1993 жылы құрылған Еуропалық одақтың басты құндылықтарына адамның қадір-қасиеті мен құқықтары, азаттық, халық билігі, яғни демократия, теңдік пен құқықтық мемлекет жатқызылды. 2009 жылғы Лиссабон келісіміне сәйкес бұлар жалпыазаматтық құқықтармен қатар саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтар сияқты құндылықтармен ресми түрде толықтырылды.
Гуманитарлық саладағы келісімдерді, әсіресе адам құқықтары мен бостандықтарын, ақпарат құралдарының тәуелсіздігін және тағы басқаларының орындалуын бақылауда батыстық неолиберализм идеологиясы үлкен рөл атқарды. Ол әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын ең жоғарғы құндылық деп жариялап, сөз бостандығы, жалпыға бірдей адам құқықтарын сақтау, еркін нарық пен меншікті қолдау және құқықтық мемлекет құру, үкіметтің ашықтығы мен мемлекеттік билікке шектеу қоюды талап етті. Оның үстіне мемлекеттің қоғам өміріне ықпал ету мүмкіндіктеріне конституциямен шек қойылды. Бұлар адамның жеке өмірі мен кәсіпкерлік жұмысына мемлекеттің араласуына қарсы қадамдар еді. Олардың ұстанымдары бойынша мемлекет елдің экономикасы мен еркін нарыққа араласпай, тек қана ақша-несие саясатын реттеп отыруы керек болды.
Либерализм мен демократия өзара бірдей болмаса да, олар әдетте бірге жүрді. Өйткені еркіндік пен бостандық адамдар мен әртүрлі әлеуметтік топтарға сайлау арқылы үкіметке ықпал етіп, одан тұрғындардың қажеттіліктерін ескеруді және оларға қолдау көрсетуді талап етуге мүмкіндік берді. Бұл экономикалық үдерістер түбінде қоғамда азаматтық бостандықтар мен саясатқа араласу құқығын талап ететін адамдардың тобының пайда болуына әкелді. Бастапқыда саяси қозғалыс ретінде либерализм мемлекеттің жекеменшік пен адам өміріне артық араласпауын, оған не істеп, не қою керектігін үйретпеуге тырысып, жеке тұлғаның құқығын бәрінен жоғары қойды. Ал бұл демократияның теңдік принципіне қайшы келді. Себебі демократия – көпшілік дауыспен шешім қабылдаудың жолы ғана. Өйткені классикалық түрдегі либерализм шын мәнінде ірі және орта жекеменшік иелеріне бағдарланып, халықтың пікіріне ешбір қатысы жоқ болды. Яғни ол – байлар мен «мықтылардың» идеологиясы болды. Осы тұрғыдан алғанда, либерализмді демократия деуге келмейді. Ендеше, бұл екі ұғымды кіріктірудің өзі қиын еді. Дегенмен, тоталитарлық жүйелердің либералдық мемлекеттерден өзінің саяси құрылымындағы айырмашылықтарына қарамастан, бұлардың тұрғындарға бақылау жасау тетіктеріндегі ұқсастықтарының барлығын байқау қиын емес.
Қазіргі заманғы либералдық мемлекеттер азаматтардың жеке және қоғамдық өмірін талғампаз әлеуметтік және технологиялық бақылау, мәжбүрлеу әдіс-тәсілдерін қолданып, ұжымның пікірін алға тарта отырып реттегісі келеді. Бұл демократияны бұрмалау немесе неолиберализмнің қалыптасуы деген сөз. Бұл екі саяси бағыт синонимдер емес, бұларды әртүрлі, тіптен қарама-қайшы түсініктер деуге де болады. Таза демократиялық қоғамда барлығы көпшілік қалай шешсе, солай өмір сүреді, ал либерализмде – әркім басқаларға кедергі жасамай, өз қалауынша өмір сүреді.
Либерализм үшін парламенттен гөрі соттар маңыздырақ. Әр адамның жеке кеңістіктері шегінің қайда екенін соттар-ақ анықтай алады. Ол үшін жеке құқық пен сот практикасы да жеткілікті. Осылайша, өз бойында бар кемшіліктерден арылу үшін демократия мен либерализм өзара ымыра жасап, либералдық демократия дүниеге келді.
