• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Мамыр, 2021

Цифрлы валюта шығарудың сәтсіз әрекеті

220 рет
көрсетілді

НЬЮ-ЙОРК. 2019 жылғы маусымда Facebook батыл мәлімдеме жасады. Бір жыл ішінде жаңа әлемдік валюта – Libra-ны іске қосатынын хабарлады. Жоспар бойынша трансшекаралық операцияларда ұлттық валютаға балама ұсынылып, банк қолданбайтын миллиардтаған адамға арналған төлем желісі жасалуы тиіс еді. Дижитал ақша негізін қатаң сақтаған Libra-ны Швейцариядағы қауымдастық шығаруы керек-тұғын. Сондай-ақ ұлттық валюта себетінде сақталып, дербес елдерге тәуелді болмауы тиіс еді.

Бірақ көп ұзамай Facebook оған қызығушылығын азайтты. Содан бері Libra-ның атауы Diem болып өзгертілді. Оны шығаратын эмитент ұйым Швейцария­дан АҚШ-қа көшті. Сөйтіп АҚШ-тың банк ережелеріне сәйкес жетон шығару үшін Silvergate банкімен серіктестік құрды. Рим валютасының атын иемденіп, Цезарь Августың бейнесінде бас­таған жоба көп ұзамай Ла-Джол­ладағы корпоративтік кең­се саябағында орналасқан онлайн-қаржылық қызметтер плат­фор­масының бір бөлігіне айналды.

Libra-ның тез өсіп, жедел құл­дырауы әлемдегі алып күш­терге қарсы тұру әрекетінің әлсіз әрі жоспарсыз жүзеге асы­рыл­ғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, валютаның тағдыры шабуыл­­даушыларға және қорғаныс­та­ғыларға қарсы тұруға дайын, қабі­летті коалиция құрудың ма­ңыз­дылығын көрсетеді.

Он жылға жуық айтылып келе жатқан цифрлы валютаны Facebook пен Libra ойлап тапқан жоқ. Сондай-ақ олар төлем жү­йе­лерінде жаңа жетістіктерге жете алмады. PayPal сияқты компания­лар жиырма жылдан астам уа­қыт­тан бері қолданыстағы банктік инфрақұрылымның тасасында жүріп, баламалы жүйелер құ­рып келеді (әрі оларды қолдану арқылы). Мұндай тәсіл оның ар­тық­шылығы да, кемшілігі де еді. Осындай қадам арқылы рет­теу­шілердің назарына түспей, жаңа платформалардың кеңеюіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар оларды бұрынғы институттарға тәуелді етіп, көшірмесін жасауды жеңілдетті.

Нарыққа кеш қосылған Face­book өзінің салыстырмалы түрде артықшылығын пайдаланып, 2,3 миллиардтан астам қолданушысы бар цифрлы платформа ретінде цифрлы валютаны жүзеге асырудан үміттенді. «Тұрақты ақ­ша» ұғымына сүйенген Libra тұрақ­ты, орталық банктер сенім ар­татын елдер шығарған валюта қор­жы­нына бекітілуі керек еді. Оның құны фунт-стерлингтің, АҚШ долларының, еуроның, Сингапур долларының және жапон иенінің орташа бағасына сай келуі тиіс-тұғын. Тіпті аталған елдердің юрисдикциясы жүрмейтін ұйым тарапынан шығарылса да.

Реттеушілер жылдам және қатаң түрде әрекет етті. Бірне­ше аптаның ішінде АҚШ Конгресі­нің екі палатасында да осыған қатысты тыңдаулар ұйым­дас­тырылып, бүкіл әлемдегі саясаткерлер өздерінің келіспей­тін­діктерін білдірді. Мемлекеттер басшылары тез арада біртұтас майдан құрып, өздерінің ақша егемендігіне қауіп төндіретін бүкіл мәселені мұқият тексеруге уәде берді. G20-ға мүше мем­лекеттердің бәрі кіретін Қар­жылық тұрақтылық кеңесі қол­даныстағы нормативтік-құқық­тық базаны тексеріп, Libra және басқа да өршіл жаһандық қар­жы түрлеріне тойтарыс беруді үйлес­тіре бастады.

