30 жыл бойы паспортсыз өмір сүріп, зейнетақы да ала алмай, өмірден басқа да көп қағажу көрген Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының тумасы, 62 жастағы Раиса Насибуллақызына солтүстікқазақстандық полицияның көші-қон қызметі жақында Қазақстан азаматының жеке куәлігін тапсырды.
Осы жылдарда ол Молдова Республикасында тұрып келген. Пивен деген азаматқа Қазақстанда күйеуге шыққан ол Молдоваға 1991 жылы келген. Алайда Молдова Республикасының азаматтығын ала алмаған, өйткені ол Қазақстан азаматы болып есептелген. Ал келмеске кеткен Кеңес Одағының қызыл паспортымен туған жеріне қайтып жете алмаған. Солай ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып, уақыт өте берген. Ал білімі төмен, нақты кәсібі жоқ, бұрын сауыншы болып істеген әйел бұған аса қайғыра қоймаған.
Тек зейнетақы алудың қамымен 2020 жылғы қараша айында ол Молдова өкіметіне жүгініп, өзін азаматтығы жоқ адам деп тануды өтінген. Алайда Молдованың заңы бойынша оның өтініші орындалмаған. Ақырында оны жергілікті полиция туған жері – Қазақстанға депортациялаған. Біздің полиция ұзақ уақыт тексеріп, Раиса Пивеннің ешқандай қылмыстық әрекеттерге қатысы жоқтығын анықтағаннан кейін 1974 жылы берілген қызыл паспортты жойып, Қазақстан азаматының жеке куәлігін тапсырды. Қазір әйелдің қуанышында шек жоқ. Оның туған жерінде туған сіңлісі тұрады екен. Әзірге соның үйіне қоныстанған.
Ақыл-есі бүтін болса да паспортсыз жүре берген осындай адамдар да болады екен қоғамда. Раиса Пивен тәуелсіз Қазақстанға ешқандай еңбек сіңірмесе де, 1991 жылға дейін осында тұрғаны ескеріліп, ТМД-ға мүше елдердің өзара келісімі бойынша оған келесі айдан бастап зейнетақы тағайындалған. Бір кезде қазақстандық болған азаматқа осындай қамқорлық жасалып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы