сарыарқа» газеті. 1917 жыл / Құраст. проф. Ғ.Әнес. – 2017. 331-333 беттер.). Бұдан Қарқаралы хал­қының кеңестік билік үшін кү­респегені айқын көрінеді. Олай болса, Н.Нұрмақовтың уезде Ке­ңес өкіметі әскер күшімен орнады, қазақтардың қолдауы оларға қарсы тұра алмағандықтан деуі шындыққа жақын және оның «большевиктік идеялардан хабарсыз едік» дегенін бекіте түседі.

1917 жылдың қазан айларын­да «Алаш» партиясының об­лыс­тық ұйымдары қалыптасып, Се­мейде, Омбы мен Орынборда Ә.Бө­кейхановтың өзі бас болып партия бағдарламасын таратып, үгіт-насихат жүргізді (М.Қойгел­диев. Алаш қозғалысы. І том. – 2008. 395-396 беттер.). Қарқаралыда бұл жұмысты Алаштың тірегі болған қазақ комитеті атқарғандықтан уездегі зиялы қауым «Алаш» пар­тиясының бағдарламасымен таныс болды. Сол уақытта Н.Нұр­мақовтың қатарластарының арасында күні кеше «Бірлікте» өзімен бірге жүрген «үстінен халықтан сексен арыз түскен, 1916 жылы қазақты қан қақсатқан Олжабай тәрізді адамдардың батасын алған пар­тияда бола алмайтындығын» айтып, бас тартқан С.Сейфуллин де, партия бағытымен келісіп, оған мүше болған М.Жұмабаев, А.Сейітов, т.б. болды. Н.Нұрмақов­қа келсек, оның көзқарасы мен та­ным-түсінігі партияға кіргендерден алшақ кеткен жоқ. Оның «Алаш» партиясын қолдап, берік ұстануы партия бағдарламасының қазақ халқының мұң-мұқтажы мен мүд­десіне сай келуінен және өз мақ­сатымен үн­дестігінен болды.

Осы жерде «Н.Нұрмақов не­ге «Алаш» партиясына кірген жоқ?» деген сұрақтың тууы заңды. Мұны былайша түсінген жөн. Н.Нұр­мақов қызмет етіп, араласқан ортада Алаштың жетекшілерінің бірі Ж.Ақбаев, Н.Орманбетұлы т.б. қо­ғамдық-саяси өмірде ысыл­ған бел­сенді күрескерлер болды. Олар жас жағынан да, білім жа­ғынан да Н.Нұрмақовтан әлде­қай­да жоғары еді. Семейдегі об­лыс­тық қазақ ко­митетінің мү­ше­лері Р.Мәрсеков, Х.Ғаб­ба­сов­тар жоғары білімді бел­гілі қай­раткерлер, Б.Сәрсенов, А.Қо­зы­ба­ғаровтардың орта арнаулы білім­дерімен қоса Н.Нұрмақовтан бір мүшел үлкендіктері болды. Сон­дықтан да саясаттың қазанында қай­нап, ысылған серкелермен бірге қала, губерния деңгейінде қызмет істеп, тәжірибе жинаған танымал тұлғалардың «Алаш» партиясына бірінші болып кіруі даусыз болатын.

Біздің ойымызша, Қарқаралы уездік депутаттар Кеңесіне қазақ­тардың өз өкілдерін жіберуі дұ­рыс шешім болды, өйткені ендігі уақыт­та қазақ халқының мүддесін шешу тек ресми билік арқылы ғана мүмкін еді. Сондай-ақ, большевиктер жүргізген әлеуметтік-экономикалық шаралардың отар­шылдық пен соғыстан, аш­тық­тан күйзелген халықтың көңі­лінен шыққанын да ескерген жөн. Сондықтан мақсаты ту­ған халқының мұң-мұқтажы мен та­лап-тілегін жүзеге асыру болған Н.Нұрмақов жергілікті кеңестік биліктің құрамында ел ішіндегі күйзелісті жою, халықтың әл-ауқа­тын көтеру, оқу-ағарту жұмыс­та­рына белсене араласты. Сол уақытта досы С.Сейфуллинге жаз­ған хатында «...Бұрынғы патшаның тепкісінде жаншылған халықтарға теңдік беріп, адам санына санайтын жалғыз большевиктер партиясы екеніне көзім жетті. Сол себепті мен де большевик болдым...» деуі осыдан болса керек.

1920 жылы 1 ақпанда Қарқа­ра­лы уездік ревкомы ревком құра­мын қайта құру туралы мәселе қарап, «Нұрмақовты коммунистік партия қатарында жоқ және «Алаш­орда» қазақ ұйымының мүшесі болғандықтан ревком төрағасының орынбасары және мүшелігінен шы­ғару» туралы қаулы қабылдады. Жаңа құрамға бірауыздан Спирин, Блощицын, Базилевич және Михеев сайланды. Кейінгі отырыстар хаттамаларында Н.Нұрмақовтың аты кездеспейді.

«Нұрмақов пен Керейбаев ком­мунистік партия қатарына кіру­ге өтініш жазды», дейді Қарқара­лы ревкомының төрағасы С.Радченко 1920 жылы 1 наурызда губерния орталығы Семейге жолдаған жеделхатында. Н.Нұрмақов өмірін­де­гі бетбұрыс кезең осы болды. Ма­қалаларда Н.Нұрмақовтың большевиктер партиясына кіруіне оның кеңестік идеяларға берілгендігі, Омбы большевиктерімен, Қар­қа­ралыдан Омбыға ауысқан бұрынғы ұстазы Е.Полюдовпен хабарласып тұруы, олардың ақыл-кеңестері себеп болғаны айтылады. Бұл – біржақты пікір. Біз бұл жерде басқа да факторлардың бар еке­нін айтқымыз келеді. Әлбетте, Колчактың түрмесінде он үш ай отырып, өлім аузынан қалған Н.Нұрмақовтың Кеңес билігіне бас ұрып, уездік коммунистік бастауыш ұйымға бірінші болып кіруі керек еді ғой. Ревком төрағасының орынбасары ретінде әрі қазақтар арасынан коммунист болып, көш бастап үлгі көрсетуі де керек еді, олай болмады. Сананы мазалайтын сұрақ біреу: «Неге?».

Н.Нұрмақов ХХ ғасырдың басында отаршылдыққа қарсы азаттық, бостандық идеялары ту­ған, әйгілі «Қарқаралы петициясы» жазылып, Алаш қозғалысы бастау алған ортада туып өсті. Қозғалыстың жетекшілері есейе келе оның күрескер ұстаздары болды. Ол қазақ халқын отар­шыл­дық езгіден құтқаруда Алаш зиялыларының идеяларына сенді, олармен жақын араласты, олар құрған «Алаш» партиясының бағдарламасын қолдады. Мем­лекет билеу түрі, автономия мәсе­лелеріне терең бойлай қоймаса да бағдарламаның ұлттық мүддеге ұйысқан шешімдері түсінікті еді, сондықтан аумалы-төкпелі кезеңде оны темірқазық етті. Ол бай-ке­дей деп бөлмей барша қазақтың қа­мын ойлады. Уездік ревком құра­мына бастапқыда қазақтардан жал­ғыз Н.Нұрмақовтың кіріп, әрі төр­ағаның орынбасарлығы­на таға­йындалуы оның қазақтар арасындағы беделінен, ұстанымы мен табандылығынан болды. Олай болса, Н.Нұрмақовты Алашорда қазақ ұйымының мүшесі деуде негіз де жоқ емес. Оның коммунист болуға құлшынбауы да осыдан.

Мәселеге байланысты Н.Нұр­мақовты тергеу материалдарына зер салайық. 1937 жылы 3 маусымда тұтқындалған Н.Нұрмақовқа маусым айында үш рет тергеу жүргізген. 4, 15, 25 маусым күнде­ріндегі тергеу кезінде ол ешқашан контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның мүшесі болмағанын айтады. 23 шілде күні берген жауаптары назар аударуды қажет етеді.

Сұрақ: Сіз БК(б) П қатарына кіргенге дейін басқа саяси партияға мүше болдыңыз ба?

Жауап: Мен 1920 жылға дейін кеңеске қарсы ұлтшыл Алашорда партиясына мүше болдым.

Сұрақ: Сіз Алашорда партиясынан ресми түрде шықтыңыз ба?

Жауап: Мен Алашорда партия­сынан шығу туралы ресми өтініш берген жоқпын.

Сұрақ: Коммунист бола жүріп сіз өзіңіздің бұрын Алашорда партиясында болғандығыңызды мәлімдедіңіз бе?

Жауап: БК(б)П қатарына өткен кезде менің оған дейін Алашорда партия ұйымында болғаным белгілі болатын.

1937-1938 жж. қуғын-сүр­гін кезінде партия-кеңес қызмет­керлерінің көпшілігіне олардың оппозициялық топтармен бай­ла­нысының кез келген түрі айып болып тағылды. Бұрын боль­ше­виктік емес партияларға кірген ұлтшылдар соңғы уақытқа дейін Кеңес өкіметіне қарсы жасырын «контрреволюциялық әрекет» етіп келді деп айтылды. Оларға «Алаш» партиясының өкілдерін де кіргізді. Тұтқындалғандардың осал тұсы да ұлттық партияларға қатысында болды. 1937 жылдан бастап И.Сталиннің рұқсатымен «қажет» «дәлелдер» алу, «айыбын» мойындату үшін тұтқындарға күштеу, қорлау әдістері қолда­нылды. Жалған куәгерлер, өтірік көрсетулер жасалды, тергеушілер хаттамаларды ойдан құрастырды. Сондай-ақ, мұндайда адамның шынын айтуы да мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Біз­дің ойымызша, алдыңғы тергеу­лерде Қазақстандағы ұлттық мәсе­лелердің шешілуі, оған Алаш зия­лыларының қатысы егжей-тегжейлі зерттеліп, тергеушілердің Н.Нұрмақовтың ұлттық мүддені қорғаған әрекеттерін ұлтшылдыққа айыптауға «бұлтартпас айғақ» деп тауып, ұлтшылдығының түп-төркіні Алашордаға тірелген кезде жасырмай шындықты айтуға бекінген болуы керек. Қалай болғанда да жоғарыда біз зердеден өткізген мәселелер, Н.Нұрмақовтың өзінің сөздері оның тергеу кезіндегі көрсетулерімен сәйкес келеді. «Алаш» партиясына ресми мүше болмағанымен Н.Нұрмақовтың жауаптарының негізінде оның партия бағытын ұстанғаны, Алаштың жолымен жүргені жатыр.

 

Сәуле ҚАСЫМОВА,

тарих ғылымдарының

кандидаты, доцент