• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 27 Мамыр, 2021

Әсел Айтпаеваның өліміне күдікті екі айға қамауға алынды

320 рет
көрсетілді

Грузияда қайтыс болған қазақстандық бойжеткен Әсел Айтпаеваның ісі бойынша күдікті деп танылған азамат екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

«2021 жылғы 25 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты азамат М.-ны 2 ай мерзімге, 2021 жылғы 15 шілдені қоса алғанда қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Қазіргі таңда М. Грузия Республикасында жұмысқа орналастырамын деген сылтаумен пайдалану мақсатында А-ға қатысты мәміле жасады деп күдіктелуде, бұл абайсызда оның өліміне әкеп соққан (ҚК-нің 128-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы)», делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, қазақстандық Әсел Айтпаева 5 мамырда Тбилисиде түсініксіз жағдайда қайтыс болған еді. Бойжеткен  8 қабаттағы терезеден құлап кеткен. Оның өліміне қатысы бар деген күдікпен Грузияда ер адам ұсталды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдіктіге зорлау және адамның ар-намысын кемсіту арқылы өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу сияқты айыптар тағылып отыр.

Сондай-ақ қайғылы оқиғадан екі апта өткен соң Әсел Айтпаеваның алыс туысы саналатын қазақстандық азамат М.-ға прокуратура сырттай айып тақты. Әселді Грузияға жұмыс істеуге шақырған ол туысы Әселді зорлап, артынан жергілікті кәсіпкерге сатып жіберген деген күдікке ілініп отыр. Ауыр қылмыс жасады деген күдікпен М. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.