Демократия қадағалау органдарын ауыздықтаса, жеке құқық тобырдың басым күшін шектеуге бағытталды. Демек, батыстық либералдар жеке құқыққа басымдық берсе, демократтар мемлекетті ұжымдық басқаруды таңдап алды. Либералдық демократия қоғамында барлық мәселе көпшілік дауыспен шешілмейді, өйткені одан басқа да құқықтар бар. Сондықтан қоғамдық келісім жөніндегі либералдық теория мемлекетті қоғамнан бөлек субъект ретінде қарастырады. Либералдар мемлекеттің елдің өміріне араласуын шектеуді жақтай отырып, басқа елдердің, әдетте адам құқықтарының бұзылғандығына байланысты, ішкі мәселелеріне араласудан еш қымсынбайды. Сөйтіп батыстық үлгідегі азаматтық қоғам КСРО-ны тұтастай бір мемлекет ретінде тарих сахнасынан аластатып, оны жойып жіберетіндей қауқарға ие болды. Осылайша азаматтық қоғам мемлекетті алмастыруға кірісті. Мемлекет «сайлау» арқылы қоғамның бақылауына түсуде. Бұл үдерістерді объективті түсіну үшін азаматтық қоғам құрылымдарының көпшілігі бастапқы кезде әскери ұйымдардың шет елдерде тиісті әрекет жүргізу мақсатында құрылғандығын да естен шығармаған жөн. Сонымен бірге трансұлттық корпорациялар интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерге сүйене отырып, өзіне мемлекеттің рөлін алғысы келетіндігі де бүгінгі күннің шындығына жатады.
Либерализм дін мәселесінде жақсылық пен жамандық түсініктерінің мәнін өзгертіп, олардың айырмашылығын жоюға тырысуда. Олар адамның құқығы мен бостандығын қорғаудан бөлек, әлеуметтік институттар күмән келтірген сотталғандардың, жыныстық азшылықтың, есінен ауысқандардың құқықтарын қорғап, оларды басқа адамдардың құқықтарымен қайшылыққа әкелуде. Қазір барлық елдің билігі әртүрлі іс-шаралар өткізгенімен, жағдайдың оңалып жатқандығы байқалмайды. Өйткені бұл әрекеттердің барлығының жалғыз-ақ мақсаты бар. Ол – бәрін бұрынғы қалпында қалдыру. Себебі XX ғасырдың 90-жылдарының басынан басымдыққа ие болған батыстың жаһандық жобасының элитасы әлемдік еңбек бөлінісінің жүйесін өз бақылауына алып, кез келген экономикалық операцияға алым-салық салып, айналыстағы қаржыға иелік етіп отыруы тиіс. Бұл топ не істесе де өз билігіне қауіп төндіруге жол бермейтіні анық. Қаржыгерлер тобының ұзақ мерзімдік үстемдігіне бүкіл білім жүйесі де бейімделіп, соларға жұмыс істеуде. Аталған «бағландардың» өкілдері – мамандар емес. Біле білсеңіз, олардың басты мәселесі – қаржы мен экономика емес, тек қана билік. Дегенмен, отызжылдық тәжірибе өз дегенін істеді білем, біздің елде бұл элитаның өкілдері басқаруға баруды қойды. Өйткені оларды батыстық жаһандық жобаның элитасы тағайындағандықтан, барлық елдегі президенттер мен премьерлер, депутаттар биліктің емес, басқарудың өкілдеріне айналды. Ендеше, оларға халықтың мүддесі деген ұғым мүлдем жат деген сөз. Себебі либералдық парадигмаға қоғам алдындағы жауапкершілік деген тіптен тән емес.
