Биыл Петропавл қаласында 1 мыңнан астам жас мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басты. Соның ішінде қалада 2011 жылы ашылған Білім-инновация лицейі 46 түлегін ұшырып отыр.
Бұл оқу орны қаладағы үздік білімімен ғана емес, тәрбиеге де зор мән беретін ерекше мектеп болып саналады. Мектеп шәкірттері сырттан келген адамды құрақ ұшып, жылы амандасып қарсы алады. Ата-аналар да үміт еткен көздерінің нұрын осы білім ошағында оқытуға тырысады. Тәртіп пен тәрбие бар жерде нәтиже де жақсы. Биылғы наурыз айында болған пән олимпиадасында осы лицейдің 39 оқушысы түрлі деңгейдегі медальдар алып, жалпы есеп бойынша облыстағы ең үздік оқу орны атанды. Ал лицейлердің ұстаздары арасында болған конкурста аталған мектептің 3 мұғалімі жүлдегер болды. Бір қызығы, мұндағы ұстаздардың жартысынан көбі еліміздің әр түкпіріндегі осы іспетті лицейлерді бітірген түлектер.
Биыл мектеп бітіргелі отырған 46 түлектің бесеуі «Алтын белгіге», алтауы «Үздік аттестатқа» үміткер. Соның ішінде Дариға Жанғужинова, Аружан Қаужан, Дания Амангелді, Аяжан Балтабаева, Аружан Жахина «Алтын белгінің» үміткерлері атанса, ал «Үздік аттестатқа» Амира Абай, Дәрмен Әуелбек, Алина Тілеуімбетова, Аружан Қуанышпай, Дариға Құрмаш, Диас Жұмабай үміткер болып отыр. Мектеп директоры Ерден Жақсымбетовтың айтуына қарағанда, мұнда еліміздің солтүстік өңірлерінен келген жасөспірімдер оқиды. Бүгінгі бітіріп жатқан түлектердің арасында облыс аудандары ғана емес Ақмола, Павлодар облысының, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының өкілдері бар.
Түлектер жүректерін дірілдеткен, еріндерін күбірлеткен «соңғы қоңырауға» қатысып, бір-бірін құттықтап, құшақтап, өмірлеріндегі ерекше мерекені бастан кешірді. Солардың арасынан Нұр-Сұлтан қаласынан келіп оқып жатқан Іңкәр Байдалыны сөзге тартқанымызда: «Жылы ұя – мектебімді қимаймын. Бірге оқыған құрбыларым мен тамаша ұстаздарымды сағынатын шығармын. Енді тек ҰБТ-ны жақсы тапсырып, армандаған оқу орнына түсуім керек. Барлық алған білімімді, күш-жігерімді соған жұмсап, ата-анамның үмітін ақтауға тырысамын», деді ол. Зор үмітпен алға басқан қадамдарыңа гүл бітсін деп тіледік біз.
ПЕТРОПАВЛ