Бала – болашағымыз. Еліміздің келешектегі келбеті бүгінгі ұрпаққа қандай деңгейде көңіл бөлгенімізге, оларға қалай тәрбие, білім бергенімізге байланысты. Сондықтан барлық игілік балаларымызға бағытталуы керек. Сонда ғана ұрпағымызбен мақтанатын ұлт боламыз.
Қазақта «Жас өспей ме, көкейіңді теспей ме?» деген нақыл бар. Бүгінгі бала – ертеңгі үлкен азамат дегені ғой. Олай болса, еліміздің келешегіне, жеріміздің болашақтағы иесіне лайықты қамқорлық көрсету, саналы білім, тәлімді тәрбие беру, ұлттық құндылықтарымыздың жауһарларын бойларына сіңіріп өсіру – мемлекеттік маңызды стратегиялық міндеттердің бірегейі ретінде қарастырылғаны абзал. Құдайға шүкір, 2020 жылдың басындағы есеп бойынша елімізде 0-17 жас аралығындағы балалар саны 6 миллионнан асқан. Бұл – ел халқының үштен бірі. Міне, осы балаларымыз қауіпсіз және таза ортада өмір сүруге, әрқайсысы қоғамда тең мүмкіндіктерге ие болуға, зорлық-зомбылық атаулыны білмей, көрмей өсуге хақысы бар. Балаларымыздың осынау құқығын қорғауда мемлекеттің міндеті мен жауапкершілігі өте ауқымды.
Мемлекет бірінші кезекте бүгінгі жас буынды әлеуметтік-рухани қолдау, құқықтық тұрғыда қорғау және басқа да мәселелер бойынша қамқорлық көрсету бағытын заңнамалық тұрғыда реттеп отыр. Сонымен қатар осы буынды уақыт талабына сай тәрбиелеу, білім беру, әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында түрлі бағдарламалар, жол карталарын қабылдап, олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үстінде. Бұл бағдарламаларда бiлiм беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қамтамасыз ету саласында балалар құқықтарын қорғау мәселелері жүйеленген. Балалар мүддесi үшін отбасы мен балаларды қорғау бойынша мемлекеттiк саясатты іске асыру үшін ел бюджеті мырзалық танытып келе жатқанын да атап көрсеткен орынды.
Осы тұста Президенттің 2020-2025 жылдарға арналған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекске қол қойғанын, Үкіметке ұлттық деңгейде балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін қадағалау үшін ұлттық мониторингтік тетік ретінде балалардың әл-ауқат индексін әзірлеу және енгізу жөнінде тапсырма бергенін айта кетейік.
Елімізде Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде мерекеленеді. Бұл мерекенің қоғамымыздағы орны ерекше. Бұл да өз кезегінде қазақстандық қоғамның балалар мүддесін бәрінен жоғары қоятынын көрсетсе керек. Ел Президенті адами капиталды арттыруға басымдық беріп келеді. Осы орайда бүгінгі балалар – болашақтың капиталы екенін, балаға білім беруге жұмсалған күш-жігер, төгілген тер ертең алдымыздан жақсылық, игілік болып оралатынын ұмытпағанымыз жөн. Бұл міндет бізден балаларымызға уақыт талабына, замана ағымына сай тәрбие-білім беруде сергек болуды талап етеді. Сол үшін де келешектің келбетін бағамдап, соған сәйкес білім беруге тырысып бағуымыз қажет-ақ. Бұл қажеттілік балаларымызға IT білім беру, заманауи қаржы саласында сауатты болуға үйрету, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту және т.б. бағыттарда жүйелі жұмыстар жүргізудің маңыздылығын көрсетеді. Осылардың үдесінен шығу – білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырған Қазақстан үшін қиын шару емес.
Пандемиядан туындаған қиындықтар балалар мен олардың отбасыларының жағдайына қатты әсер етті. Карантиндік шектеу шараларын енгізу медициналық қызметтерге қолжетімділікті айтарлықтай шектеді, оқушылардың сауатының төмендеуіне әкелді, балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жағдайларының аздап болса да көбейгені байқалды. Алдағы уақытта аталған жағымсыз жағдаяттар жойылады деп үміттенеміз. Тағы бір айта кетер жайт, бүгінгі ұрпаққа тәрбие, білім беру ісінде кемшіліктеріміз жоқ емес. Олардың қандай кемшіліктер екені өзімізге мәлім... Бір өкініштісі, соларды түзеуде шабандық танытып жүрген жайымыз бар.
Атам қазақ перзентіне тәрбие, білім беруді ішіндіру-киіндіру міндетінен жоғары қойған. Ал қазір біз балаларымыздың алдындағы ата-аналық міндетімізді жартылай орындайтын болып бара жатқандаймыз. Нақтылай айтқанда, баламыздың қарнын тоқ, көйлегін көк етсек, ата-аналық міндетімізді толық өтедік деп ойлайтын деңгейге төмендеп кеттік. Бәлкім, бүгінгі бала тәрбиесіне қатысты кемшілігіміздің басты себебі перзенттерімізді бағып-күту міндетін толық дұрыс түсіне алмай жүргенімізден шығар.
Қорыта айтқанда, балаларымыздың бақытты болғаны – еліміздегі тұрақтылық пен берекелі өмірдің негізгі өлшемі. Ұрпағымызбен мақтанатын ұлт болайық, ағайын!