Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы және осыған байланысты басталып кеткен ұйымдастыру жұмыстары ұлт тарихындағы аса қасіретті кезең – Аштық тақырыбына да сәулесін молынан түсіреді.
Дана Абай: «Шала мейір шала байқайды» дейді. Расында, бұл аса маңызды істе кәсіби мамандардың әр дерек мазмұнына, астарына терең үңілер қырағылығы, елшіл парасаты, сондай-ақ ғалымдарға көмек қолын созатын жауапты орындардың кең пейілі, айқынырақ айтсақ, мемлекетшіл көзқарасы қажет.
Халқымыз сөз бен істің бірлігін ерекше бағалайды. Осы ретте Парламент Сенаты осы жылдың 16 ақпанында 1920-1930 жылдардағы Аштық тақырыбын жаңаша байыптауды күн тәртібіне қойып, міне, көп кешікпей халыққа 3 томдық қомақты құжаттар жинағын ұсынуы – ел үшін де, сала мамандары үшін де айтулы оқиға. Мұндағы 1126 құжаттың 449-ы тұңғыш рет ұсынылып отыр екен. Бұл – ғылым көзімен қарағанда, елеулі қазына. Тарих тұрғысынан келсек, күрделі кезеңнің едәуір бөлігін ашудың дерек көзі.
Бұл ретте Сенат Төрағасы әрі осы еңбектің редакциясы алқасының төрағасы М.Әшімбаевтан бастап ел асыға күткен жинаққа атсалысқан барша азаматқа алғысымыз шексіз.
Құжаттардың хронологиялық ауқымы 1928-1934 жылдарды қамтиды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 20-жылдардың басындағы аштыққа берген бағасы еске түседі. Ғұлама бүй дейді: «Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, есі кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті». Бұл – аса ауыр трагедияның дәл бағасы.
Үш томдық жинақ большевиктік-кеңестік саясаттың озбырлығы мен біліксіздігін, жауапты орындардағы адамдардың менмендігі мен қисынсыз бұйрық-жарлыққа омалған шарасыздығын көрсетеді. Рас, аштық өртін сөндіреміз деп шынайы күресіп жүргендердің ісі мен тағдыры да аңғарылады. Бірақ бұл әрекет тағдырдың тәлкегіндей, шапанының етегін өртке шарпытып, оны шешпей сөндірмек болған жанның әуре ісіндей көрінеді. Дей тұрғанмен, бәрінің ішінде елдің, ұлттың, этностардың, жеке адамдардың алуан-алуан тағдыры тұр. Мысалы, аштықтың себеп-салдарын байыптауда Өлкелік партия комитеті мен Орталық атқару комитеті қайраткерлерінің текетіресін Ф.Голощекиннің біржақты түсіндіруін нақты құжаттан көріп, Николай патша отбасын түп-тұқиянымен қыруға қатысқан кәрі большевиктің ештеңеден тайынбағанын аңғарасыз.
1929-1931 жылдары елдің әр тұсында бұрқ еткен көтерілістердің шындығы да аштық тауқыметімен байланысты екені құжаттардан мәлім болады. Большевиктік таптық саясат ешбір этносты аямай зар еңіреткені дәлелденеді. Ірі байларды аяусыз жер аударып, тентіреткеннен кейін, 7-11 жылқысы бар қазақ та, 7-11 омарта жәшігі бар орыс та «ауқаттылар» қатарында тәркіленген. Осы ретте Куряков деген азаматтың «Свобода» атты памфлеті – аштықты қолдан жасағандарға берілген нақты баға.
Ал мал-мүлкі тұтас тартып алынып, солтүстіктен батысқа, оңтүстіктен шығысқа жер аударылған қазақтың еті тірі азаматтарының, отбасы-әулетінің көңіл күйі, жан жарасы туралы құжаттар көркем туынды жазуға немесе фильм шығаруға лайықты-ақ. Осы аяда 3 томдық ішінде жүрген ұлтты ағартқан әйгілі Мамания мектебін құрғандардың ұрпағы Ыбрайым Мамановтың, атақты әл-Әзхарда оқып, Құран-Кәрімді, басқа да діни құндылықтарды аударған ғұлама Ахмет Әділбайұлының, сәулетті ата-баба дәстүрін ұстанған шығармашыл тұлға Тұрағұл Абайұлының хаты зиялы қауымды бейжай қалдырмауы тиіс.
Үш томдық жинақтың білім мен мәдениет саласына берері көп.
Біріншіден, бұйырса, бұл еңбек «Тарих» мамандығы білім бағдарламаларының олжасына айналып, оқу үдерісіндегі әдебиеттер тізіміне енеді.
Екіншіден, біз ел тарихының ауыр кезеңдерін заманауи көркем форматта (теле өнімдер, сахналық шығармалар т.б.) халыққа жеткізе білуіміз қажет. Жинақ соған дерек көзі бола алады.
Үшіншіден, аштық бұрынғы КСРО аумағының біраз бөлігін қамтыды. Сондықтан таяу және алыс шетел ғалымдарын, ғылыми орталықтарын бірлескен жобаларға тартуға мүмкіндік бар.
Төртіншіден, Қазақстанда кешіктірмей «Аштық құрбандарын зерттеу орталығын» ашқан жөн. Бұл деректерді жүйелеу, зерттеу жобаларын үйлестіру үшін қажет.
Бір ауыз сөз Еуразия университетінің ғылыми ізденістері туралы. Ректор, тарихшы-ғалым Е.Сыдықовтың жетекшілігімен бұл бағытта кешенді жұмыстар басталып та кетті. Таяуда ғылыми қауымға екі томдық жинақ ұсынылды. Сондай-ақ өткен аптада Ерлан Бәтташұлы бастаған университет ғалымдары Украинаға іссапармен барып, Киевтегі Голодомор музейінің, ғылыми орталығының тәжірибесімен танысып, ынтымақтастық меморандумына қол қойып қайтты. Алда ғылыми әдістемелік, әдіснамалық жұмыстарды жүйелеу жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенеміз.
Парламент Сенаты әзірлеген 3 томдықты құрастырушылар ішінде (жауапты редакторы Б.Әбдіғалиұлы) Еуразия университетінің А.Жанбосынова, Е.Сайлаубай т.б. білікті тарихшылардың болғанын айта кеткен жөн.
Тарихи әр зерттеудің, жинақтың қоғамға берер тікелей тағылымы болады. Мысалы, осы жинақта большевиктік-кеңестік «Қосшы» ұйымының атауы жиі айтылады. Сол ұйымның мүшелері бай-ауқаттыларды тізімдеуде, тәркілеуде шолақ белсенділік танытқан. Біз мұны неге айтып отырмыз? Елордаға таяу қазір Ақмола облысы құрамында қала мәртебесін алуға үмітті «Қосшы» елді мекенінің атауы – сол большевиктік дәуірден қалған ащы жұрнақ. Былайша айтқанда, тарихи анахронизм. Біздіңше, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласы түбіндегі осы топоним елшіл-мемлекетшіл жаңа атау алуға толық құқы бар. Міне, «Ашаршылық. Голод: 1928-1934» жинағының бүгінге берер қарапайым бір тәлімі – осы өреде.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҰҒА академигі