Ал басқарушыларға нұсқаулықтарды сақтау керек, олар өз беттерінше қабылданған модельді өзгерте алмайды. Басқаша болған жағдайда олардың «бастары кетері» хақ. Сондықтан оларға кінә тағуға да болмайды. Олар тек қожайындарының айтқанынан шықпай, оны мүлтіксіз орындайды. Сондықтан да болар, иелері де, орындаушылар да қалыптасқан жағдайды өзгерту бағытында талпыныс жасамайды. Олар қауіпсіздікті сақтау түсінігінен аттап кете алмайды және принципті мәселелерді шешуге де бармайды. Ал басшылары маман болмағандықтан, ешнәрсені түсінуге тырыспастан, ортақ және қалыптасқан демократиялық-либералдық мақсат-мүдделерді қолданумен шектеледі. Осыларға қарамастан, Батыста мемлекеттік идея да, идеология да және өте прагматикалық мақсат-мүдделерді көздеген саясат та бар. Онда халықтың өмір сүру деңгейі жоғары, олардың басым көпшілігінің негізгі әлеуметтік және өмірлік қажеттіліктері әлдеқашан шешіліп қойған. Заңдар жұмыс істейді. Оған қарсылық көрсеткендер жазасыз қалмайды. Азаматтары билікті қалай сынаймын десе де құқылы. Бірақ олар өз елін басқа мемлекетке барып жамандамайды. Сыртқы саясатта олар өз билігінің жүргізіп жатқан бағытын әдетте қолдайды. Оны олар басқа елдердің ішкі істеріне араласу деп есептемейді. Керісінше, дүние жүзінің қай түпкірінде болсын өз елдерінің ұлттық мүдделерін қорғау деп түсінеді. Бұл – олар үшін қалыпты жағдай. Сондықтан бұл елдердің халықтары біздерді онша түсіне де бермейді. Түптеп келгенде, олардың бізде шаруалары да жоқ сияқты.
Кеңес Одағының ақыры таянған кезден бастап, Батыс елдері 1975 жылғы Хельсинки кеңесінің шешімдеріне сүйене отырып, кеңес қоғамын іштей іріту және Батысқа сыйынып отырғандар арасынан «бесінші баған» құруды мақсат тұтып, нәтижеге қол жеткізді. Бұлар, яғни «бесінші баған» өз еліне күйе жағып, оны көбірек балағаттаса, ол соғұрлым Батыстың қолдауына ие боламын деп сенді. Сөйтіп ұжымдасқан Батыс белсенділігін арттырып, 90-жылдардың бас кезінде Еуроодақ құрып алды. Кеңес Одағының ыдырауын пайдаланып, оған кірген әрбір республиканы жеке-жеке «игеріп», өзінің ыңғайына қарай икемдей бастады. Көптеген қоғамдық қор мен әртүрлі ұйым дүниеге келді. Жастарды қозғалысқа келтіру үшін «беделі» бар-ау деген, коррупцияға бейімдеу жасырақ азаматтардың арасынан демократия мен адам құқықтарына «адал», либералдық бағытты бекем ұстанғандарын іріктеп, саяси сахнаға шығарды. Олар мемлекетке қарсы саясат жүргізді. Батыс елдері оларға қажетті «теориялық-әдістемелік» көмектер көрсетумен қатар, ауқымды қаржылық қолдау жасап отырды. Сөйтіп осылардың көмегімен басқа елдердің ішкі істеріне тікелей араласа бастады.
«Әй дейтін әжа, қой дейтін қожа» болмағандықтан, АҚШ бастаған елдер демократияның басты ұстанымдарын аяқасты етті де, демократия мен либерализм бір-біріне «апама жездем сай» болып шыға келді. Осылайша, АҚШ бастаған Батыс мемлекеттері қос стандартты саясатты ашықтан-ашық жүргізуге кірісті. Біріншісі, басқа елдерде адам құқығы мен бостандықтарын, сөз бостандығы және т.б. «бостандықтарды» бұзуға жол бермеу. Екіншісі, Батыс елдері осы мәселелер бойынша ешкімнің алдында есеп беруге міндетті емес. Өйткені бұлар адам құқықтарын бұзса да, басқа елдердің ішкі істеріне араласса да, толық бір мемлекетті қару қолдану арқылы басып алса да оны Батыс «өркениетінің» және мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп негіздеп, солардың ұлттық мүддесіне нұқсан келтіреді деп қабылдауды талап етті. Батыстың осы ұстанымы 50-жылдары, мәселен, АҚШ-тың өз ішіндегі КСРО-ны қолдайтын барлық солшыл ағымдарды «оларда отаншылдық жетіспейді» деген сылтаумен тас-талқан еткені белгілі. Бұл жерде сенатор Маккартидің Америкаға қарсы күштермен күрес жөніндегі комиссиясы ерекше рөл атқарды. Ал басқа елдердегі «заң бұзушылық», яғни жоғарыдағы «азаматтық қоғам» мүшелерінің «дұрыс» әрекеттеріне қарсы шара қолдану Батыс елдерінің ұлттық мүдделеріне қауіп төндіру болып есептелді.
