Павлодар облысында жол апатында мотоцикл жүргізушісі қаза тапты. Қайғылы жағдай Ленин-Курчатов автожолының бойында болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 мамыр күні сағат 14.15-те Май ауданы Еңбекші ауылының маңында 49 жастағы мотоцикл жүргізушісі жүріп келе жатқан сәтте рөлді басқара алмай, аударылып қалған.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Мотоцикл арнайы айып тұрағына қойылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, –деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев.
Сондай-ақ сағат 19.00-де Павлодар қаласында Катаев – Толстой көшелерінің қиылысында «Митсубиси Делика» автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зейнеткер жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Тексеру жүргізіледі.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан облыс аумағында 125 ЖКО тіркелген, салдарынан 7 адам қаза тауып, 191 адам жарақат алған.