ВАШИНТОН, КОЛУМБИЯ ОКРУГІ. Коронавирус пандемиясы барлық адам, соның ішінде кедей елдердің тұрғындары вакцинаға қол жеткізгенге дейін аяқталмайды. Дүние жүзінде жаппай екпе егу инфекциялардың таралуын тоқтатудан, адамдардың өмірін сақтаудан, өмірімізді қайта қалпына түсіруден мол үміт береді. Адамдар өздерін коронавирустан қауіпсіз сезінбейінше, қайта оқып, жұмыс істеп, саяхатқа шығып, әлеуетін пайдалана алмайды.
Вакциналарды барынша тарату – кезек күттірмейтін қажеттілік. Пандемия ең кедей және әлжуаз адамдарға аса ауыр тиіп, теңсіздікті күшейтті. Әсіресе дамушы елдерде әйелдер, балалар, кедейлер және бейресми сектордың қызметкерлері қатты зардап шекті. Өйткені коронавирус салдарынан күнкөріс көздерінен айырылып, сыныптар жабылып, шұғыл әлеуметтік шығындар тоқтатылып тасталды.
Дамушы елдерде вакциналау басталуының кешігуі әлемдік теңсіздікті тереңдетіп, жүздеген миллион қарт пен әлжуаз адамдарға қауіп төндіреді. Осы орайда вакцина қоры жеткілікті елдерді жеткізу бағдарламалары бар дамушы елдерге қосымша дозаларын мүмкіндігінше тезірек жіберуге шақырамын.
Кей елдер қауіпті топқа кіретін азаматтардың бәріне вакцина салып үлгерді. Ал басқа мемлекеттерде көптеген адам әлі ешқандай доза алған жоқ. Әлжуаз топтағылар туралы әңгіме қозғамай-ақ қоялық. Көптеген кедей елдің вакциналау қабілеті шектеулі және қауіпті топқа кіретіндерге жаппай екпе салу үшін бірнеше ай қажет.
Санаулы елде вакцина артығымен бар кезде кірісі төмен және орташа табысы бар елдер бір дозаның өзін ұзақ күтуінің мәні жоқ әрі бұл – қисынсыз тәсіл. Көптеген адам қаза тауып, жаһандық экономика тең дәрежеде өспейді. Тіпті вакциналау деңгейі жоғары елдердің өзінде коронавирустың жаңа нұсқаларынан келетін қауіп сейілмейді. Осал топтағыларды жаппай вакциналау ұзақ уақыт алған сайын 2021 және 2020 жылдары аса кедейшілікке ұрынғандар саны артып, келешекте денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік саланы дағдарысқа ұшыратады.
Вакциналауды кең көлемде жүргізу кез келген ел үшін маңызды міндет. Бірақ материалдық-техникалық қамтамасыз ету ресурстары шектеулі және денсаулық сақтау жүйесі әлсіз елдер үшін бұл өте қиын. Үндістанда жалғасып жатқан коронавирус апаты және Латын Америкасындағы инфекциялар мен өлім-жітімнің көбеюі кез келген пандемияның әлемдегі кедейлерге оңайға соқпайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жаһандық вакциналауды сәтті жүргізу үш мәселеге негізделуі тиіс. Біріншіден, тиісті вакцина қоры бар елдер жедел түрде бүкіл әлемдегі осал топтарға артық дозаларын жіберуі керек. Бұл – түрлі тәсілді қолдану, вакциналарды басқа елдерге бағыттау немесе заңнамалық мәселелерге қарамай-ақ өндірушілердің вакциналарды тез жіберуін қамтамасыз ету болуы мүмкін. Немесе кедей елдерге мөлшерді тең дәрежеде бөлу үшін халықаралық қоғамдастық құрған Covid-19 вакцинасына қол жеткізу (COVAX) бастамасы арқылы қаржыландыруға қатысты міндеттемелерді орындауды қамтуы ықтимал.
Дүниежүзілік банк кеңесі 22 дамушы елге жіберілетін қаражатты мақұлдады. 2020 жылы коронавирусқа байланысты шұғыл көмек үшін пайдаланылған жедел тәсіл арқылы биылғы жылдың ортасына таман тағы бірнеше мемлекет бұл тізімге қосылады. Осылайша, құны 12 миллиард долларға жететін вакциналар денсаулық сақтау жүйелеріне жылдам жеткізіліп, қажет болған жағдайда вакцина сатып алу мен жеткізуге кететін шығындарды жабады. Әділетті және тең үлестіруді ұйымдастыратын стандартталған, ашық келісімшарттар өте маңызды. Егер вакцина жеткізілімдері COVAX арқылы өтсе, онда елдегі халықтың осал топқа кіретін 20 пайызына екпе салу көзделсе, Дүниежүзілік банктің қаржыландыруы көбірек вакцина сатып алып, оны жеткізуге, қосымша құралдар сатып алуға пайдаланылуы мүмкін.
Екіншіден, биліктен фармацевтикалық компаниялар мен вакцина өндіруге және жеткізуге қатысатын ұйымдар арасындағы келісімшарттарға қатысты ашықтықты талап етеміз. Сонда ғана қаржыландыру тиімді бағытталады. Ал көптеген мемлекет екпені қабылдау мен бөлуді жоспарлай алады. Бұл сондай-ақ өндірісті ұлғайтуға қажетті жеке сектордағы инвестицияларды қамтамасыз ету үшін өте маңызды.
Осы аптада Дүниежүзілік банк біздің жобаларымыз жөнінде, соның ішінде жекелеген елдерді қаржыландыру операциялары туралы ақпаратқа оңай қол жеткізуге мүмкіндік беретін кешенді онлайн-порталды іске қосты. Сондай-ақ портал Gavi, Вакциналар альянсы, Жаһандық қор, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және ЮНИСЕФ-пен тығыз байланыста жұмыс істеп, онда кейінгі жарты жылда 140-тан астам елде вакцинаның әзірлігін бағалау жөніндегі жұмыс та қамтылады.
Сондықтан, Банктің онлайн-порталы – вакцина өндірушілерді, сатып алушыларды және делдалдарды үлгі алуға шақыру. Сондай-ақ мақұлданған вакциналарды жеткізумен айналысатындарды бақылаушыларға оларды қауіпсіз, жақсы қаржыландыру бағдарламаларына жіберуге мүмкіндік береді.
Үшінші мәселе – вакцина өндірісін арттыру. Дүниежүзілік банктің жеке сектордағы өкілі – Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) денсаулық сақтау саласына, оның ішінде вакцина өндірушілерге 800 миллион доллардан астам қаржы құйды. Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау платформасы арқылы 1,2 миллиард доллар қаражат құюға әзір. Вакциналарға, медициналық жабдықтарға және денсаулық сақтау қызметіне қажеттілікті қамтамасыз ету үшін құрылған бұл бағдарламаның құны 4 млрд доллар. IFC коммерциялық тұрғыдан тиімді фармацевтикалық өндіріс жобаларын, оның ішінде Covid-19 вакциналарын әзірлеу бойынша үкіметтермен және компаниялармен белсенді түрде жұмыс істейді.
Жаһандық коронавирус вакцинасын жасау ісі – тарихтағы ең ауқымды науқан екені сөзсіз. Мұндай талпыныс ауқымы, жылдамдығы және күрделілігі бойынша бұрын-соңды болмаған. Біздің мақсатымыз оны мүмкіндігінше тез, кең және қауіпсіз түрде жүзеге асыру.
Дэвид МАЛПАС,
Дүниежүзілік банк тобының президенті
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org