Батыс мемлекеттерінің әлемде осылайша өздерінің либералдық жүйесін жаппай енгізуі сол елдердегі жағдайды шиеленістірумен қатар, мемлекеттік аппаратының жұмысын қиындатып жіберді. Өйткені қоғамдық дамудың кейбір параметрлерінде бұлардың енгізген тәртіптерінен аздаған ауытқу байқалса болғаны, либералдық элита ешнәрсе істемейтіндей ахуал қалыптасты. Олар қорқып, солқылдақтық танытты немесе ол істі мәнсіз деп есептеді. Түкке тұрмайтын либералдық «тиімді» менеджерлер адамдарды жанқиярлық еңбек пен жетістіктерге ынталандыра алмай қалды. Себебі бұлардың әу бастан-ақ жеке басының пайдасы мен баюдан басқаға шамасы келмейтін еді. Өйткені шындық байлықпен, сән-салтанатпен қатар тұра алмайды. Ендеше, тұрақсыздық пен сенімсіздікке, екіұштылыққа бой алдырған мұндай басшылармен елде қайта құру жүргізу туралы ойлаудың өзі қисынсыз. Бұл – соқырларды соқырдың ертіп жүріп, орға түсіруімен тең нәрсе. Ол шенеуніктердің қолындағы құралдары да либералдық сипатта болды деген сөз. Мемлекеттік саясаттың бұл бағыты қоғамдық тұрақтылықты сақтап, жас ұрпақты тәрбиелеуге мүмкіндік бермесі анық. Өйткені мемлекеттік билік элитасының арасында мемлекеттің мүддесінен өз жағдайын жоғары қойып, оған тіптен де жаны ашымайтындар да бар. Бұрынғы мемлекеттік қызметшілердің кейбіреулері Қазақстанды қиратуды өздеріне мақсат етіп жүр. Сондықтан бұл тұйық шеңберден шығудың жалғыз жолы – либералдардың билікке монополиясын жою болмақ.
Осы үдерістерді бүгінгі Ресей мен АҚШ бастаған Батыс елдерінің арасындағы текетірестің мысалынан көруге болады. Демократиялық либерализмнің қаупін Ресей енді ғана түсіне бастағанға ұқсайды. Ендеше, бүгін Ресей қыспаққа түссе, ертең кезектің Қазақстанға да келмесіне кім кепілдік бере алады? Сондықтан қазақстандық элита біздің билік пен тарихымызды қаралайтын күштерге қарсы ымырасыз күрес жүргізгені абзал. Батыстың демократия мәселесін бірыңғай пакетпен қарастыру қаупінің алдын ала білуге үйренген дұрыс. Ендеше, ел ішінде, қоғамдық ортада бұл көзқарастың миымызға әбден сіңіп кетпеуіне күш салып, оны Қазақстанның заңдары негізінде нақты және жеке-жеке қараудың тиімді жолдарын қарастырған жөн. Егер сот жұмысына көңіліңіз көншімесе немесе сол сияқты коммуналдық қызметке риза болмасаңыз, БАҚ-та билікті қоса қаралауға бағытталған насихат жүргізбес бұрын, сол салалардағы нақты берекесіздіктермен күресіп, оны өзгерту үшін әрекеттену қажет. Кейде сол «бостандық пен демократия» үшін күресушілерге дұрыстап қарайтын болсаң, олардың шынайы мақсаттарын түсінуге болады. Бастысы, кімнің басқарғанына, «Президент, Премьер, әкімдердің кім болғанына» қарамастан, билік жүйесі жұмысын сапалы және дұрыс атқарса болғаны деген принциптің үстемдік алуына қол жеткізген абзал. Ол үшін өзіміз ойлап, нақты жоспарлап, оны бақылау арқылы нақты нәтижелерге жету жағын ойластыруымыз шарт. Сонда ғана біздің өміріміздің кемшін тұстары біртіндеп дұрысталатын болады. Әйтпесе, осы жалпылама ойлау қалпымыздан біржолата қол үзбесек, Қазақстан өзінің мемлекеттік белгілерінен айырылып қалуы әбден мүмкін.