Жалпы, дұшпан секілді көрі­нетін еш нәрсе түрлі мүддедегі тарап­тарды біріктірмейді. Libra-ның амбициясына әлемдегі же­текші экономикалық держа­валар төзбеді. Facebook-тың бас ди­ректоры Марк Цукерберг Қытай­дың жаһандық цифрлы төлем жүйесін дамытуға деген күш-жігері туралы қаупін айтып, же­ңілдік беруді сұрағанымен, әлемдік державалар иілген жоқ.

Facebook жобадан бас тартуға мәжбүр болды. Ең бірінші, Libra қауымдастығы негізгі мүшелерін жоғалта бастады. Visa, Mastercard және PayPal кеткеннен соң, мәселе түсінікті еді. Тіпті мүше­лердің жалпы саны көбейсе де, еш­теңе өзгермеді. Нарық пен саяси мәселелерді жеңілдету үшін Facebook қауымдастықтан бас тартуы керек еді. Одан кейін Libra-ның атауы Diem болып өзгертілді. Кейінгісі авторлық құқық мәселелеріне тап келді.

Diem қауымдастығы осы айда Швейцариядан АҚШ-қа қоныс аударатынын жариялаған кезде, IV Генридің 1077 жылы Каноссаға жасаған әйгілі жо­ры­ғы еске түсті. Генри Рим им­пе­риясының императоры екеніне қарамастан, қорлыққа ұшыраған-ды. Ол қыста Альпіден өтіп, Рим Папасы VII Григорийден кешірім сұраған. Оған дейін им­ператор Генри Папаның жар­лығына қарсы шығып, епископтарды өзі тағайындаған еді.

Генридің Рим Папасы­мен келісуіне неміс патшалық­­тары­ның өзара мәміле жасауы әсер еткен. Есесіне, Рим Папасы Ген­риді шіркеуден аластап, бас­қа патшалардың сеніміне кү­дік келтіріп, егер кешірім сұ­ра­маса, император Генриді қол­дау­дан бас тартуға шақырды. Одақ­тастары ыдырай бастағанда оның Рим Папасынан тізерлеп тұрып кешірім сұраудан басқа амалы қалған жоқ.

Facebook-тың бас тартуы сон­ша­лықты драмаға толы болған жоқ. Ісқағаздарын ауысты­рып, бас­қа реттеушілермен келіс­сөз­­дер өткізіп, Оңтүстік Кали­фор­­нияға көшуге қажеттің бәрі жа­сал­ды. Әйтсе де, Генри мен Гри­­горий арасындағы зайырлы және діни билік арасындағы кү­рес тарихы қазіргі таңда би­лік­ке ұмтылатындарға үлкен сабақ болады. Бәрінен бұрын, мем­­ле­кеттік егемендіктің тәжі са­на­латын ақшаға қол созу – қауіпті іс. Егер мұндайға ба­тыл­­дық жасасаңыз, сіз және әріп­тестеріңіз қарсы тұратын күш­тен тәуелсіз екеніңізге көз жет­кізуіңіз керек. Сондай-ақ бас­тамаңызды қолдайтындар бас тар­туға кіріскен кезде жобаңыз құр­дымға кетпеуін қамтамасыз етуге жететін қаражатыңыз болуы тиіс.

Ақша  саясатын басқаратындар да Libra оқиғасынан сабақ ала алады. Жердегі мәселені шешуде билік әрқашан даулы, сон­дықтан әрқашан уақытша. Бәсе­кеге түсетіндер үнемі дайын оты­ра­тын­дықтан, оны басқарып үйрен­бе­гендер соңында шегінуге мәжбүр.

 

Катарина ПИСТОР,

Колумбия заң мектебінің салыстырмалы құқық профессоры, The Code of Capital: How the Law Creates Wealth and Inequality кітабының авторы

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org