Алматыда коронавирус жұқтырған 2129 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
25 мамыр күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 310 адам коронавирус жұқтырған. Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен – 264, симптомсыз – 46 науқас тіркелді.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, барлық емделіп шығарылғандар – 286, келіп түскені – 113. Инфекциялық стационарларда 2 129 адам бар (төсек-орынның жалпы саны – 5 940), оның ішінде 65 бала емделіп жатыр.
Сондай-ақ реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 153 адам жатыр. Ал 23 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 58 адам ем қабылдауды жалғастыруда. High flow-да 50 аппарат жұмыс істейді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 2349 пациент бар. Оның ішінде індет белгілері бар, орташа ауыр жағдайда 2045 науқас. 304 адамда коронавирус белгілері жоқ.