Экономика күйреуін, банкирлер ақша ұрлауын, ал Үкімет болса, оларды жасыруын тоқтатпаса, құқық қорғау органдары тергеу кезінде мәселенің ақиқатына көз жеткізбей, күдіктілерді нақақтан-нақақ жазалай беретін болса, ісіміз алға баспайды. Ал егер осылай жалғаса берсе, қылмыстық топтар одан бетер еркінсіп, мұғалімдер оқытпайтын, дәрігерлер ауруларды емдей алмайтын, әкімдер өздері басқаратын қалалар мен ауылдарға қамқорлық жасамайтын болады. Жаңа іс ашуға салық органдары алдын ала салған салығымен көлденең тұрып, ісің сәтті жүре бастаса, содыр-сойқандардың келіп, кәсібіңді тартып алуынан құтыла алмаймыз. Сотқа барып шағымдансаңыз, өзіңіз сотталуыңыз мүмкін. Ал балалар мен әйелдер ұрланып, олардың зорлықпен өлтірілуі, кісі өлтірген қаныпезерлер соттан сытылып кетуі немесе түрмеден мерзімін толықтай өтемей шығуы үйреншікті іске айналып кетеді. Сайлау ештеңені өзгерте алмайтындай жағдайдан арыла алмай, қоғам «ауруға» ұшырайды. Мұндай жағдайда «ауру қоғам» «ауру үміткерлерді» сайлай беретін болады.
Ал егер ештеңе істемей отыра берсек, адамдардың мемлекетке деген сенімі жойылады. Қоғамды жалпықоғамдық эгоизм билейді. Ондай кезде «дөкейлердің» әлімжеттік жасап, айтқаны жүретін заман туады. Алпауыт елдер біздің осылайша құлдырап, ырду-дырду болып, іштей іріп-шіріп, азып-тозуға ұшырағанымызды көрсе, бізді халық болуды ұмытқан «жабайылар» ретінде құрықтап, өздерінің геосаяси және геоэкономикалық саясатында пайдаланып немесе шімірікпестен жұтып қояры анық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Жалпыұлттық басымдықтары мен ел дамуының осы аралықтағы дамуының Ұлттық жоспары мемлекет иелігінен алу, жекешелендіру мен реттеуден бас тарту саясатын жалғастырып, квазимемлекеттік секторды барынша қысқарту арқылы оны нарықтық ортаға шығаруды көздейді. Бұл – біздің либералдық экономикалық қатынастар мен демократия бағытын және билік сабақтастығын берік ұстанып отырғанымыздың белгісі. Мұндай жолды өзіміз таңдап алдық. Өйткені бізге де қаржы мен жаңа технология, инвестиция және реформалар жүргізу керек. Аталған мәселе қазір шектен тыс саясаттандырылып, қатаң геосаяси сипатқа ие болып бара жатқанға ұқсайды. Олай болса, ендігі жерде халықаралық қатынастардың субъектісі бола тұра, геосаясаттан тыс тұру мүмкін болмайтын күн туды. Өйткені қалай болғанда да, әйтеуір, бірде әлемдік алпауыт мемлекеттердің мүдделерінің қақтығысына ілігіп кету қаупінің төніп тұратындығын бүгінгі күннің ақиқаты ретінде қабылдамасқа шара жоқ. Ресейді және ондағы Батыстың қолдауымен әрекетке кіріскен либералдық күштерді былай қойғанда, АҚШ пен Қытай арасындағы қарсыласу мен әлемдік үстемдік үшін күрестің түбінде Қазақстанға да қатысты болып шықпауына кім кепілдік бере алады? Осылардың біреуі бізді үшінші мемлекетке қарсы бірлесіп әрекет етуге тартпақ болса, ал ол ел бізді санкциялар жарияланатын мемлекеттердің қатарына енгізіп қойса, не болады? Тіпті осының барлығына Қазақстан араласпаса да, АҚШ Қытай мен Ресейді жау санап отырғанда ол ақыр аяғында біздің дүкендердің сөресіндегі тауарлардың бағасының қымбаттауына да әсерін тигізері анық. Оның үстіне, америкалық сарапшылар Байден әкімшілігінің қытайлық стратегиясының осал жері ретінде Орталық Азияны атап көрсетіп отыр. Қытайға қарсы күресте мұндағы елдердің арасында Қазақстанның рөлі ерекше атап көрсетілген. Өйткені Қазақстан Қытай-Еуропа көлік дәлізінде орналасқан және оның Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарға тікелей қатысы бар. Ендеше, АҚШ-тың Қытай мен Түркияны тежеу және Ауғанстан мәселесінде Қазақстанды өзінің геосаяси ойындарында пайдалану мүмкіндігін теріске шығаруға болмайды.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым